Жаңалықтар

Диктор Әнуарбек Байжанбаевтың баласы

Диктор Әнуарбек Байжанбаевтың баласы
Фото: ©El.kz/Дәурен МАҚСҰТХАНҰЛЫ 05.03.2023 12:10 7955

Құрметті El.kz оқырмандары, сіздердің назарларыңызға  ХХ ғасырдағы қазақтың «алтын дауысы» деп танылған  біртуар диктор, Қазақстанның халық әртісі Әнуарбек Байжанбаевтың ұлы,  жарты ғасыр Қазақ радиосында үздіксіз қызмет еткен техник-оператор, радио ардагері Арыс Әнуарбекұлымен болған сұхбатты ұсынамыз.

- «Алматыдан сөйлеп тұрмыз» деп, сөз бастайтын «Қазақтың Левитаны» атанған радио дикторы – сіздің әкеңіз Әнуарбек Байжанбаевтың мерейтойына дайындық қалай? Осы айда туғанына 100 жыл толады екен. Әңгімемізді осыдан бастасақ.

- Әкемнің биылғы мерейтойы Ораза айына қатар келіп қалды да, ол кісінің туған күні осы айдың 26 еді ғой, соған байланысты Астанадағы басшылық өтетін датаны өздері анықтаймыз депті. 

Одан бөлек Алматыдағы Ұлттық кітапханада әкемнің 100 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Оған Қазақ радиосының ардагерлері, журналистер, редакторлары қатысады деп күтілуде. Содан кейін Қазақ радиосында үш студия бар, эфирлік студиялар. Соның біріншісін сол кісінің атына берейін деп жатыр. Сол студияны кеше барып көрдім. Бәрін дайындапты. Әнекеңнің суретін қойыпты, оның алдына микрофон және басқа да заттарын кеше барып қойып келдік. Соны енді Астанадан басшылар келіп көреді де, содан кейін мерейтойды бастайды деп күтіп отырмыз. 

Әкемнің туған халқы үшін жасап кеткені аз емес деп ойлаймын. Әнекеңнің дауысымен оқылған 400-ден астам жазбалар, он мыңдай әдеби-музыкалық туындылар Қазақ Радиосының алтын қорында сақтаулы. Білебілген адамға бұл оңай жұмыс емес.

Ал мен өзім радиода көптеген адамдармен жұмыс істедім. Ілия Жақанов, Құсман Игісінов, Таңат Досбаев сынды ағаларымыздан үйреніп, солармен бірге істескеніме қуаныштымын. 1972 жылы «Тамаша» ойын-сауық отауының ұйымдастырушысы болдым. Бірінші ашқан мен едім. Ол кезде мен үлкен концерттік студияда таспада жұмыс істедім. Сонда өзім таспаға жазатынмын, сосын таспаны «Тамаша» алатын да Республика сарайына алып баратын. Сол жерде өздері репетиция жасап, таспадағы дауыс пен сихнронды түрде сәйкес келуі керек қой, соны өздері жасайтын. Содан Мұрат Ерғалиев марқұм мен Пономарев режиссердің «Азия дауысы» жобасы бар, «Әнші Балапан» бар, осылардың бәрін мен бірінші бастағанмын. Оны бастағанда ол кезде телевидениеде Тынышбай Рахымов деген редактор бар, жаңағы «Тамашаның» Лұқпан Есенов деген режиссері болды солармен бірге істедім. Енді мен телевидениедегілердің бәрін білемін деп айтсам артық айтқандық емес. Бұл кісілермен 50 жыл бірге жұмыс істедім.

- Жарты ғасыр?! 

- Иә, 1971 жылдан 2021 жылға дейін. Нұртілеу Иманғалиұлы, ол ең бірінші Қазақ радиосында «Таңшолпанды» ашқан жігіт қой. Кейіннен «Таңшолпанды» телевидениеге жастар редакциясына өзі алып кетті.

Қазақ телевизиясының 65 жылдығы, мерейтойымыз құтты болсын дегім келеді. Бәрінің денсаулығы мықты болсын. Мынау жаңадан тұрғызылып жатқан ғимараты дұрыс салынып, сол телевидение қайтадан жарқырап жұмыс істеп кетсе екен деп тілеймін!

- Әнуарбек Нығметжанұлының атында дикторлар байқауын ұйымдастыруға қалай қарайсыз?

- Дикторлық байқауын өткізетіндей бізде қазір дикторларды дайындайтын ешқандай факультет те, бөлім де жоқ қой. Ешкім диктор дайындамайды, қазіргі заманда. Қазақ радиосының жалғыз дикторы деп есептеп жүрген Аманжан Еңсебайұлы. Ол әкеміздің шәкірті. Одан басқа ресми дикторымыз жоқ. Бүкіл хабарларды, жарнамаларды оқып жүрген сол кісі. Ол кісінің дауысы бар кезде, денсаулығы мықты кезде бәрін жаза берсін. Ол кісі «Абай жолын» толығымен жазып шықты ғой. Қара сөздерін де нақышына келтіріп жазып шықты.

- Әнуарбек ағаны жастардың есінде қалдыру керек қой. Сондай мақсатта өзіңіз айтқан жаңадан ашылатын студияда дикторларды дайындап, сонда неге жасамасқа?

- Сол студия жөнінде «Шалқар» редакциясының бас редакторы Бақыт Жағыпарұлымен ақылдасқанмын, мына студия ашылған соң дикторлар байқауын жария етейік деп. Сол байқауда балалардың, жастардың дауысын жинап «Шалқар» радиосы арқылы эфирге шығарайық дегенмін. Қазір барлық жобаларды Астанадағы басшылық арқылы жасаймыз. Сол кішкене бізге кедергі келтіреді. Бізде отырғанның барлығы филиалдар. Тек «Шалқар» ғана осында, директоры да, бас редакторы да, журналистері де. Қазақ радиосы Алматыда қалуы керек. Алматыда бәрі бар, сөйлейтін де, сөйлемейтін адамдар да осында ғой (күледі). Солардың тәрбиесін алуға болады ғой.

- Сол тәрбиеден шығады ғой. «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» деген сөз бар, әкенің шапағатын көрдіңіз бе?

- Әрине, әкемнің шапағатын әлі күнге көріп келе жатырмын десем артық айтқандық болмас. Себебі осы күнге дейін үлкен кісілер «алтынның сынығы» деп сыйлап, құрмет көрсетеді. Әсіресе, радиодағы адамдар «жақсыдан қалған тұяқ» деп құрақ ұшып тұрады. Бұл ең әуелі әкемнің аруағын сыйлағандары деп білемін. Екіншіден, өз ісімді адал атқарып, ешкімнің ала жібін аттамағанымның арқасы деп ойлаймын.

Әкем үнемі: «Балаларым, өздерің біліңдер. Дұрыс жүріңдер, ешкімді өкпелетіп, ренжітпеңдер. Үлкенді - үлкен, кішіні - кіші ретінде сыйлаңдар» деп отыратын, жарықтық. Ол кісінің тәрбиесін алумен қатар, етік тігуді, шеге қағып, тіпті ас әзірлеуді де үйрендім.

Әкенің қадірін балалы болғанда түсініп, ол кісіге өмір бойы бас иіп келемін.

Жалпы әкем туралы айтайын дегенім, мен 17 жасқа дейін нағашылардың қолында өстім. Бөрлітөбе ауылы Талдықорған жақтағы. Өз отбасыма 17 жасымнан кейін келіп қосылдым. Ол уақытқа дейін Әнуарбек Байжанбаев менің әкем екенін, Ғайни Орынтаева шешем екенін білмей келдім.

Шындығында ауылдағы нағашы атам осында алып келіп таныстырды. Мектепте оқып жүрген каникул кезінде келемін, бұлар мені киіндіреді де жібереді. Мен білмей аға-тәте деп жүре бергенмін ғой (күледі). Ол кісінің маған деген құрметі, қазір ойлап қарасам, нағашыларымнан дұрыс қазақи тәрбие алсын дегені екен ғой. Әйтпесе мен қазақша білмей, сөйлемей өтуші едім. Бірақ мен әкемді бес жасымнан бастап радиодан тыңдап отырдым.

- Бірақ әкеңіз екенін білген жоқсыз ғой?

- Иә, әкем екенін білмедім. Кейін осы жаққа 17 жасымда келіп, бір күні отырдым да, әке дедім, мен дауысымды байқауға қатыстырып көрейінші дедім. (Негізі мен ауылдағы мектепте жүріп әкемнен үйренген дауысты салып барлық көрмелерге, байқауларға қатысып жаттығып шыққанмын). Содан байқауға қатыстым. Сол кезде тура қазылар алқасының алдына келер кезде менің дауысым жазылған таспаны жоғалтып жіберді. Үш рет байқауға қатыстым, үшеуінде де таспаны жоқ қылып жіберді. Содан аяғында сұрай бастадым ғой, бұл не сұмдық деп. Сол кезде Мәмбет Сержанов деген дикторлардың үлкені болған, сол кісі алған екен. Ол менің бетіме айтты: «Балам, екі Байжанбаев болмайды, Қазақстанда» деп. Көрдіңіз бе? Ол кезде менің дауысым гүрілдегенде керемет болатын. Бірақ білім мен тәжірибе керек болды. Дикторлықтың барлық қыр-сырын, қалай оқу керек екендігін білу керек болды.

- Арыс аға, жаңа елу жыл Қазақ радиосында қызмет істедім деп айттыңыз, сол кезде есте қаларлықтай қызықты оқиғалар болды ма?

- Әрине, қызықты оқиғалар көп болды ғой. Бірақ оның бәрін қазір ұмытып отырмын. Ертеректегі бір оқиға есіме түсіп отыр. Әкем үнемі жалғыз жүретін. Замандастары оның Арыс деген ұлы барын білмейтін. Содан бір күні әкем екеуіміз көшеде келе жатыр едік, қарсы алдымыздан Мұқағали Мақатаев жолыға кетті. Мен ол кезде ол кісіні танымаймын. Мұқаң әкеме қарап: «Әнаға, мына орысың кім?» - деді. Ол кезде менің шашым өсіп кеткен, өзі сары, көзі көктің нақ өзімін. Әкем ыңғайсыздана жымиды да: «Бұл менің балам» деді. Мұқаң сәл таңырқап қалды. Әкем жағдайды түсіндірген соң, Мұқаң: «Әскерге барасың, келесің де Қазақ радиосына жұмысқа тұрасың», - деді. Айтқаны айдай келді.

Айтқпақшы, сол халқымыздың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың да радиоға қызметке тұруына әкемнің септігі тиген...

Содан мен осы Қазақ радиосына келдім. Ең алғашқы дикторымыз Мина Сейітова деген апамыз мені көрді де, «Балам, сен Әнекеңнің баласысың ғой? Дауысың да бар екен. Ақыры байқаудан өтпей қалған екенсің, жүр, мен сені техника бөліміне апарайын» деді. Солай мен техникалық бөлімге барып, радиодағы ең үлкен концерттік студияның операторы болып жұмысты бастап кеттім. Онда күйшілердің күй таспасы, әншілердің ән дискілері болатын. Бүкіл әншілерді жаздым. Роза Рымбаева сынды көптеген атақты әншілердің дауыстарын жазып «Алтын қорға» өткіздім. Қазір онда менің қолыммен жасалған 80 000 жазба (запись) бар. Өзім бастап оны содан кейін сандық нұсқаға өткіздік. Барлығы аман-есен, құдайға шүкір. Мен бүкіл Қазақстанды жаздым деп мақтанышпен айта аламын.

- Ол жазбалар қай жылдарды қамтиды?

- Мен 1971 жылдан 1996 жылға дейін сол жазбалардың барлығын өз қолыммен өткізіп, тек кейін мені 1996 жылы таспа жазатын цехтың бастығы қылып жіберді. Бірақ ол студияда мен өзім оператор, өзім дыбыс режиссері болып жұмыс істедім. Тіпті телевидениенің жұмысына да атсалысып жүрдім.

- Бұрын жалғыз Қазақ радиосы болса, қазір олардың саны көбейді. Солардың сапасына көңіліңіз тола ма?

- Қазір енді барлығы технологияға байланысты ғой, дүниенің бәрі. Енді әркім өзінше ашқысы келеді. Бірақ бірінен-бірі ұрлап алып отыр. Сол жаман. Көбінің жазатын өзіндік студиялары да жоқ. Дыбысты жазатын дыбыс режиссері де жоқ. Баяғыдай адамды тірідей жазу керек қой, ал бұлар жәй ғана диктофонмен, телефонмен жазып алады. Болды. Ал не болды? Қазір көп концерт жанды дауыста шықпайды. Жалғыз тірідей концертке шығатын адам ол Нұрғали Нүсіпжанов ағам ғана. Ол кісі өмірі записьпен шықпайды, өзінің дауысымен шығады. Ол кісі таспаға тек музыкасын ғана жазып алады да, өзінің дауысымен айтады.

- Қазіргі радио дикторларынан кімдерді атай аласыз?

- Енді қазіргі дикторлардың барлығы жүргізуші ғой, диктор емес. Мысалы Жанар Оразымбетова, Гүлбану Алпамысқызы, Бақыт Жағыпарұлы, Талант Арынғали, Гүлбағыш Бостанқызы, осылардың дауыстары жағымды. Осылар «Шалқар» радиосының эфирінен шығып, радионы алдыға жетектеп келе жатқан азаматтар.

- Кешіріңіз сөзіңізді бөлейін, жаңа Сіз диктор мен жүргізушіні екі бөліп айтып қалдыңыз, қандай айырмашылығы бар?

- Диктор деген әуезді дауысымен мәтінді нақышына келтіріп оқитын маман. Мысалы соңғы хабарды, әр түрлі бағыттағы радио бағдарламаларды оқу керек дегендей. Ал жүргізуші, аты айтып тұрғандай, ол келген қонақпен бірігіп отырып хабарды жүргізеді. Ол жүргізуші-журналист. Оның дикторлық ешқандай негізі жоқ.

- Өмірлік ұстанымыңыз қандай? Өзіңіздің отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз. 

- Менің отбасым осы Алматыда, төрт қызым бар. Әйелім «Шалқар» радиосының редакциясында оператор болып 30 жыл жұмыс істеді. Төрт қызымыздан төрт немере, үш шөбереміз бар. Бірге жүріп жатырмыз. Құдайға шүкір. Кішкене немерем қазір спорт колледжінде суға секіруден, шомылудан, жүзуден жаттықтырушы болып қызмет істейді.

- Елге айтар тілегіңіз болса, жеткізейік! 

- Елге айтар тілегім, халқым аман болсын, келе жатқан Наурыз мейрамдары құтты болсын! Бала-шағалары аман, аспандары ашық, көңілдері жарқын болсын. Ешқандай жаманшылық болмасын, ылғи жақсылық болып, заманымыз тыныш болсын!

- Көп рахмет. Қазақ телевизиясының мерейтойын бірге жасап жүре беріңіз!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға