Жаңалықтар

Димаш – жаралы жүрек емшісі

Украина мемлекетінің тұрғыны Евгенияның Димаш Құдайбергеновтың орындауындағы «Қарағым-ай» әнінен алған әсері
Димаш – жаралы жүрек емшісі
15.10.2018 18:01 10444

Құлақтан кіріп, бойды алар

Жақсы ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең, менше сүй... – деп хәкім Абай ән мен күйдің жақсысының адамға қалай әсер ететіндігін дәл суреттеп кеткен. Расында да кей әндерді тыңдаған кезіңізде жабырқаған жаныңыз байыз тауып, өзге әлемге еніп кетесіз. Мейлі, ол әннің бейнебаяны жоқ делік. Сіздің көз алдыңызға түрлі суреттер мен естеліктерді әкелген ән – жүрек қылын дәл шерткені.  Жас толы жанарыңызды жұмып алып, әлгі әлемнен кейін қайтқыңыз келмейтін кездерді басыңыздан өткерген шығарсыз.  Әнді тыңдап отырып, қазір осы ғажайып сәттің үзілетінін сезіп отырудың да өз азабы бар. Дегенмен, қазіргі заманда  бір әнді бірнеше мәрте қайта тыңдау еш қиындық туғызбайды. Бірақ...сіз ол әлемге жатсыз... Сіздің  өтірік пен азғындыққа, қулық пен сұмдыққа, зорлығы мен зомбылығы қатар жүретін, жылт еткен жақсылық сәулесін көріп қалсаңыз мәз болатын өз әлеміңізге ерте ме кешпе қайтарыңыз анық...

Қазақ ән өнерінде өзіндік қолтаңба қалдырған композиторлар мен әншілер жеткілікті. Тек, аузынан дыбыс шығара алатындар әнші атанған мына заманда нағыз әншіні қайдан табамыз?

Димаш Құдайберген... Бұл әншіні қазір арамызда білмейтін жан кем де кем. Небары екі жыл бұрын ол жақын-жуықтары мен өнерді түсінетін  аздаған топ арасында ғана мойындалған әнші еді. Біз бүгін Димаштың бұл биікке қалай шыққаны жайлы айтайын деп отырған жоқпыз. Ол жайлы біз айтпасақ та сіздің хабарыңыз бар. Тілімізге тиек еткелі отырған жайт басқа. Бұл Димаштың орындауындағы әндердің қарапайым адамдарға қалай әсер еткендігі. Шегі мен шекарасы жоқ интернет әлемін шарлап жүріп «Қарағым-ай» - Моя история» деген шағын естелікке тап болдым. Өз оқиғасын  Украина елінің  тұрғыны интернетке жуырда ғана, яғни, 2018 жылдың 5 қазанында жариялапты. Мен үшін бұл кісінің шын аты-жөні белгісіз. Белгілісі әйел адам екендігі және есімін Евгения Maestro деп көрсеткендігі. Димаштың орындауындағы әнге өз суреттері мен әншінің суретерін араластырып құрастырған видеороликтен түсінгенім күйеуі өнер адамы болған секілді. Димаштың орындауындағы «Қарағым-ай» әнінің  өзге ұлт өкіліне, оның ішінде басқа мемлекет тұрғынына қалай әсер еткендігін сіздерге жеткізгім келіп отыр. Ендігі сөз Евгенияның аузымен айтылсын...

«Тамаша әнді тыңдаған кезде адамның көз алдына өз оқиғасы көлбеңдеп, адамға «өз тарихын» суреттеп береді» дегенді әлдебір жерден оқып едім. Солай екеніне көзім жетті.

Бүгін мен сіздерге өз «Қарағым-айымды», өз тарихымды жырлап бермекпін...

Қарағым-ай… Фортепианоның сүйемелдеуіндегі жеңіл де әдемі кіріспе мені өз құшағына бірден алып, әлдебір әлемге сүңгітіп жіберді. Менің көз алдымнан ұшы-қиыры жоқ қазақтың маң даласы, асқаралы таулар, мөлдір көлдер өтіп жатты...

Бұның барлығы кіріспе әуен кезіндегі сезімдерім. Әншінің саф дауысын естіген бетте  денем түршігіп, қаттым да қалдым... Осыншама әдемі, тап-таза, саф дауыс болады екен-ау. Кенет мен жүрегімде нәзік қыл бар екенін сезіндім. Әлгі қыл музыкалық аспаптың шегі секілді әнші дауысына ілесіп ойнай бастады. Дауыс менің өне бойыма еніп, ең ауыр жараларымды дөп басып жатты. Жараларым қанша ауыр болса да тыңдай бердім... Бұл ДАУЫС ИЕСІ менің қайғымды, жан сырымды қайдан біледі? Мен тіпті, бұл тілдің бір ауыз сөзін де түсінбеймін ғой. Неліктен мен осынау ғажап әннің тарихын білетін секілдімін?  

Ал, әуен болса толассыз құйылуда. Ал, дауыс...дауыс болса маған меңдеп енуін тоқтатар емес. Әлдебір сезімдер кеуде тұсымда оянып, жеңіл ауырсыну мен жан рахатын қатар сездіруде... Осыншама естелік кеудеме қалай сыйған, бұлар қай жақтан ағылып келуде...

Жоқ, бұл ән жазық немесе таулы дала жайлы емес! Бұл ән мен жайлы! Менің өмірім жайлы ән! Басқаша болуы мүмкін емес!

Ән құшағына еніп кеткенім соншалықты әннің үзілмеуін, тоқтамай ойнай беруін қалаймын...

Осынау нәзік мұңға берілген қалпымда, мен жанымның әннің биіктейтін жерінде биікке өршелене қанат қағып, төмендейтін жерінде төмен ұшқанын сезіндім. Осыншама нәзік қайғы, тәтті мұң болады екен-ау...Қанша мұңды, қанша қайғылы болса да бұл жүрекке, менің жүрегіме жақын дүние...

Жүрек қылы шынымен де бар екен.  Бірақ, ол неліктен осыншама қорғансыз? 

Кенет,  осынау таңғажайып дауыс мені жас балаша қолымнан жетелеп, биіктерге самғай жөнелді. Иә, иә... Мен дауыстың жетегіне еріп, ақ бұлттардан ары асып кеттім. Дауыс мені ол жақта да тербетуін қояр емес...

Мен жердің үстінде емес, өз өмірімнің үстінде қалықтаудамын... Бір сәтке ән өз-өзінен жоқ болып кетіп, мені өз естеліктерімнің ортасына қалдырып кеткендей күй кештім...

Жаңа туған сәбидей пәк жүзді, періште қалыпты осынау жас әнші менің жай-күйімді қайдан біледі?  Бұл қалай болғаны?

Қарағым-ай...

Осынау жас баланың өн бойында менің бар қайғым қайдан жүр? Мен расымен де қазақ тілін білмеймін және түсінбеймін. Тек, білгенім мынау. Бұл әншінің дауысынан мен қайғы мен ауырсынуды сезгендеймін. Бұл бала ән салып тұрған жоқ.  Ол маған  біздің оқиғаны айтуда...

Ол маған не айтып жатыр? Бұл дауыс маған енді менің қыздарымның әке алақанын сезінбейтіндігін, әлдеқандай күн туса, асқар тауларының жоқтығын айтуда. Бұл дауыс маған біздің қыздарымыздың әкесінің күлкісін енді естімейтіндігін, қыздарының неке қияр сәтіндегі әдемі ақ көйлектерін енді қайта көрмейтіндігін айтуда...Сондай-ақ,  әкелерінің  жиенін емірене иіскеген сәтіндегі көздеріндегі қуанышты қыздарымның көрмейтіндігін айтуда...

Бұл дауыс менің жүрегімдегі қайғының қаншалықты ауыр екенін, жанымның шаршаңқы екенін айтуда...

Тәтті мұң маған  сенің орындауыңдағы «Қарағым-айды» жастыққа жасымды шылап жатып тыңдаған кезімде байқатпай келеді.  Сол тәтті мұңды сезіну үшін мен бұл әнді қайта-қайта тыңдай беремін, тыңдай беремін... Тек, бұл әннің мәңгі ойнамайтындығы ғана өкінішті...

Бұл ән менің жүрегімді ауыртып қана қойған жоқ. Бұл ән – менің жүрегімдегі жан жарасын емдеді. Жүрегімдегі  құлағы қатты бұралып тұрған нәзік шекті босатқан  да осы ән.

Рахмет, саған жас жігіт! Сен әрине, менің бұл өмірде бар екенімді білмейсің. Бар екенімді білмеген соң менің қайғымнан да хабарың жоқ. Бірақ, сен не айтып тұрғаныңды жан-тәніңмен сезіне аласың. Сен бір әніңмен-ақ,  әр адам не естігісі келсе соны орындап беретін керемет талант иесісің. Сен тіпті, біздің жүрегімзе осындай алай-түлей сезімдер әкелгеніңді де сезбейтін шығарсың... Біздің жан жарамыз сенің дауысыңдағы бальзам арқылы   емделуде және тазаруда! Иә, иә...біреулердің жаны зұлымдықтан, жамандықтан, ал біреулердің жаны қайғыдан тазаруда... Меніңше көбіміздің жанымыз қайғыдан тазаруды қажетсінеді... Осындай сәтте сен пайда болдың да барлығымыздың жанымызды емдей бастадың...

Қарағым-ай… Бұл ән бәлкім мүлде басқа оқиға жайлы шығар... Мен бұл әннің тарихы жайлы оқыдым. Бірақ, әннің әр сөзінің толық аудармасын оқыдым деп айта алмаймын. Алғаш алған әсерімді жойып алғым келмейді. Мен үшін сенің дауысың маған өз тарихымды, өткен күндерімді жырлауда. Сен маған үміт сыйладың...

Сенде жоғарыдан берілген тылсым күш бар. Сенің әніңнің соңғы сөзімен бірге адам жүрегіндегі бар қайғы тазарып, ұшып кететіндей... Мен енді өзімді осы Дауыс секілді тап-таза сезінудемін... Өзімді бір сәтке болса да сен секілді жарқын сезінудемін. Маған не болғанын білмеймін. Бір анығы, маған қазір бұрынғыдан жақсы және өмірге деген құштарлығым оянды.  Мен енді жыламаймын. Өзіме осылай уәде беремін...

Мінекей, Димаш Құдайбергеннің орындауындағы «Қарағым-ай» әні тыңдармандарға осылай әсер етуде. «Бір жүректің бақытын ұғу үшін, мың жүректің қайғысын тыңдау керек» деген бар емес пе? Бір ән арқылы мың жүрекке дауа болған дауыс иесі Димашымызға шығармашылық табыстан басқа тілеріміз жоқ.

Енді, осынау тамаша әннің тарихына аз-кем тоқтала кетсек. Бұл әннің алғашқы орындаушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген  қайраткері, әнші Нұрлан Өнербаев. Нұрлан ағамыздың орындауынан кейін бұл биікті ешкім бағындыра алмастай көрінетін. Нұрекеңнің орындауындағы «Қарағым-ай» сол баяғы биігінде қала беретіні анық.  Нұрлан Өнербаевтан соң бұл әнді Ақылбек Жеменей де шырқаған болатын.

Ән әуенін сазгер, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Кеңес Дүйсекеев, ал мәтінін халық ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген  қайраткері,  Шөмішбай Сариев жазған.

Кеңес ағамыз көп балалаы отбасында тәрбиеленген. Кілең ұл бала арасында өскен Күлшат атты әпкесі мұғалім болмақ ниетпен педогогикалық оқу орнына түскен. Алайда, небары он тоғыз жасында бұл дүниемен қош айтысқан. Кеңес ағамыз әкесінен бес жасында айрылған. Кейін, ер жетіп, етек-жеңін жинаған тұста «Егер, әкем мен әпкем тірі болғанда, әпкем теңін тауып, біздің шаңырақпен қош айтысар сәтте әкем оған ақ батасын беріп, осылай жырлар еді» деп әпкесі мен әкесінің құрметіне осы әнді шығарған.  Әуелі әуені туған тамаша әннің сөзі кейін жазылған екен.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға