Жаңалықтар

Әділетті Қазақстанға өту жолындамыз – саясаттанушы

Cаясатқа саясаткер ретінде сахнада ойнай алатын адамдар керек.
Әділетті Қазақстанға өту жолындамыз – саясаттанушы
Фото: khabar.kz 28.09.2022 15:08 1455

Саясаттанушы Индира Рыстина 2022 жыл саяси оқиғалармен басталып, жалпы саясаттанушылар үшін өте кең көлемде реформаларды талқылайтын жылға айналғанын айтты, деп хабарлайды El.kz.


«Егер салыстырып қарайтын болсақ, саясаттанушылардың 2022 жылғы жұмысы мен бұған дейінгі 5 жылдық жұмысы сәйкес келді. Президент екі Жолдау жасады. Соның бірі наурыз айында үлкен саяси реформалардың пакеті айтылды. Түбегейлі өзгерістер орын алды. Соңғы қыркүйектегі Жолдауда конституцияға өзгерістер енгізу бойынша алғаш рет референдум орын алды. Саяси жүйенің либерализациясы басталды деп айтуға болады», - деді.

Сондай-ақ, саясаттанушы саяси реформаларды саяси партияларды құру үшін 40 мыңнан 5 мыңға түсуі үлкен өзгеріс деп санайды. Президентті бір реттік сайлау конституцияларық өзгерістерге ұшырамайтын нормалар қатарына енді. Ендігі кезекте президенттер бір мерзімге ғана сайланады.

«Конституцияда өзгертілмейтін нормалар бар. Сол өзгертуге келмейтін институттар мен нормалардың қатарына президенттің өкілеттілік мерзімі мен жиілігі кіріп отыр. Яғни, сайлау 10 жылдан 7 жылға қысқарды. Сайлау өткізу арзан дүние емес. Біз бұл сайлауды 2024 жылы өткізу керек болғанбыз. Оған кем дегенде үш жыл бұрын бюджетке ақша салынады. Енді 2024 жылы бізде сайлау болмайды. 2024 жылы өткізу керек болған сайлауды биыл өткізіп жатырмыз. Яғни, 2024 жылы қосымша қаражат кетпейді деген сөз. Бір жақсы жері 7 жыл бойы тұрақты түрде өзіміз таңдаған президенттің жұмыс істеуіне мүмкіндік береміз», - дейді.

Сонымен қатар саясаттанушы қоғамдағы саяси реформаларға қатысты пікірлерге жауап берді.

«Біздің саяси реформалар бұл тек қана саяси және экономикалық реформалар емес, сонымен қатар адамдардың көзқарастары мен жүріс-тұрыстары, қарапайым қоғамның ғана емес биліктегі, қызметтегі адамдардың ойлау формасы мен құндылықтарының негізгі көрсеткіштеріне де әсер етті. Ескі Қазақстан, Жаңа Қазақстан деп жатырмыз, негізгі түр сипаты Әділетті Қазақстанға өту жолындамыз. Бұл жолда үлкен өзгерістерді күтіп отырмыз. Мысалы, 90 жылдары ауыр кезеңдер болды. Биліктегі азаматтар да ауысып жатты. Бірақ ерекшелігі, ол кездегі экономикалық жағдай мен идеологияның да қиын сәттері болды. Бүгінгі күні біз осыған ұқсас бір процестерді өткеріп жатырмыз деп ойлаймын. Ескі мен жаңаның ойлау формалы әртүрлі», - дейді саясаттанушы.

Айтуынша, бұрын белгілі бір иеліктерге қол жеткізу үшін белгілі бір азаматтардың қасында жүру керек болса, қазір мемлекеттік қызметте де, жалпы азаматтардың жұмыс істеу формациясы да әділеттілікке ауысуда. Яғни, құзыреттіліктері бар ма, осы жұмысты атқара аласың ба деген сияқты белгілі бір дәрежеге жетуге болады деген құндылықтарды қазір азаматтардың бойына сіңіру қажет. Барлық өзгерістер соған бара жатыр.

Бұдан бөлек, сайлауға кімдер кандитаттар болуы мүмкін деген сұраққа саяссаттанушы былай жауап берді.

«Өзіміздің қазіргі президенттен бөлек, әріқарай кім сайлауға түседі, қандай азаматтар сайлауға қатыса алады деген сауалдар көп. Яғни, жасы 40-тан асқан азаматтар, одан бөлек қазақстанда тұрған және туған деген сияқты үміткерлер сайлауға қатысады. Үміткерлер өзін-өзі ұсына алмайды. Оларды қоғамдық ұйым немесе партия ұсынады. Соңғы кездегі өзекті сұрақтың бірі қазіргі президент ешқандай да партияның өкілі емес. Оны кім ұсынады деген сияқты сауалдар көп. Оны партия немесе қоғамдық ұйым ұсына алады. Бірақ ол жерде міндетті түрде партияның мүшесі болуы керек деген сөз жоқ. Яғни, кез келген партия президентті ұсына алады», - деді.

Жас саясаттанушы саясатқа саясаткер ретінде сахнада ойнай алатын адамдар керек деп есептейді. Бұл Қазақстанның шынайлығы ғана емес, әлемде мойындалған теорияда дәлелденген дейді.

«Саясаткер болатын адамның белгілі бір принциптері қарапайым адамнан өзгеше болады. Президент өз сөзінде сайлаудың әділ өтуіне кепілдік беремін деді. Мұндай жағдай жасалатынына сенеміз және күтеміз», - дейді.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға