Димаш Құдайбергенге «Орман сақшысы» сертификаты берілді
Димаш Құдайбергеннің Латын Америкасында тұратын жанкүйерлері Аргентинада ормандарды қалпына келтіру бойынша жобаны аяқтады. Патагония өңірінде 1 мың ағаш отырғызу акциясына әлемнің түкпір-түкпірінен фанаттар атсалысты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі dimashnews.com сайтына сілтеме жасап.
Биылғы мамыр айында Dimash Latin Dears фан-клубы Аргентинаның Патагония өңіріндегі ормандарды қалпына келтіру үшін қаражат жинауды ұйымдастырған болатын. Бастапқыда қазақстандық әртістің жанкүйерлері 382 ағаш отырғызды. Алайда кейін екінші науқанды бастап, мақсатты 1 мың ағашқа дейін ұлғайтты.
Осылайша, Патагония аймағында 2000 жылға дейін өмір сүре алатын өте әдемі әрі үлкен қылқан жапырақты Чили араукариясының 1 мың көшеті отырғызылды.
Акция сәтті аяқталған соң Димаш Құдайбергеннің есіміне жазылған «Орман сақшысы» сертификаты берілді.