Жаңалықтар

Дінді қаруға айналдырып алдық – Бекжан Тұрыс

Дінді қаруға айналдырып алдық – Бекжан Тұрыс
Фото: Видеодан кадр 16.08.2023 10:29 1369

Қазақтың танымал актері Бекжан Тұрыс бұл туралы ойын Abay Live YouTube-арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тілші уағыз айтатын имамдар көбейіп, сондай дін өкілдеріне жастар фанаттық деңгейде қарайтыны қаншалықты дұрыс екенін сұрады.

«Дін, ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» дейді қазақ. Бірақ біз қазір сол қасиетті қаруға айналдырып алған сияқтымыз. Болмаса дін деген тарихың, мәдениетің, әдебиетің.

Сенің нені меңзеп отырғаныңды түсіндім, дінге фанатизммен қарайтын жастардың көптігін айтып отырсың ғой. Бірақ өзінің дәстүрін де, әдебін де жоғалтпаған ұрпақ көп, - деді ол.

Тілші актерден дінді ұстанатынын барынша көрсеткісі келетіндер жайлы да пікірін сұрайды. Бекжан Тұрыс бұл әркімнің өзіне байланысты екенін алға тартты. Дегенмен жастарымыздың қандай бағытта кетіп бара жатқанын тексеріп жатқан ешкімнің жоқтығын да қосты.

Қазір көп адам дінде жүр, бірақ олардың қай бағытта жүргенін аса аңғара бермейміз. Олардың намазы қандай?.. Балаларымыз мешітке барды деп қуанымыз, алайда олардың оқып жатқан намазы қандай?..

Қазақ боп туған адам, қазақтықты сақтап қалған адам басқа бағытта кетпейді деп ойлаймын. Ерінбейтіннің бәрі дінмен алысатын болып кетті ғой. Түсінгенге намаз адамның өзі үшін қажет. Оны жар салып, айғайлаудың қажеті жоқ. Бастысы, соның бәрі шынайы болса екен дейсің. Дін деген өте нәзік нәрсе, - деді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға