Жаңалықтар

«Digital Police Day». Интернет-алаяқтыққа тосқауыл қою мәселесі талқыланды

«Digital Police Day». Интернет-алаяқтыққа тосқауыл қою мәселесі талқыланды
Фото: Polisia.kz 14.03.2024 16:10 714

ІІМ-де «Digital Police Day: «Заң мен Тәртіпті» цифрлық шешімдер арқылы қамтамасыз ету» тақырыбында форум өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оған мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, IT-компаниялардың, aзаматтық қоғамдастықтың өкілдері, депутаттар, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ студенттер мен курсанттар қатысты.

Пoлиция ведомствосының өкілдері қонақтарға полицейлердің күнделікті қызметінде, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, құқық бұзушылықтың алдын алуда және қылмысқа қарсы күресте қолданатын заманауи технологиялары туралы айтып берді.

Ішкі істер министрі Ержан Саденов күнделікті полиция қызметінде заманауи технологияларды кеңінен қолдану Мемлекет басшысының ішкі істер органдарының алдына қойған басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

Қазір бізде саланы бюрократиядан арылту және оңтайландыру үдерісі белсенді жүргізілуде. Полиция қызметкерлерінің басты назары құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға, өздерінің негізгі міндеттерін орындауға бағытталған. Цифрлық шешімдер азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде тәртіп сақшылары жұмысының тиімділігін арттыруға ғана емес, сондай-ақ ықтимал құқық бұзушыларды тәртіпке келтіруге де көмектеседі, - деп атап өтті ІІМ басшысы.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында министрлік «жаппай» бейнебақылау жобасын іске асыруда. Бүгінгі таңда елімізде 1 млн 318 мың бейнекамера жұмыс істейді, оның ішінде полицияның жедел басқару орталықтары мен кезекші бөлімдеріне 274 мың камера қосылған.

Жыл басынан бері камералардың көмегімен 96 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді, 1,5 мың қылмыс ашылды, 870 мың жол жүрісі қағидаларын бұзу анықталды.

Жиналғандарға азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтық тәртіпті қорғау бойынша жасанды интеллектті пайдалану мүмкіндіктері көрсетілді. Атап айтқанда, бұл ҚАЖ мекемелері мен қызметтік үй-жайлардағы үздіксіз бейнебақылау, смартжетондар, дабыл батырмалары, хабарламаларды қабылдаудың көп арналы жүйесі және жол жүрісі қағидаларын бұзушыларды анықтауға көмектесетін «Қорғау» жүйесі.

Интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша CyberPol жобасы туралы егжей-тегжейлі айтылды. Полиция байланыс операторларымен бірлесіп, ауыспалы нөмірлерден жасалатын қоңырауларға техникалық тосқауыл қойды, соның арқасында 44 миллионнан астам қоңырау бұғатталды. Бұл зардап шеккендердің санын 2,5 есеге қысқартуға мүмкіндік берді. Бұдан басқа, елден тыс жерге шығарылғалы жатқан шамамен 246 млн теңге бұғатталды, сондай-ақ 850 млн теңге сомасына залалды өтеу қамтамасыз етілді.

Сондай-ақ қылмыстық процесті және полицияның халыққа көрсететін мемлекеттік қызметтерін цифрландыру мәселесі қаралды.

Форум заманауи ақпараттық технологиялар саласындағы ірі диалог алаңына айналды. Іс-шараға қатысушылар өз ұсыныстарын айтып, пікірлерімен бөлісті және өздерін қызықтырған сұрақтар қойды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға