Жаңалықтар

Digital Bridge 2024: Қазақстанда халықаралық IT-форум өткізілмейді

Digital Bridge 2024: Қазақстанда халықаралық IT-форум өткізілмейді
Фото: © Astana Hub 20.05.2024 12:52 640

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі су тасқыны жағдайына байланысты ірі іс-шаралардан бас тарту туралы тапсырмасына сәйкес Digital Bridge 2024 халықаралық ІТ-форумын өткізбеу туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Форумды өткізу Астанада биылғы жылдың 5-7 қыркүйегіне жоспарланған болатын.

Биыл алтыншы рет өткізу жоспарланған Digital Bridge 2018 жылы басталып, IT-индустрияның соңғы тенденциялары мен даму перспективаларын талқылауға арналған Орталық Азиядағы ең ірі алаң болды. Айта кету керек, 2020 жылы форум төтенше жағдайда - жаһандық COVID - 19 пандемиясына байланысты өткізілмеді.

Биыл көктемдегі су тасқыны Қазақстандағы соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апат болды. Осыған байланысты, ауқымды қиратулардың салдарын жою және ел азаматтарына көмек көрсету үшін қаражатты үнемдеу мақсатында Мемлекет басшысы Үкіметке жоспарланған имидждік және басқа да ірі іс-шараларды өткізуден бас тартуды тапсырды.

Digital Bridge ұйымдастырушылары – ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Astana Hub халықаралық технопаркі форумға қатысуға мүдделі барлық адамдарға алғыс білдіреді. Қолайлы жағдайларда Digital Bridge халықаралық IT-форумы өз жұмысын 2025 жылы қайта бастайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға