Димаш Құдайбергеннің анасы ұлының марапатына қатысты пікір білдірді
Күні кеше ғана әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Қырғыз Республикасының Халық әртісі атанды. Құрметті атақ оған Чолпон-Ата қаласында өткен «Мейкин Азия» IV халықаралық музыка фестивалінің қорытындысы бойынша берілді. Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың Жарлығымен марапатты мемлекеттік хатшы Марат Иманқұлов табыстады. Бұл – қос ел арасындағы достықты нығайту жолында мәдени байланыстар орнатқан Димаштың шығармашылығына берілген жоғары баға болды.
Осы қуанышты жаңалыққа орай El.kz интернет порталының тілшісі Димаш Құдайбергеннің анасы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Светлана Айтбаеваға құттықтап хабарласты.
Ол ұлының марапаты отбасы үшін үлкен қуаныш екенін айтты.
Әрине, бұл – біздің отбасымыз үшін өте үлкен қуаныш. Димаштың өзі де риза болып, қуанып жатыр. Ол 2023 жылы, 29 жасында Қазақстан Республикасының Халық әртісі атанған еді. Сол жылы елімізде «Халық әртісі» атағы қайта оралып, алғашқылардың бірі болып ұлыма бұйырғаны біз үшін үлкен мәртебе болды. Мемлекет тарапынан оның еңбегі бағаланып, осындай құрмет көрсетілгеніне шексіз риза болдық. Енді, міне, екі жыл өтті. Қазір Димаш 31 жаста. Осы кезеңде Қырғызстан Республикасының Халық әртісі атағын алып отыр. Бұл – өте үлкен құрмет, шынайы бауырластық ниеттен туған сый, – дейді анасы.
Светлана Айтбаеваның айтуынша, Димаш Құдайберген 2013 жылы дәл осы «Мейкин Азия» фестивалінің алғашқы маусымында Гран-при иегері атанған еді. Араға 12 жыл салып сол елдің Халық әртісі атанып отыр. Ол бұл марапатты жалпы қазақ елінің жеңісі деп есептейді.
Бұл – Димаштың емес, барша Қазақстанның марапаты деп білемін. Қазақтың ән өнеріне көрсетілген бауырлас халықтың құрметі біз үшін ерекше маңызды. Бұл – Димаштың ғана емес, халқымыздың рухын танытқан, өнерге берілген әділ баға, – деді ол.
Марапаттаудан кейін Димаш қуанышын бірден ата-анасымен бөліскен.
Димаш марапат алғанда, өкінішке қарай, жанында бола алмадым. Бұл жолы әкесі Қанат пен інісі Әбілмансұр қолдап, бірге барды. Әрине, әр бала жетістігін ең бірінші ата-анасына айтып, қуанышын бөліседі ғой. Сол секілді Димаш та бірден хабарласты. Қырғыз еліне шексіз алғысын жеткізді. Біз, ата-анасы ретінде, оның әрбір жетістігіне шүкіршілік етіп, қуанышына ортақтасып отырамыз, – дейді Светлана Айтбаева.
Ол сондай-ақ Қырғызстан халқына ерекше алғысын жеткізді.
Қырғызстан – біз үшін бауырлас ел. Тілі бір, ділі ортақ, рухани жақындығы терең мемлекет. Бұл елдің Димашқа осындай жоғары атақ беруі – біздің отбасымыз үшін үлкен мәртебе. Қырғыз халқына, мемлекет басшысы Садыр Жапаров мырзаға, қашан да мәдениет пен өнердің, руханияттың жанашыры болып жүретін Сұлтан Раев ағамызға, «Мейкин Азия» байқауының ұйымдастыру тобына, барша тілектес болған ағайынға зор құрметімді білдіремін! – деді ол.
Айта кетейік, 23 шілдеде Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында «Мейкин Азия» IV халықаралық музыка фестивалінің жабылған күнінің ертеңіне Димаш Құдайберген баспасөз конференциясын өткізіп, журналистердің сауалдарына жауап берді. Кездесуде Қырғыз Республикасының халық әртісі атағы, академиялық музыкалық білімнің маңыздылығы және әлеуметтік желілердегі сынға қатысты көзқарасы секілді тақырыптар қозғалды.
Алғашқы сұрақтардың бірі – әнші үшін Қырғыз Республикасының халық әртісі атағы нені білдіретіні жайында болды.
Сауалыңыз үшін көп рахмет. Осы сәтті пайдалана отырып, Президент Садыр Жапаров мырзаға шын жүректен алғыс айтқым келеді. Халық арасында: «Әр істің қайыры бар» деген сөз бар (қазақтың мақалы). Кеше маған табысталған марапатты мен Қырғыз халқының Қазақ халқына деген бауырластық құрметінің белгісі ретінде қабылдадым. Сондықтан бұл марапатты тек маған беріп отыр деп айта алмаймын. Баршаңызға қонақжайлылықтарыңыз бен ілтипаттарыңыз үшін, өнерімізге, халқымыздың мәдениетіне деген зор және шынайы сүйіспеншіліктеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтқым келеді, - деді Димаш Құдайберген.
Әншінің бұл сөздері екі ел арасындағы достық пен мәдени ықпалдастықтың тағы бір жарқын көрінісіне айналды. Конференция барысында басқа да маңызды тақырыптар қозғалды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Вьетнамда Димаш Құдайбергенге арналған хабар шығатыны жайлы жазған едік.

