Димаш Құдайбергеннің жаңа жобасы Қазақстанның 6 өңірінде түсірілді
Димаш Құдайбергеннің «Voice Beyond Horizon» («Көкжиек үні») халықаралық жобасының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды el.kz интернет порталы.
Телевизиялық музыкалық шоу келер жылы Қытайдың «Hunan Tv» арнасы мен «Qazaqstan» арнасынан көрсетіледі. Бұл – екі елдің ірі медиаларының арасындағы ынтымақтастықтың жаңа деңгейі. Жоба тек мәдени емес, еліміздің туристік әлеуетін танытуды мақсат етеді.
ҚР Президентінің кеңесшісі Әсел Жанасова жобаның маңызын атап өтіп:
Бұл жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың жаңа парағын ашады және туризм саласы үшін ерекше мәнге ие. Елімізді халықаралық деңгейде дәріптеу жолындағы еңбегі үшін Димаш Құдайбергенге алғыс айтамын, – деді.
Жоба түсірілімдері Түркістан, Маңғыстау, Алматы және Ақмола облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларында өтті. Бағдарламаға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербиядан өнерпаздар қатысты.
Осы жоба аясында көптеген құнды дүниелер мәдениет және туризмді дамыту тұрғысынан атқарылды деп ойлаймын. Байқауда қатысушылардың вокалдық мүмкіндіктеріне ғана ден қойылмай, еліміздің көрнекті жерлерін көрсеттік. Туризм дамыса, экономикамызға үлкен септігін тигізеді деген ниет, - деді Димаш Кұдайберген.
Орындаушылар пойызбен Қазақстанды аралап, туристік орындармен танысқан. Түсірілімдер Karavansaray кешенінде, Каспий теңізі жағалауында, Бозжыра шатқалында, Көбейтұз және Қайыңды көлдерінде, Саты ауылында, Қапшағай су қоймасында және Щучинск-Бурабай курорттық аймағында жүргізілген.
«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы Қытай туристерінің Қазақстанға қызығушылығы айтарлықтай артқанын мәлімдеді:
ҚХР-дың ірі іздеу жүйесі Baidu деректеріне сәйкес, 2025 жылғы қыркүйекте Қазақстан туралы іздеу саны тәулігіне орта есеппен 420–430 мыңға жетті. Бұл еліміздің туристік әлеуеті Қытайдың тек шекара маңындағы емес, экономикалық тұрғыдан дамыған аймақтарында да қызығушылық тудыратынын көрсетеді, – деді ол.
Сонымен қатар ол жобаның туризмді дамытуға қосатын үлесі жайлы айтты:
Біз түсірілім жүргізілген негізгі орындар бойынша арнайы туристік маршрут әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен алты өңірдің әкімдіктеріне және Қазақстанның сұлулығын әлемге танытқан Hunan Broadcasting System компаниясына алғыс білдіреміз, – деп атап өтті.
Халықаралық жоба Hunan TV арнасында, Mango TV платформасында және «Қазақстан» ұлттық арнасында көрсетіліп, 210 миллионнан астам көрерменге ұсынылады.

