Димаш Құдайберген су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесуге шақырды
Танымал әнші Димаш Құдайберген қазақстандықтарды су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмектесуге шақырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Наурыздың соңғы күндері күн күрт жылынып, Ақтөбе облысы аймағында және еліміздің тағы бірқатар өңірлерінде тез еріген қар суы қарқынды түрде сай-саланы толтырып, автокөлік жолдарын шайып, бірнеше елдімекендерді су басыпты. Көптеген отбасылардың баспанасы тұруға жарамсыз болып қалған. Сондай-ақ Ақтөбе аймағында өзендердегі мұз еріп, су қоймаларындағы су деңгейінің көтеріліп, өзендердің арнасынан асу қаупі жоғары екен, - деп жазды әнші.
Өнер иесі мұндайға жол бергендер жауап беретініне сенім білдіріп, бірлігімізді көрсетуге шақырды.
Мұның себеп-салдарын құзырлы мекемелер анықтап, мәселенің түйінін шешу жолдарын іздестіре жатар.
Мемлекет тарапынан үйлерін су шайып кетіп, далада қалған ағайынға толыққанды көмек көрсетілетініне сенім мол. Тап қазіргі сәтте қиналғанға қол ұшын созу ең басты парыз.
«От пен су - тілсіз жау». Қысылтаяң сәтте бауырларымызға қол ұшын созып, бірлігімізді көрсетейік, ағайын! - деді ол.