Жаңалықтар

Әділбек – енді «Күмісбек» емес!

Әділбек Ниязымбетов қазақ боксы тарихында қалатын мықтылардың бірі. Оның бағын ашқан – Мырзағали Айтжанов.
18.09.2015 09:35 5433

Әділбек Ниязымбетов қазақ боксы тарихында қалатын мықтылардың бірі. Оның бағын ашқан – Мырзағали Айтжанов.

Әділбек – енді «Күмісбек» емес!

2000 жылдан бастап бокспен шұғылданып келеді. Қазір ұлттық құрамада сенім артатын 3 боксшы болса, біреуі – осы Әділбек. Бапкері – Марат Жәкиев. 1989 жылы туған, қазір нағыз бабында тұрған боксшы. Көбіне оң қолы жұмыс істейді. Соққысы мығым. Бірақ, қарсыласын құлатып, ауыр соққы жұмсаған кезі жоқ. Кәсіби боксқа бармауы да мүмкін, себебі ол әуесқой бокста олжалы оғлан.

Әкесі – Сәбит Ниетбаев, анасы – Райхан Тұрғынбаева, Батырбек есімді бауыры, Құмар, Әсем атты қарындастары бар.

2008 жылы 69 келіде, 2009 жылы 75 келі салмақта республика чемпионы болды. Халықаралық дәрежеде 2007 жылы жастар арасында Азия чемпионы атанғаны бар. Уақыт өте 81 келіде шаршы алаңға шықты. Қазір дәл осы салмақта қанша рет ел чемпионы болғанын санамалап беру қиын, бірақ ол халықаралық, мәртебелі жарыстарда үнемі жүлде салып жүр. Аспандап кеткен жоқ, төмендеп көрген жоқ. Мінезі де көрсеткіші сияқты бірқалыпты. Талай рет финалда ұтылды. Мойыған жоқ. Ел оны «Күмісбек» деп еркелетті. Себебі, ол екі рет Әлем чемпионатында, бір рет Олимпиада финалында ұтылды.

Лондон Олимпиадасының финалы

Спортта «Егер сен бірінші болмасаң ешкім емессің» деген сөз бар. Мұндай сөз көбіне спорт туралы фильмдерде әсірелеп, екпіндетіп айтылады. Ал, спортта ол үлкен көрсеткіш. Болат Жұмаділов те талай рет екінші болды, оны ешкім тізімнен шығарған жоқ. Мұхтарханның да жолы сондай. Азияда да, Олимпиада да, Әлем чемпионатында да, тіпті ішкі чемпионатта да екінші болып жүрді. Сонда да Мұхтархан көпшілікке қазақтың үздік боксшысы болып қалды.

Әділбек Ниязымбетовтың жағдайына келсек, 2011 жылы Бакуде өткен Әлем чемпионатында финалға шығып, күтпеген жетістікке қол жеткізді. Күміспен оралса да Әділбектен үлкен үміт күтті. Араға бір жыл салып Лондон Олимпиадасына аттанды. Жартылай финалда украиналық Гвоздикпен шығып, 13-13 есебі тіркелді. Финалға Әділбек шықты. Финалда да дәл солай 15-15 есебі тіркелді. Бірақ, төрешілер жеңісті ресейлік Егор Мехонцевке берді. Осылайша Әділбек 2 жылда Әлемнің және Олимпиаданың күміс жүлдегері атанды.

2013 жылы бокстан Әлем чемпионаты Алматыда өтті. Әділбек алтын алатын мүмкіндік туды. 6 бірдей боксшымыз финалға шығып, қырсық қылғандай Әділбек Ниязымбетов пен Иван Дычкодан басқасы алтын алды. Қазақстанның екі дүркін чемпионы кубалық Ла Крузға есе жіберді.

Ниязымбетов ең әдемі бокстасатын жігіттердің бірі. Мықты боксшыларға да қарсы тұра алады. 2013 жылы Амман қаласында (Иордания) Азия чемпионаты өтті. Финалға 8 бірдей боксшы өтті. Соның жетеуі алтын алып, тек Әділбек Ниязымбетов күміс жүлдегер атанды. Халықтың қойған «Күмісбек» деген ныспысы расқа айналды. Футболда үнемі финалда жолы болмайтын неміс ойыншысы Баллак сияқты Ниязымбетов те қайда барса екінші болды.

Әділбек – енді «Күмісбек» емес!

Бәрін өзгерткен 2014 жыл. Инчхонда (Оңтүстік Корея) Азия ойындары өтті. Қазақстан 28 алтын алып, командалық есепте 4 орын алды. Сол кезде Әділбек алғаш рет алтын медаль иеленді. Араға бір жыл салып Бангкок қаласындағы Азия чемпионатына (2015) аттанды. Финалда Елшод Расуловпен жолығуы тиіс болатын. Бақтияр Артаевты кезінде үш рет жеңген Елшод Расуловты Ниязымбетов екі рет ұтқан болатын. Бұл жолы бәрі оңай шешілді. Елшод Расулов жарақатына байланысты финалдық жекпе-жектен бас тартып, Ниязымбетов өмірінде тұңғыш рет Азия чемпионы атанды. Әділбек Ниязымбетов – енді «Күмісбек» емес. Бұл алтын жүлденің басы деп сенейік, алда Әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындары келе жатыр.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға