Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген АҚШ-тың Ұлттық дыбыс жазу академиясы құрған халықаралық Grammy Global Spin жобасы аясында Fire атты жаңа әнін таныстырды. Эксклюзивті live-нұсқаның премьерасы Grammy-дің ресми платформаларында өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Astana Arena сахнасында Димаш өз композициясын әсерлі шоу форматында орындады. Күшті вокал, пиротехникалық элементтер және дабыл қаққан мотоциклдің сахнаға шығуы әннің динамикасын айқындайтын ерекше атмосфера қалыптастырды. Жобаға қатысу арқылы ол Қазақстанды тағы да әлемдік музыка аренасында танытты.
Global Spin жобасы 2021 жылы іске қосылған. Ол әртүрлі елдің орындаушыларын біріктіріп, олардың мәдениеті мен музыкалық ерекшеліктерін жаһандық аудиторияға таныстыруды мақсат етеді. Жобаға K-pop жұлдыздары, афробит орындаушылары, фолк-артистер және ондаған елдің музыканттары қатысып келеді.
Димаштың бұл өнері әлеуметтік желілерде үлкен резонанс тудырды. Желі қолданушылары видео астында жүздеген оң пікір қалдырған:
«Димаш, сен керемет вокалдық мүмкіндіктеріңмен және әсерлі орындауыңмен бірден баурап алдың. Бұл ән сөзсіз Grammy жүлдесіне лайық», «Біздің сүйікті әртісіміз, нөмірі бірінші жұлдыз! Ғажап өнер», «Димаш Құдайберген – “Грэммиге” де, әлемдегі барлық марапаттарға да лайық! Ол – музыкалық гений, аңыз, заманауи өнердің бірегей өкілі. Оның ғарыни дауысы жер шарындағы миллиондаған тыңдаушыларды біріктіреді. “Fire” – оның авторлық композициясы, қайталанбас туынды. Димаш – біреу-ақ, теңдесі жоқ», - деп жазып жатыр жұрт.
Grammy жобасына қатысу әншінің Нью-Йорктегі триумфалды жетістігінен кейінгі маңызды қадам болды. Қазанда Димаш аты аңызға айналған Madison Square Garden сахнасында Қазақстан мәдениетін таныстырған еді. Grammy.com және Дыбыс жазу академиясымен серіктестік әртістің халықаралық мәртебесін күшейтіп, әлемдік музыкалық кеңістіктегі орнын кеңейтіп отыр.
Әлемдегі ең беделді музыкалық ұйымдардың бірінің мойындауы – жаһандық аудитория алдында туған елін таныстырып жүрген орындаушы үшін зор жетістік.

