Жаңалықтар

Әділ Ғалиахметов: «Бізге жанкүйер болыңыздар!»

Олимпиадада ел намысын қорғайтын шорт-трекшімен сұхбат
Әділ Ғалиахметов: «Бізге жанкүйер болыңыздар!»
04.02.2022 11:40 3855

Бүгін төрт жыл күткен Ақ Олимпиаданың алауы тұтанады. Қазақстан атынан Бейжің-2022-ге 34 спортшы аттанған. Олар көк туымыздың биікте желбіреуіне барын салатын болады. Ел үміт артып отырған спортшылардың бірі 23 жастағы шорт-трекші – Әділ Ғалиахметов. Батыс Қазақстан облысының тумасы 2021 жылдың қазан айында өткен Әлем кубогында 1500 метр қашықтықта 2:18.285 көрсеткішпен күміс медаль еншілеген еді. Айта кету керек, бұл медаль Қазақстан спортшыларының осы дистанциядағы алғашқысы.

Әділ Ғалиахметов: «Бізге жанкүйер болыңыздар!»

Олимпиадаға қызу дайындық алдында Әділмен тілдесудің сәті түсті.

– Әділ, Олимпиадаға дайындық жұмыстары қалай өтіп жатыр?

-– Дайындығымыз жақсы. Жазғы оқу-жаттығу жиындарын, күзде басталған Әлем кубогі кезеңдерінің бірін өткізбей қатыстық. Қытайға ұшып келер алдында үш аптадай жабық карантиндік аймақта отырдық. Дегенмен жаттығуларымызды үзбей, үнемі мұзда болдық. Қазір де дәл солай, екі жаттығу айдыны бар, барлық мүмкіндік жасалған. Бейжіңде жарыс өтетін мұз сарайында да дайындаламыз, үйреніп кеттік. Күніне екі рет жаттығып, зілтемірмен шынығамыз. Барлығы жоспар бойынша өтіп жатыр.

– Дәл қазір шорт-тректе қай елдердің спортшылары фаворит болып есептеледі?

– Бәрі білетіндей, біздің спорт түрінде көш бастап тұрған ел Нидерланды, сонымен қатар Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония секілді Азия мемлекеттері. Бұл елдерде шорт-трек жақсы дамыған. Төрткүл дүниеде бәсекелестік тудырған мықты спортшылар да көбінесе сол жақтан.

Әділ Ғалиахметов: «Бізге жанкүйер болыңыздар!»

– Қысқы спорттардың ішінен шорт-трек сізді несімен қызықтырды?

– Қазақстандағы шорт-тректің негізі туған қалам Оралда қаланды десем қателеспеймін. Алғашында балалық қызығушылықпен және сыныптасымның шақыртуымен қатысып жүрдім. Ол шорт-трекке қатыссам, мұзда тегін сырғанай алатынымды айтқан еді. Содан бері, осы спортты жаныма серік етіп келемін.

– Өзіңіздің спорттық мансабыңыздағы ең ыстық жеңісіңіз қандай?

– Өткен жылы қазан айында мен Бейжіңде өткен әлем Кубогі кезеңінде 1500 метрге жүгіруден күміс жүлде жеңіп алдым. Бұл ел тарихындағы осы дистанцияда алынған тұңғыш жүлде, әрі менің мансабымдағы әлемдік деңгейдегі алғашқы медаль. Сол себепті осы жеңіс өзіме ерекше сезіледі.

Әділ Ғалиахметов: «Бізге жанкүйер болыңыздар!»

– Олимпиада кез келген спортшының арманы, оған қатысудың өзі үлкен мәртебе және асқан жауапкершілікті талап етеді. Жалпы, жарыс алдындағы ішкі толқыныстарды қалай жеңесіз?

– Жаттығу залында барымды салуға тырысамын. Жақындарымның, жанкүйерлерімнің білдірген жылы лебіздеріне құлақ асамын. Және бірінші кезекте Аллаға, өзіме деген сенімімді берік ұстауға тырысамын.

– Өзіңіз үлгі тұтатын спортшыңыз бар ма?

– Үлгі тұтатын спортшым жоқ. Бар күшімді өзімді дамытып, басқаларға үлгі көрсететіндей спортшы болуға саламын.

Әділ Ғалиахметов: «Бізге жанкүйер болыңыздар!»

– Жарыс алдында жасайтын ырымыңыз бар ма?

– Жаттығу, тек қана жаттығу және еңбек. Басқа ешбір ырымның қажеті жоқ.

– Осы Олимпиада Қазақстан үшін қаншалықты сәтті болады деп ойлайсыз?

– Көптеген спортшыларымыз үшін және мен үшін де бұл Олимпиада ойындары тұңғыш болайын деп тұр. Жас атлеттер көп. Әрқайсысы өзін жақсы көрсетіп, еліміздің намысын абыроймен қорғап шығуға барын салады деп сенемін. Бізді қолдап, Қазақстан спортшыларына жанкүйер болыңыздар! Рақмет!

– Сұхбатыңызға рақмет, сәттілік тілеймін!

(Суреттерді ұсынған ҰОК)


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға