gov.kz

Digital Nomad Visa: Фрилансерге қай елге көшкен тиімді?

26.09.2025 17:25

Соңғы жылдары әлемде жаңа өмір салты қалыптасты - ол цифрлық көшпенділік. Мыңдаған адам күнделікті жұмысты кеңседен емес, әлемнің әр түкпірінен атқарып жүр. Бір қолында ноутбук, екінші қолында жол сөмкесі бар заманауи мамандар саяхат пен жұмысты ұштастырып, еркіндіктің жаңа форматын таңдады. Осы үдерісті ескерген көптеген мемлекеттер арнайы Digital Nomad Visa - цифрлық көшпенді визасын енгізіп, қашықтан еңбек ететіндерге шетелде заңды түрде тұрып, жұмысын жалғастыруға мүмкіндік беріп отыр.

Цифрлық көшпенді визасы – қашықтан жұмыс істейтін мамандарға, фрилансерлерге және өз ісін жүргізетін кәсіпкерлерге арналған ерекше рұқсат құжаты. Оның басты артықшылығы – дәстүрлі жұмыс визасын немесе ықтиярхатты рәсімдеуді талап етпей-ақ, шетелде заңды түрде тұрып, кәсібін жалғастыруға мүмкіндік беруінде.

Цифрлық көшпенділер кімдер?

Қазіргі заманның жаңа феномені – цифрлық көшпенділер. Олар үшін жұмыс орны тек кеңседегі үстелмен шектелмейді. Мұндай адамдар әлемнің кез келген нүктесінен интернет арқылы табыс тауып, бір жағынан саяхаттап, екінші жағынан кәсібін жалғастыра береді. Олардың қатарында фрилансерлер де, кәсіпкерлер де, халықаралық компаниялардың онлайн-қызметкерлері де бар.

Бұл өмір салтын мүмкін еткен – технологияның дамуы. Жылдам интернет пен қашықтан жұмыс істеудің ыңғайлы құралдары оларға бір елге байланбай-ақ, жаңа қалалар мен мемлекеттерді еркін таңдап, сонда өмір сүруге жағдай жасап отыр.

Алайда маңызды бір айырмашылық бар: цифрлық көшпенді визасы мен қаржылай тәуелсіз тұлғаларға арналған ықтиярхат (ВНЖ) – бір ұғым емес. Көпшілік оларды шатастырып жатады, бірақ мәні бөлек.

  • Қаржылай тәуелсіздерге арналған ықтиярхат – еңбекке араласпай-ақ, пассивті табыс немесе жинақ есебінен күн көретін азаматтарға беріледі.

  • Цифрлық көшпенді визасы – ел ішіндегі жергілікті компанияға жұмысқа тұрмай-ақ, қашықтан еңбек етуге құқық береді. Яғни, мұндай визаның иесі интернет арқылы табыс тауып, ресми түрде сол ел аумағында қызметін жалғастыра алады.

Артықшылықтары

Шетелде заңды тұру және жұмыс істеу құқығы. Цифрлық көшпенді визасы иесіне таңдаған елінде ресми түрде қоныстанып, кәсібін жалғастыруға жол ашады. Бұл құжат арқылы фрилансерлер де, халықаралық компанияларда онлайн еңбек ететін мамандар да жергілікті еңбек рұқсатынсыз-ақ жұмысын жалғастыра алады. Яғни, жаңа ортаға бейімделе отырып, табысын үзбей табуға мүмкіндік береді.

Қаржылық қызметтерге қол жеткізу. Digital Nomad Visa беретін тағы бір артықшылық – жергілікті тұрғындармен тең дәрежеде қаржылық жүйеге қосылу мүмкіндігі. Виза иелері банк шотын ашып, карталар рәсімдей алады. Бұл пәтерақы төлеуді, клиенттерден қаражат қабылдауды және жеке бизнесті жүргізуді жеңілдетеді. Мұндай қолжетімділік көшпенділердің жаңа елде еркін өмір сүруіне жағдай жасайды.

Тұрғылықты жерді еркін таңдау. Дәстүрлі ықтиярхат көбіне бір мекенге байлап қойса, цифрлық көшпенді визасы иелеріне бұл шектеуді жояды. Олар бір елдің ішінде емін-еркін қоныс аудара алады, тіпті кей жағдайда көршілес мемлекеттерге де қысқа мерзімді сапар шегуге мүмкіндік бар. Бұл – шынайы еркіндіктің белгісі.

Рәсімдеудің қарапайымдылығы. Digital Nomad Visa рәсімдеу шарттары ықтиярхатқа қарағанда әлдеқайда жеңіл. Әдетте тұрақты қашықтан табысты растау, медициналық сақтандыру полисін ұсыну және шағын мемлекеттік алым жеткілікті. Мысалы, 2024 жылдан бастап Қазақстан да осындай визаны ұсынып, шетел азаматтарына дәстүрлі ықтиярхатсыз-ақ қашықтан тұруға әрі жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Бұл – елдің халықаралық еңбек нарығына бейімделуінің бір көрінісі.

Жоғары өмір сапасы – шығынды азайту. Digital Nomad Visa енгізген көптеген мемлекеттерде тұрмыс құны қолжетімді, салық деңгейі салыстырмалы түрде төмен. Бірақ соған қарамастан, олар заманауи инфрақұрылым мен жайлы өмір сүруді қамтамасыз етеді. Бұл көшпенділерге қаржысын үнемдеп қана қоймай, сапалы өмір сүрудің жаңа үлгісін қалыптастыруға мүмкіндік береді.  

Кемшіліктері

Жергілікті еңбек нарығына қол жеткізе алмау. Digital Nomad Visa классикалық жұмыс визасынан айырмашылығы бар. Ол иесіне ел ішінде орналасқан компанияға ресми түрде жұмысқа тұру құқығын бермейді. Яғни, жаңа елге көшіп барған кезде жергілікті еңбек нарығына ене алмайсыз. Егер басқа салада тәжірибе жинап, тұрақты жұмыс тапқыңыз келсе, бұл виза жеткіліксіз. Ол үшін міндетті түрде жұмыс визасын немесе ұзақ мерзімді ықтиярхатты рәсімдеу қажет болады. Сондықтан Digital Nomad Visa еркіндікті қамтамасыз еткенімен, еңбек нарығындағы жаңа мүмкіндіктерді толық ашпайды.

Мерзімінің шектеулілігі. Бұл визаның тағы бір әлсіз тұсы – уақыт жағынан қысқа мерзімге берілуі. Әдетте ол 6 айдан 2 жылға дейін ғана жарамды. Мерзімі аяқталған соң құжатты қайта ұзартуға немесе елден шығуға міндетті боласыз. Мұндай ереже тұрақты өмір сүруді көздейтіндер үшін қолайсыз, себебі ықтиярхат немесе азаматтық алу секілді ұзақ мерзімді шешімдермен салыстыруға келмейді. Демек, Digital Nomad Visa – уақытша еркіндікті ғана қамтамасыз ететін құжат.

Салық мәселесіндегі белгісіздік. Цифрлық көшпенділердің негізгі табысы шетелдік компаниялардан түсетініне қарамастан, ұзақ уақыт бір елде тұрған жағдайда салық төлеу міндеттемелері туындауы мүмкін. Әр мемлекеттің салық жүйесі әртүрлі болғандықтан, бір елде күтпеген жерден салық резиденті атанып қалу қаупі бар. Мысалы, кей елдерде 183 күннен астам тұрған жағдайда азамат автоматты түрде сол мемлекеттің салық төлеушісі болып саналады. Бұл қосымша шығын мен бюрократияға әкелуі ықтимал. Сондықтан көшпелі өмір салтын таңдағандар алдын ала салық заңнамасын мұқият зерттеп, қажет болған жағдайда кеңесшілердің көмегіне жүгінуі керек.

Әлеуметтік кепілдіктердің болмауы. Digital Nomad Visa иелері жергілікті халыққа берілетін әлеуметтік пакеттерге қол жеткізе алмайды. Мәселен, мемлекеттік медициналық сақтандыру, зейнетақы жүйесі немесе түрлі әлеуметтік жәрдемақылар бұл санаттағы азаматтарға қарастырылмаған. Осы себепті цифрлық көшпенділер өздерінің қауіпсіздігін дербес қамтамасыз етуге мәжбүр: халықаралық сақтандыру рәсімдеу, қаржылық қауіпсіздік жастығын қалыптастыру сияқты қадамдар аса маңызды. Әйтпесе, күтпеген жағдайларда үлкен қиындықтарға тап болуы мүмкін.

Елдердің шектеулі таңдауы. Әлемде цифрлық көшпенділердің саны жыл сайын артып келе жатқанына қарамастан, мұндай виза барлық елде қолжетімді емес. Digital Nomad Visa енгізген мемлекеттер саны әлі де аз. Мәселен, АҚШ немесе Жапония сияқты ірі әрі танымал бағыттарда мұндай мүмкіндік қарастырылмаған. Бұл ұзақ мерзімді қоныстану үшін таңдау аясын айтарлықтай тарылтады. Сондықтан жаңа елге көшу жоспарын құрған кезде виза қолжетімді елдердің тізімін мұқият қарастыру қажет.

2025 жылы әлемнің бірқатар елі қашықтан жұмыс істейтін мамандарға, фрилансерлер мен кәсіпкерлерге арнайы Digital Nomad Visa бағдарламасын ұсынып отыр. Бұл бастама – цифрлық көшпенділер қозғалысының ауқымы артқанын көрсететін айқын дәлел. Әр мемлекеттің талабы әрқилы. Кейбір елдер белгілі бір ең төменгі табыс көлемін міндеттесе, басқалары визаны рәсімдеу уақыты мен қолдану мерзімінде ерекшеленеді. Сондай-ақ кейбір мемлекеттер Digital Nomad Visa-ны тұрақты тұруға немесе ықтиярхатқа көшуге алғашқы қадам ретінде қарастырады.

Яғни, цифрлық көшпенді болғысы келетіндер үшін ең бастысы – әр елдің заңнамасы мен талаптарын алдын ала мұқият зерттеу. Себебі бір мемлекет қатаң табыс шегін енгізсе, екіншісі рәсімдеу мерзімі мен ұзақтығында жеңілдіктер ұсынады. Ал кейбір елдер бұл визаны тұрақты тұруға немесе ықтиярхатқа өтудің алғашқы сатысы ретінде қарастырады.

2025 жылы Digital Nomad Visa ұсынатын елдер және олардың шарттары

Албания цифрлық көшпенділерге ең қолжетімді бағыттардың бірі саналады. Бұл елде айына кемінде $315 табысы бар мамандар виза ала алады. Құжат 12 апта ішінде рәсімделеді. Бастапқы мерзімі – 1 жыл, әрі қарай 5 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік бар. Ықтиярхатқа өтудің де жолы қарастырылған.

Аргентина бағдарламасы жоғарырақ табысты талап етеді – айына шамамен €2500. Құжат 6–8 аптада дайындалады. Виза 1 жылға беріледі және ол тұрақты тұру құқығына алып баруы мүмкін.

Бразилия рәсімдеу уақытының жылдамдығымен ерекшеленеді. Мұнда ең төменгі табыс – $1500. Визаны небәрі 5 күн ішінде рәсімдеуге болады. Бастапқы мерзімі – 90 күн, кейін ұзартуға рұқсат беріледі. Ықтиярхат алу құқығы бар.

Германияда табысқа қатысты нақты талап жоқ. Құжат шамамен 5–6 аптада рәсімделеді. Виза мерзімі – 3 жыл, әрі тұрақты тұруға мүмкіндік береді.

Грекия айына кемінде €3500 табыс талап етеді. Виза 10 күн ішінде дайындалады. Бастапқы мерзімі – 1 жыл, әрі қарай ұзартуға болады. Ықтиярхат алу мүмкіндігі қарастырылған.

Исландия ең қатаң талап қоятын елдердің бірі. Мұнда айлық табыс кемінде $7500 болуы тиіс. Құжат 3–4 аптада рәсімделеді. Виза мерзімі – 180 күн. Ықтиярхат қарастырылмаған.

Испания бағдарламасы айына €2646 табысы бар үміткерлерге қолжетімді. Виза 10 күнде рәсімделеді. Алғашқы мерзімі – 1 жыл, кейін 3 жылға дейін ұзарту мүмкіндігі бар. Ықтиярхатқа өтуге жол ашық.

Италия айлық табыс көлемін €2350 деп белгілеген. Визаны рәсімдеу уақыты – 4 айға дейін. Алғашқы мерзімі – 1 жыл, әрі қарай 3 жылға дейін ұзартуға болады. Ықтиярхат алу мүмкіндігі қарастырылған.

Кипр те айына €3500 табыс талап етеді. Құжат 5–7 аптада рәсімделеді. Бастапқы мерзімі – 1 жыл, кейін 3 жылға дейін ұзартуға болады. Ықтиярхат беріледі.

Малайзия табысты жылдық негізде есептейді – кемінде $24 000. Виза 6–8 аптада рәсімделеді. Мерзімі – 1 жыл. Ықтиярхат берілмейді.

Мальта айлық табысты €2700 көлемінде белгілеген. Құжат 60 күн ішінде рәсімделеді. Виза 1 жылға беріледі, әрі қарай 3 жылға дейін ұзарту мүмкіндігі бар. Ықтиярхатқа өтуге болады.

Біріккен Араб Әмірліктері айына $3500 табыс талап етеді. Құжат 3–4 аптада дайындалады. Виза мерзімі – 1 жыл. Ықтиярхат алу мүмкіндігі бар.

Португалия цифрлық көшпенділерден айына €3480 табысты растауды сұрайды. Құжат 60 жұмыс күні ішінде рәсімделеді. Виза 1 жылға беріледі және ықтиярхат алуға жол ашады.

Түркия айына кемінде $3000 табыс талап етеді. Бұл ел рәсімдеудің ең жылдам жүйесін ұсынады – виза небәрі 48 сағат ішінде дайын болады. Мерзімі – 1 жыл, әрі қарай ықтиярхат алуға болады. Алайда бағдарлама Қазақстан азаматтарына қолжетімсіз.

Черногория айлық табысты $1446 деңгейінде белгілеген. Құжат 30 күн ішінде рәсімделеді. Виза мерзімі – 2 жыл, әрі қарай 4 жылға дейін ұзартуға болады. Ықтиярхат алу құқығы бар.

Эквадор айлық табыс талаптарын $1275 көлемінде қояды. Құжат 2–4 айда рәсімделеді. Виза мерзімі – 6 ай. Ықтиярхат қарастырылмаған.

Оңтүстік Корея айына $5500 табыс талап етеді. Құжат шамамен 1 аптада рәсімделеді. Бастапқы мерзімі – 1 жыл, кейін 2 жылға дейін ұзартуға болады. Ықтиярхат алуға мүмкіндік бар.

Жапония жоғары талаптар қояды – айына кемінде $5535 табыс қажет. Құжат 6 аптада рәсімделеді. Виза мерзімі – 6 ай, ықтиярхат алу құқығы берілмейді.

Қазақстандағы Digital Nomad Visa: жаңа мүмкіндіктер

Қазақстан да Digital Nomad Visa беретін мемлекеттердің қатарына қосылды. Neo Nomad Visa деп аталатын бұл бағдарлама халықаралық ІТ-мамандарды, фрилансерлерді және қашықтан жұмыс істейтін кәсіпкерлерді тартуға бағытталған. Жаңа виза шетел азаматтарына Қазақстанда заңды түрде бір жылға дейін тұрып, өз еліндегі немесе халықаралық компаниялардағы жұмысын қашықтан жалғастыруға мүмкіндік береді.

Негізгі талаптар

Neo Nomad Visa алғысы келетін үміткерлерден келесі құжаттар сұралады:

  • Банктік есеп-қисап: Соңғы алты айдағы айлық табыстың 3 000 АҚШ долларынан жоғары екенін растайтын құжат.

  • Салық декларациясы: Азаматтық алған елдің немесе тұрғылықты жердің құзырлы органынан алынған.

  • Сотталмағаны жөніндегі анықтама.

  • Медициналық сақтандыру: Виза мерзіміне сәйкес болуы тиіс.

  • Қазақстандық туристік компанияның шақыруы: Бірақ бұл талап 48 елдің азаматтарына қойылмайды.

Рәсімдеу тәртібі

Neo Nomad Visa рәсімдеу уақыты – бар болғаны 5 жұмыс күні. Виза бастапқыда 1 жылға беріледі, әрі қарай ұзарту мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар, негізгі өтініш берушінің отбасы мүшелері де виза ала алады.

Маңызды жайт

Neo Nomad Visa қазақстандық компанияға ресми түрде жұмысқа орналасуға құқық бермейді. Бұл виза тек қашықтан еңбек етуге арналған. Яғни, виза иесі Қазақстан аумағында тұрып, өз еліндегі немесе халықаралық нарықтағы клиенттеріне қызмет көрсетуді жалғастырады.

Мемлекеттің ұстанымы

Қазақстан цифрлық көшпенділер үшін қолайлы орта құруды көздейді. Министрлік өкілдерінің айтуынша, бағдарлама шетелдік мамандарға жоғары жылдамдықтағы интернетке, 5G және заманауи цифрлық сервистерге қол жеткізуді қамтамасыз етіп, сонымен бірге қазақстандық бизнес пен мәдени ортаға бейімделуге қолдау көрсетеді.

Neo Nomad Visa – Қазақстанды Орталық Азиядағы цифрлық көшпенділер орталығына айналдыруға бағытталған қадам.

Испаниядағы Digital Nomad Visa (2025)

Артықшылықтары

  • Жұмсақ климат және жоғары өмір сапасы – жыл бойы жайлы ауа райы, жағалаудағы қалаларда (Барселона, Валенсия) 300-ден астам күн шуақты болады.
  • Шенген аймағы – виза иелері Еуропалық Одақ елдеріне еркін саяхаттай алады.
  • Тұрғын үй бағасы қолжетімді – шағын қалаларда студия жалдау айына шамамен 700 €, ал Барселона мен Мадридте 1200 €-дан басталады.

Негізгі талаптар

  • Минималды табыс – айына кемінде 2646 €.
  • Жұмыс форматы – шетелдік компанияға жұмыс істеу немесе шетелдік клиенттері бар фриланс; табыстың кемінде 80%-ы Испаниядан тыс жерден түсуі тиіс.
  • Жұмыс өтілі – қазіргі позицияда үздіксіз кемінде 3 ай еңбек ету.
  • Білімі мен тәжірибесі – жоғары білім немесе кемінде 3 жыл кәсіби тәжірибе.
  • Салықтық режим – табысы жылына 600 000 €-ға дейінгі азаматтарға жеңілдетілген 24% салық мөлшерлемесі қолданылады.
  • Саяхат мүмкіндігі – Шенген аумағында әр 180 күннің ішінде 90 күнге дейін еркін жүріп-тұру құқығы беріледі.

Мерзімі

  • Алғашқы виза 1 жылға беріледі.
  • Елге кірген соң ықтиярхатқа (ВНЖ) өтініш беруге болады: ол бастапқыда 3 жылға рәсімделеді, кейін 2 жылға ұзарту мүмкіндігі бар.

Отбасымен бірге бару құқығы

  • Ресми жұбайы немесе серіктесі.
  • Кәмелетке толмаған немесе қаржылай тәуелді балалар.
  • Қаржылай тәуелді ата-аналар, әжелер мен аталар, сондай-ақ бауырлар.

Қажетті құжаттар

  • Өтініш берушінің және отбасымен бірге баратындардың жарамды шетелдік паспорттарының түпнұсқасы мен көшірмесі.
  • Виза немесе ықтиярхатқа арналған толтырылған өтініш формасы.
  • Орнатылған үлгідегі түрлі-түсті фото.
  • Диплом, сертификат немесе 3 жылдық кәсіби тәжірибені растайтын құжат.
  • Соңғы 5 жыл ішінде тұрған елдерден берілген соттылығы жоқтығы туралы анықтама.
  • Испания аумағында жарамды медициналық сақтандыру (минималды қамтуы – 30 000 €).
  • Қашықтан жұмыс істеуді растайтын келісімшарт немесе еңбек шарты.
  • Жұмыс берушіден Испаниядан қашықтан жұмыс істеуге рұқсат хат (жалдама қызметкерлер үшін).
  • Табыс жеткіліктілігін растайтын құжаттар (банктік үзінді көшірме, төлем құжаттары).

Шығындар

  • Консулдық алым – шамамен 80 €.
  • Мемлекеттік баж (карта алу үшін) – шамамен 80 €.
  • Аудармашы және нотариус қызметтері – құжат көлеміне қарай жеке есептеледі.
  • Медициналық сақтандыру – құны сақтандыру компаниясына және қамту деңгейіне байланысты.
  • Қосымша шығындар – заңгерлік кеңес, қосымша құжат рәсімдеу т.б.

Италиядағы Digital Nomad Visa (2025)

Артықшылықтары

  • Тарих, мәдениет және гастрономия – өнерді, сәулетті және италиялық асхананы бағалайтындар үшін таптырмас ел.
  • Әртүрлі өмір сүру мүмкіндіктері – қарбалас Миланда немесе әсем Тоскана ауылдарында өмір сүруге болады.
  • Қолжетімді медицина және ұзақ өмір сүру деңгейі – Италия денсаулық сақтау жүйесі Еуропадағы озық үлгілердің бірі.

Негізгі талаптар

  • Ай сайынғы табыс кемінде 2 350 € болуы тиіс, табыс Италиядан тыс көздерден келуі керек.
  • Банкте кемінде 30 000 € жинақ барын растау қажет.
  • Жұмыс шетелдік компанияда немесе шетелдік клиенттері бар фриланс форматында болуы тиіс.
  • Өтініш берушінің жасы 18-ден жоғары болуы міндетті.
  • Қашықтан жұмыс тәжірибесі кемінде 6 ай болуы керек.
  • Шенген аймағында еркін қозғалу мүмкіндігі беріледі.

Мерзімі

  • Алғашқы виза 1 жылға беріледі.
  • Кейін ықтиярхат рәсімдеуге болады: ол бастапқыда 1 жылға беріледі, әрі қарай 2 жылға ұзарту мүмкіндігі бар.
  • Ықтиярхатты ұзарту үшін табыс деңгейі мен жинақ талаптарына сәйкес болу, сондай-ақ елде жылына кемінде 183 күн тұратынын растау қажет.

Отбасымен бірге бару құқығы

  • Ресми жұбайы немесе серіктесі.
  • Кәмелетке толмаған балалар.
  • Қаржылай тәуелді ата-аналар.
  • Ескерту: әрбір қосымша ересек отбасы мүшесі үшін қосымша 5 000 € жинақ, ал әр бала үшін 3 000 € жинақ талап етіледі.

