Диабет қаупін төмендететін диета түрлері анықталды
Кембридж ғалымдары 2-типті қант диабетінің қаупін азайтатын үш тиімді тамақтану үлгісін анықтады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Зерттеу нәтижелері көкөністерді, жеміс-жидектерді, жаңғақтарды, бұршақ тұқымдастарды және тұтас дәнді өнімдерді теңгерімді тұтынуға негізделген диеталар диабеттің алдын алуда маңызды рөл атқаратынын көрсетті.
Мамандардың айтуынша, қант диабетінің алдын алуда салауатты өмір салты шешуші мәнге ие. Оған тұрақты физикалық белсенділік, дене салмағын бақылау, темекіден бас тарту, күйзелісті азайту және сапалы ұйқы кіреді. Ғалымдар талай жылдан бері түрлі топтар үшін тиімді әрі дәрі-дәрмексіз жолдарды табуға талпынып келеді. Осы мақсатта олар тамақтану әдеттеріне ерекше назар аударған.
Оқи отырыңыз:
- Витаминдерді қай уақытта және қалай қабылдау керек?
- Зейнетақы жинағын пайдалану: өтініш қабылдау уақытша тоқтатылды
- Қыста D дәруменін қабылдау тұмаудан қалай қорғайды
Ұлыбританиядағы Кембридж университетінің жетекші зерттеушілері 33 ғылыми жұмысты қамтыған ауқымды мета-талдау жүргізді. Зерттеу барысында 800 мыңнан астам адамның деректері зерделеніп, белгілі бір тамақтану үлгілерінің 2-типті қант диабетінің даму қаупіне қалай әсер ететіні анықталды. Бұл туралы Endocrine Today басылымы хабарлайды.
Диабеттің алдын алуға тиімді үш диета
Зерттеу нәтижесі бойынша, 2-типті қант диабетінен ең сенімді қорғайтын үш негізгі тамақтану тәсілі анықталған:
Жерорта теңізі стиліндегі тамақтану,
Салауатты тамақтанудың баламалы индексі (AHEI – Alternative Healthy Eating Index),
DASH диетасы (қан қысымын төмендетуге бағытталған тамақтану жүйесі).
Маңыздысы – бұл диеталар адамның ұлтына, этникалық тегіне қарамастан диабет қаупін төмендеткен. Яғни олардың тиімділігі әмбебап сипатқа ие.
Диеталардың ортақ ерекшелігі
Аталған тамақтану үлгілерінің барлығы көкөністер мен жеміс-жидектерді, жаңғақтарды, бұршақ тұқымдастарды және тұтас дәнді өнімдерді жеткілікті мөлшерде тұтынуға негізделген. Сонымен қатар қызыл етті, өңделген ет өнімдерін және қант қосылған сусындарды шектеу қарастырылған.
Зерттеу авторы Цзя И Лидің айтуынша, дәл осы тамақтану әдеттері 2-типті қант диабетінің алдын алумен тығыз байланысты.
Бұл рационды денсаулықты жақсарту мақсатында әртүрлі этникалық топ өкілдеріне сенімді түрде ұсынуға болады, – дейді ғалым.
Сонымен қатар зерттеушілер дәрігерлерге пациенттерге қарапайым әрі түсінікті кеңестер беруді, пайдалы тамақтану әдеттерін күнделікті өмірге біртіндеп енгізуге көмектесуді ұсынады.
Диабеттің алдын алудың өзге жолдары
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметінше, 2-типті қант диабетінің алдын алу үшін өмір салтына кешенді түрде көңіл бөлу қажет:
Дене салмағын қалыпта ұстау және аптаның көп күнінде кемінде 30 минут орташа физикалық белсенділікпен айналысу аса маңызды;
Темекіден толық бас тарту керек, өйткені темекі диабет қаупін едәуір арттырады;
Күйзелісті бақылау мен сапалы ұйқы да инсулинге сезімталдыққа тікелей әсер етеді;
Егер тұқым қуалаушылық, артериялық қысымның жоғары болуы сияқты қауіп факторлары бар болса, қандағы глюкоза деңгейін ара-тұра тексеріп отырған жөн.
Бұған дейін БАД ішудің қаупі жайлы жазғанбыз. Сонымен қатар салауатты күн тәртібіне біртіндеп көшу тәсіліне де тоқталғанбыз. Ал жалқаулықпен күресу қажет пе деген сауалға жауапты мына мақаладан таба аласыз.