Қажетті құжаттар

  • Жарамды шетелдік паспорт.
  • Визаға өтініш формасы.
  • Соттылығы жоқтығы туралы анықтама.
  • Жинақтың жеткіліктілігін растайтын құжаттар (банктік үзінді көшірме).
  • Шетелдік компаниямен келісімшарт немесе фриланс келісімдері.
  • Италияда жарамды медициналық сақтандыру.
  • Тұрғын үйді жалға алу келісімшарты немесе меншік құқығын растайтын құжат.
  • Отбасылық құжаттар (неке куәлігі, бала туу туралы куәлік және т.б.).

Шығындар

  • Консулдық алым – шамамен 30 €.
  • Мемлекеттік баж – визаны рәсімдеу үшін 112 €.
  • Медициналық сақтандыру – құны сақтандыру компаниясына және қамту деңгейіне байланысты.
  • Тұрғын үйді жалдау – Италияда тұратын мекенжайды растау үшін қажет, бағасы аймақ пен пәтер түріне байланысты өзгереді.

Германиядағы Digital Nomad Visa (фрилансер визасы арқылы)

Германияда арнайы Digital Nomad Visa жоқ. Дегенмен, фрилансерлер мен жеке кәсіпкерлер үшін арнайы визалық санаттар бар:

  • Freiberufler – шығармашылық немесе кәсіби саладағы фрилансерлерге арналған.
  • Selbständiger/Gewerbetreibender – жеке кәсіпкерлікпен айналысатындарға арналған.

Бұл визалар елде заңды түрде тұрып, қашықтан жұмыс істеуге немесе өз кәсібін жүргізуге мүмкіндік береді.

Артықшылықтары

  • Тұрақты экономика және бизнес мүмкіндіктері – Германия кәсіпкерлер мен стартаптар үшін Еуропадағы ең тартымды елдердің бірі.
  • Орталық орналасуы – Еуропа ішінде саяхаттау өте ыңғайлы.
  • Жоғары сапалы инфрақұрылым мен медицина – тұрмыс сапасы әлемдік деңгейде.

Негізгі талаптар

  • Ресми түрде бекітілген минималды табыс жоқ, бірақ тәжірибеге сүйенсек, жылына кемінде 9 000 € табыс қажет.
  • 45 жастан асқан үміткерлерге – зейнетақы жинақтары немесе құны 195 000 €-дан жоғары мүлікті растау міндетті.
  • Германияда жалға алынған немесе жеке тұрғын үй болуы тиіс.

Қосымша талаптар

Фрилансерлер (Freiberufler) үшін:

  • Кәсіби біліктілікті растайтын диплом, сертификат немесе оқу құжаты.
  • Қаржылық тұрақтылықты растау.
  • 45 жастан асқандар үшін – зейнетақы жинақтарының дәлелі.

Жеке кәсіпкерлер (Selbständiger/Gewerbetreibender) үшін:

  • Бизнесінің Германия үшін экономикалық маңызын растау.
  • Экономикаға оң ықпалын дәлелдеу.
  • Қаржы ресурстарын (жеке капитал немесе несие) көрсету.
  • 45 жастан асқандар үшін – зейнетақы жинақтарының болуы.

Мерзімі

  • Алғашқыда виза беріледі, кейін оны ықтиярхатқа (тұруға рұқсат) ауыстыруға болады.
  • Ықтиярхаттың мерзімі – 3 жылға дейін.

Отбасымен бару

  • Жұбайы мен балаларына отбасы қосылу бағдарламасы арқылы виза рәсімдеуге мүмкіндік бар.

Қажетті құжаттар

  • Жарамды шетелдік паспорт (кемінде екі бос беті бар).
  • Толтырылған виза өтініші.
  • Паспорт өлшеміндегі 2 фото.
  • Қаржылық тұрақтылықты растайтын құжаттар.
  • Германиядағы тұрғын үйді жалға алу келісімі немесе меншік құжаты.
  • Кәсіби тәжірибе туралы толық түйіндеме (CV).
  • Дипломдар, сертификаттар немесе біліктілікті растайтын құжаттар.
  • Бұрынғы жұмыс берушілердің немесе клиенттердің ұсыныс хаттары.
  • Портфолио және орындалған жұмыстар үлгілері.
  • Жарамды медициналық сақтандыру полисі.

Шығындар

  • Консулдық алым – шамамен 100 €.
  • Қосымша шығындар: құжаттарды аудару, нотариалды куәландыру, медициналық сақтандыру рәсімдеу, тұрғын үйді жалдау.

Португалиядағы Digital Nomad Visa (2025)

Артықшылықтары

  • Жұмсақ климат және мұхит жағалауы – Португалия жылына 300-ге жуық күн шуақты ауа райымен әйгілі.
  • Өмір сүру құны төменірек – басқа ЕО елдеріне қарағанда тұрмыс арзанырақ: шағын қалада студияны айына 500 € шамасында, ал Лиссабонда 900 €-дан бастап жалдауға болады.
  • Цифрлық көшпенділер қауымдастығы – Мадейра мен Лиссабон қашықтан жұмыс істейтіндер үшін Еуропадағы ең танымал орталықтардың бірі.

Негізгі талаптар

  • Ай сайынғы табыс кемінде 3 480 € болуы керек (Португалиядағы 4 ең төменгі жалақыға тең).
  • Жұмыс – шетелдік компанияда еңбек ету немесе Португалиядан тыс клиенттері бар жеке бизнес жүргізу.
  • Соңғы 3 айдағы тұрақты табысты растау.
  • Банкте кемінде 10 440 € жинақ болуы шарт.
  • Шенген аймағында еркін қозғалу мүмкіндігі бар.

Мерзімі

  • Алғашқы виза 1 жылға дейін беріледі.
  • Елге кірген соң ықтиярхатқа (тұруға рұқсат) өтініш беруге болады.

Отбасымен бірге бару құқығы

  • Ресми жұбайы немесе серіктесі.
  • Кәмелетке толмаған балалар немесе 30 жасқа дейінгі тәуелді балалар.
  • Қаржылай тәуелді ата-аналар.

Қажетті құжаттар

  • Жарамды шетелдік паспорт.
  • Digital Nomad Visa-ға арналған толтырылған өтініш.
  • Паспорт өлшеміндегі екі түрлі-түсті фото.
  • Соттылығы жоқтығы туралы анықтама.
  • Португалияда жарамды медициналық сақтандыру.
  • Шетелдік жұмыс берушімен келісімшарт немесе клиенттермен жасалған келісімдер.
  • Соңғы 3 айдағы банктік үзінді көшірме.
  • Тұрғын үйді жалдау келісімшарты немесе меншік құқығын растайтын құжат.

Шығындар

  • Консулдық алым – шамамен 90 €.
  • Медициналық сақтандыру – құны сақтандыру компаниясына және қамту деңгейіне байланысты.
  • Тұрғын үйді жалдау – елде тұрақты мекенжайды растау үшін қажет, бағасы аймақ пен пәтер түріне қарай өзгереді.

Кипрдегі Digital Nomad Visa (2025)

Артықшылықтары

  • Күн шуақты климат – Еуропадағы ең жарық аймақтардың бірі, жылына 320-дан астам күн ашық.
  • Төмен салықтар және ЕО нарығына қол жеткізу – кәсіпкерлер мен фрилансерлер үшін қолайлы жағдай.
  • Оңай әрі жайлы өмір сүру ортасы – қауіпсіз арал, әсем жағажайлар және дамыған инфрақұрылым.
  • Шенген аймағына саяхат – әр 180 күннің ішінде 90 күнге дейін еркін қозғалу мүмкіндігі бар.

Негізгі талаптар

  • Ай сайынғы таза табыс (салық төленгеннен кейінгі) кемінде 3 500 € болуы тиіс.
  • Егер өтінішке отбасы мүшелері қосылса:
    • жұбайына/жұбайына қосымша 20%,
    • әр балаға 15% табыс қосымша талап етіледі.
  • Жұмыс шетелдік компанияда қашықтан істелуі тиіс немесе өтініш беруші шетелдік клиенттері бар жеке кәсіпкер болуы қажет.

Мерзімі

  • Виза бастапқыда 1 жылға беріледі.
  • Шарттарды орындаған жағдайда оны 2 жылға дейін ұзарту мүмкіндігі бар.

Отбасымен бірге бару құқығы

  • Жұбайы немесе ресми серіктесі.
  • Кәмелетке толмаған балалар.
  • 25 жасқа дейінгі студент балалар, егер олар өтініш берушіге қаржылай тәуелді болса.

Қажетті құжаттар

  1. Жарамды шетелдік паспорт көшірмесі (кемінде 3 ай мерзімі болуы тиіс).
  2. Медициналық анықтамалар: ВИЧ, мерез, В және С гепатиттерге талдау, сондай-ақ туберкулезге арналған рентген (дәрігер қолымен расталған).
  3. Кипрде жарамды медициналық сақтандыру.
  4. Соттылығы жоқтығы туралы анықтама.
  5. Тұрғын үйді растайтын құжат: жалға алу келісімшарты немесе меншік құқығы.
  6. Қашықтан жұмысты растау:
    • жалдамалы қызметкер болса – шетелдік жұмыс берушімен еңбек шарты;
    • жеке кәсіпкер болса – клиенттермен келісімшарт немесе кәсіби қызметті дәлелдейтін құжаттар.
  7. Қаржылық жағдайды растау: соңғы банктік үзінді көшірмелер, салық декларациялары немесе табыс деңгейін көрсететін басқа құжаттар.

Шығындар

  • Әкімшілік алым – әр адамға шамамен 140 €.
  • Медициналық тексеру – шамамен 100 € бір адамға.
  • Медициналық сақтандыру – жылына шамамен 150–200 €.

Венгриядағы Digital Nomad Visa (White Card, 2025)

Артықшылықтары

  • Өмір сүру құны төмен – ЕО елдерімен салыстырғанда арзандау: шағын қалаларда студия жалдау 400 € шамасында, ал Будапештте 700 €-дан басталады.
  • Географиялық тұрғыдан ыңғайлы орналасу – Еуропада саяхаттауға қолайлы.
  • Қолжетімді қала – Будапешт Еуропадағы ең арзан мегаполистердің бірі.
  • Жақсы инфрақұрылым және интернет – IT мамандар үшін тартымды бағыт.

Негізгі талаптар

  • Ай сайынғы табыс кемінде 3000 € болуы тиіс және соңғы 6 ай бойы тұрақты алынғанын растау қажет.
  • Жалдама қызметкер үшін – шетелдік компаниямен жасалған қашықтан жұмыс істеуге рұқсат беретін келісімшарт.
  • Кәсіпкер үшін – Венгриядан тыс жерде тіркелген бизнеске иелік ету.
  • Медициналық сақтандыру полисі (қамту мөлшері кемінде 30 000 €) болуы шарт.
  • Венгрияда тұратын тұрғын үйді (жалдау келісімшарты немесе меншік құқығы) растау қажет.
  • Шенген аумағына қосымша виза рәсімдемей еркін саяхаттау құқығы беріледі.

Мерзімі

  • Виза бастапқыда 1 жылға беріледі.
  • Ұстаушысы әрбір 180 күннің ішінде кемінде 3 айды Венгрияда өткізуге міндетті.

Отбасымен бару

  • White Card тек негізгі өтініш берушіге арналған.
  • Отбасы мүшелерін бірге қосуға мүмкіндік қарастырылмаған.

Қажетті құжаттар

  • Жарамды шетелдік паспорт.
  • Визаға толтырылған анкета.
  • Венгрияда жарамды медициналық сақтандыру (қамтуы 30 000 €-дан төмен болмауы тиіс).
  • Тұрғын үйді жалдау келісімшарты немесе меншік құқығын растайтын құжат.
  • Соңғы 6 айдағы банктік үзінді көшірмелер немесе жұмыс берушіден айлық 3000 € табысты растайтын құжат.
  • Шетелдік жұмыс берушімен келісімшарт немесе Венгриядан тыс жерде тіркелген бизнеске қатысты құжаттар.

Шығындар

  • Әкімшілік алым – шамамен 110 €.
  • Пәтер жалдау құны – айына 360–600 € аралығында, қала мен ауданға байланысты.
  • Медициналық сақтандыру – шамамен айына 25 €.

Аргентинадағы Digital Nomad Visa (2025)

Артықшылықтары

  • Өмір сүру құны төмен – бағалар Еуропамен салыстырғанда әлдеқайда арзан.
  • Бай мәдениет пен табиғат – Патагония, Анд таулары мен Атлант мұхиты жағалауына саяхаттау мүмкіндігі.
  • Қолжетімді тұрғын үй – шағын қалаларда студияны 300 €-дан, Буэнос-Айресте 500 €-дан бастап жалдауға болады.

Негізгі талаптар

  • Өтініш беруші шетелдік компанияға қашықтан жұмыс істеуі немесе басқа елдердегі клиенттері бар фрилансер болуы тиіс.
  • Тұрақты табысын растау қажет – орта есеппен айына 2500 €.
  • Аргентина аумағында жарамды медициналық сақтандыру болуы міндетті.
  • Соттылығы жоқтығы туралы анықтама ұсыну керек.

Мерзімі

  • Виза бастапқыда 12 айға дейін беріледі.
  • Шарттарды орындаған жағдайда оны ұзартуға мүмкіндік бар.

Отбасымен бірге бару құқығы

  • Жұбайын және балаларын өтінішке қосуға болады.

Қажетті құжаттар

  • Жарамды шетелдік паспорт.
  • Паспорт өлшеміндегі екі фото.
  • Соңғы банктік үзінді көшірмелер немесе клиенттермен келісімшарттар (табыс көлемін растау үшін).
  • Аргентинада жарамды медициналық сақтандыру полисі.
  • Соттылығы жоқтығы туралы анықтама.
  • Аргентинаның көші-қон қызметінің ресми сайтында толтырылған онлайн-анкета.

Шығындар

  • Визалық алым – шамамен 200 $.
  • Медициналық сақтандыру – құны компания мен қамту деңгейіне байланысты.
  • Тұрғын үйді жалдау – аймақ пен пәтер түріне қарай өзгереді (орта есеппен 300–500 €).

БАӘ (Дубай) Digital Nomad Visa (2025)

Артықшылықтары

  • Салықтық жеңілдіктер – табыс салығы жоқ.
  • Жоғары өмір сүру деңгейі және қауіпсіздік – Дубай әлемдегі ең қауіпсіз 10 қаланың қатарына кіреді.

Негізгі талаптар

  • Ай сайынғы табыс кемінде $3 500 болуы тиіс.
  • Жалдама қызметкер үшін – шетелдік компаниямен кемінде 1 жылға жасалған келісімшарт.
  • Кәсіпкерлер үшін – шетелде кемінде 12 ай тіркелген бизнесінің болуы.
  • БАӘ аумағында медициналық шығындарды өтейтін жарамды сақтандыру полисі.

Мерзімі

  • Виза бастапқыда 12 айға беріледі.
  • Шарттарды сақтаған жағдайда шексіз рет ұзартуға болады.
  • Егер елде 6 айдан астам уақыт болмасаңыз, виза автоматты түрде күшін жояды.

Отбасымен бірге бару құқығы

  • Жұбайы немесе ресми серіктесі.
  • Кәмелетке толмаған балалар.
  • 25 жасқа дейінгі студент балалар, егер олар өтініш берушіге қаржылай тәуелді болса.

Қажетті құжаттар

  • Жарамды шетелдік паспорт (өтініш берген күннен бастап кемінде 6 ай қолданыста болуы тиіс).
  • Жұмыс берушімен жасалған еңбек шарты немесе шетелдік бизнесті растайтын құжаттар.
  • Соңғы 3–6 айдағы табыс көлемін растайтын құжаттар (банктік үзінді көшірме немесе төлем құжаттары).
  • БАӘ аумағында жарамды медициналық сақтандыру.
  • Паспорт өлшеміндегі түрлі-түсті фото.

Шығындар

  • Визалық алым – шамамен $287 (әкімшілік шығындарды қоса есептегенде).
  • Медициналық сақтандыру – құны сақтандыру компаниясы мен қамту деңгейіне байланысты.
  • Тұрғын үй мен тұрмыс шығындары – аудан мен жағдайға қарай айтарлықтай өзгереді (орта есеппен әлемдік деңгейден жоғары).

Грузиядағы Digital Nomad Visa (2025)

Жалпы ақпарат

Грузия цифрлық көшпенділер үшін қолайлы бағыттардың бірі саналады. 2020 жылы «Remotely from Georgia» атты арнайы бағдарлама іске қосылған болатын, ол қазіргі Digital Nomad Visa бағдарламаларына ұқсас еді. Алайда қазір бұл бағдарлама тоқтатылған.

Соған қарамастан, 95 елдің азаматтары, оның ішінде Қазақстан азаматтары да, арнайы визасыз-ақ Грузияда 1 жылға (365 күнге) дейін еркін тұра алады және қашықтан жұмыс істеуге құқылы.

Артықшылықтары

  • Өмір сүру құны төмен – бір адамның ай сайынғы шығындары орта есеппен 593,5 $ (тұрғын үйді қоспағанда).
  • Қарапайым ену ережелері – көптеген ел азаматтарына арнайы Digital Nomad Visa рәсімдеудің қажеті жоқ.
  • Салықтық жеңілдіктер – шетелден алынған табыс алғашқы 183 күн ішінде салық салудан босатылады.

Салық міндеттемелері

Грузиядағы цифрлық көшпенділердің салық міндеттері елде қанша уақыт тұрғанына байланысты анықталады:

  • 183 күнге дейін – табыс салығы төленбейді.
  • 183 күннен артық – өтініш беруші салық резиденті мәртебесін алады және табыс салығын төлеуге міндетті болады (қолданыстағы мөлшерлеме – 15%).

Халықаралық салыстыру

Грузиядағы жағдайды түсіну үшін басқа елдермен салыстырып көрейік:

  • Португалия – 183 күннен кейін салық резиденті мәртебесі беріледі, табыс салығы 18%-дан 48%-ға дейін. Бірақ NHR статусы арқылы жеңілдетілген шарттар бар.
  • Испания – 183 күннен кейін резиденттік салық қолданылады (прогрессивті ставка). «Бекхэм заңы» алғашқы 6 жылға жеңілдіктер береді.
  • Грекия – 183 күннен кейін табыс салығы 9%-дан 44%-ға дейін қолданылады.
  • Таиланд – 180 күннен кейін резидент мәртебесі беріліп, табыс салығы 5%-дан 35%-ға дейін алынады.

Маңызды ескерту

Кейбір мемлекеттерде қосарланған салық салуды болдырмау туралы халықаралық келісімдер бар. Бұл бір табысқа екі елде бірдей салық төлемеу үшін жасалған. Сондықтан көшіп бармас бұрын әр елдің заңнамасын мұқият зерттеу және қажет болса, салық кеңесшісімен кеңесу ұсынылады.

Грузиядағы Digital Nomad Visa (2025)

Жалпы ақпарат

Грузия цифрлық көшпенділер үшін қолайлы бағыттардың бірі саналады. 2020 жылы «Remotely from Georgia» атты арнайы бағдарлама іске қосылған болатын, ол қазіргі Digital Nomad Visa бағдарламаларына ұқсас еді. Алайда қазір бұл бағдарлама тоқтатылған.

Соған қарамастан, 95 елдің азаматтары, оның ішінде Қазақстан азаматтары да, арнайы визасыз-ақ Грузияда 1 жылға (365 күнге) дейін еркін тұра алады және қашықтан жұмыс істеуге құқылы.

Артықшылықтары

  • Өмір сүру құны төмен – бір адамның ай сайынғы шығындары орта есеппен 593,5 $ (тұрғын үйді қоспағанда).
  • Қарапайым ену ережелері – көптеген ел азаматтарына арнайы Digital Nomad Visa рәсімдеудің қажеті жоқ.
  • Салықтық жеңілдіктер – шетелден алынған табыс алғашқы 183 күн ішінде салық салудан босатылады.

Салық міндеттемелері

Грузиядағы цифрлық көшпенділердің салық міндеттері елде қанша уақыт тұрғанына байланысты анықталады:

  • 183 күнге дейін – табыс салығы төленбейді.
  • 183 күннен артық – өтініш беруші салық резиденті мәртебесін алады және табыс салығын төлеуге міндетті болады (қолданыстағы мөлшерлеме – 15%).

Халықаралық салыстыру

Грузиядағы жағдайды түсіну үшін басқа елдермен салыстырып көрейік:

  • Португалия – 183 күннен кейін салық резиденті мәртебесі беріледі, табыс салығы 18%-дан 48%-ға дейін. Бірақ NHR статусы арқылы жеңілдетілген шарттар бар.
  • Испания – 183 күннен кейін резиденттік салық қолданылады (прогрессивті ставка). «Бекхэм заңы» алғашқы 6 жылға жеңілдіктер береді.
  • Грекия – 183 күннен кейін табыс салығы 9%-дан 44%-ға дейін қолданылады.
  • Таиланд – 180 күннен кейін резидент мәртебесі беріліп, табыс салығы 5%-дан 35%-ға дейін алынады.

Маңызды ескерту

Кейбір мемлекеттерде қосарланған салық салуды болдырмау туралы халықаралық келісімдер бар. Бұл бір табысқа екі елде бірдей салық төлемеу үшін жасалған. Сондықтан көшіп бармас бұрын әр елдің заңнамасын мұқият зерттеу және қажет болса, салық кеңесшісімен кеңесу ұсынылады.

Цифрлық көшпенділер салық төлей ме?
Бұл тұрған елге және мерзімге байланысты:

  • Егер елде 183 күннен аз тұрсаңыз – әдетте салық төлеу міндеттелмейді.

  • Егер 183 күннен көп тұрсаңыз – сол елдің салық резидентіне айналып, табыс салығын төлеуіңіз мүмкін.
    Кейбір мемлекеттер цифрлық көшпенділерге арнайы салықтық жеңілдіктер ұсынады.

Цифрлық көшпенді мәртебесі не береді?

  • Таңдаған елде ресми тұрып, қашықтан жұмыс істеу құқығын;

  • Банк шотын ашу, карта рәсімдеу мүмкіндігін;

  • Тұрғын үйді ресми жалға алу жеңілдігін;

  • Кейбір елдерде – салықтық және тұрмыстық жеңілдіктерді.

Қандай елдер Digital Nomad Visa ұсынады?
Бүгінде 50-ден астам мемлекет мұндай виза береді. Олардың қатарында: Испания, Португалия, Германия, Грекия, Аргентина, Кипр, Венгрия, Грузия, Бразилия, Хорватия, Черногория, БАӘ (Дубай) және тағы басқалары бар.

Табысқа қойылатын талап қандай?
Әр елдің өз талабы бар. Әдетте айлық табыс $1 500–$5 500 аралығында болуы тиіс.

  • Испания - €2 646 бастап

  • Португалия - €3 280 бастап

  • БАӘ (Дубай) - $3 500 бастап

  • Грузия - $2 000 бастап

Цифрлық көшпенді визасымен саяхаттауға бола ма?
Иә. Көптеген елдер бұл визаны иеленгендерге Шенген аймағы немесе басқа өңірлер ішінде еркін жүруге рұқсат береді. Дегенмен, үшінші мемлекеттерге бару үшін бөлек туристік виза қажет болуы мүмкін.