Бүгінде еліміздің оңтүстігіндегі диқандар көктемгі егін себу науқанына кірісіп кетсе, ал солтүстік өңірлер оған қажетті техникасын дайындап, егіске дейінгі топырақты өңдеу жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі кезде астық алқабындағы диқандар мен шаруалар дала жұмыстарында тыным таппай, бел жазбай еңбек етіп жатыр. Елорда маңындағы көктемгі егін науқанының мән-жайын білу үшін бірнеше жылдан бері ауыл шаруашылығының түрлі саласымен айналысатын Ақмола облысының Шортанды ауданына қарасты шаруа қожалықтарының бірінің бас директоры Науразбаев Балтабек Нұрғалиұлымен әңгімелескен болатынбыз. Сонымен қатар, егін жұмыстары қалай жүргізіліп жатқаны жөнінде, шаруа иеліктерінің көктемгі егіс науқанына дайындығы, диқандар мен салалы ауылшаруашылық өндірісін ұйымдастырып, егіншілік және өсімдік өсіру туралы аграрлық саланың білікті мамандары айтып берді.
Диқандар үшін көктемнің әр күні қымбат. Бірақ биылғы жылы еліміздің солтүстік өңірлеріндегі кей шаруалар көктемгі дала жұмыстарын карантинге байланысты кештеу бастауы мүмкін. Оған себеп қосалқы бөлшектерін қайта қалпына келтіріп жұмысқа дайындауға қажетті керек-жарақты сатып алу үшін қалаға бару керек. Өткен айда солтүстіктегі кей аудандардың көліктері карантиннің әсерінен блок бекеттерінен өте алмағаны да айтылған болатын. Ал елімізде бидайдың жаздық тұқымдарын жаппай егу науқаны мамыр айының ортасынан басталып кетті. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров Қостанай облысына барған жұмыс сапары барысында бұқаралық ақпарат құралдарына хабарлаған болатын. Министрдің бірінші орынбасары мемлекеттік қолдау, сатып алулар және заманауи ауыл шаруашылығы техникасын, сапалы тұқым қорын пайдалану сынды бірқатар тақырыптарды жұмыс сапары барысында талқылаған еді. Сонымен бірге Ауыл шаруашылығы министрлігі тұқым мен тыңайтқыштарды қолдану нормалары және одан да өзге олқылықтардың алдын алу мақсатында жұмыс істейтіндігі жөнінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің сайтында жарияланған болатын.
Коронавирус індетіне қарай Президентіміз төтенше жағдай жариялағанда барлық сақтық шараларын орындай отырып, көктемдегі егін егу жұмыстарына дайындықты тоқтатпай бастап кеткен ауыл шаруашылық мекемелерінің бірі – Ақмола облысының Шортанды ауданындағы шаруа қожалықтары. Мекеме бүгінде егін егу амалдарына толық дайындықпен кірісіп кеткен.
Шортанды ауданындағы 2015 жылы құрылған басқарушы ұжымның негізіне 7 шаруашылық қожалығы кіреді. Бүгінде ол шаруашылықтың төртеуі егін егу кәсібімен айналысады.
– Біздің басқарушы компанияға кіретін «Жер-Ана» деп аталатын элеватор-қоймамыз бар. Ол қойма астық өңдеп, сақтау міндетін атқарады. Тауарларды сақтайтын ғимараттағы орын 110 мың тонна астықты сақтау мүмкіншілігіне ие. Одан бөлек өз меншігімізде жанар-жағармай сақтайтын орнымыз да бар. Біздің ауданымыздың барлық шаруашылықтары өздерінің жанар-жағаймаларын сонда сақтайды. Сонымен бірге өзімізге қарасты «Автобаза» атаулы көлік ұжымы жұмыс істейді. Онда жалпы 40 тоннадан астам жүк таситын машиналарымыз бар, – деді шаруа қожалығының бас директоры Балтабек Нұрғалиұлы.
Ақмола облысына қарасты шаруашылық иелігіне жеті мекеме бағынышты. Бүгінде басқарушы мекеменің ашылғанына алты жылға жуық уақыт болыпты. Еліміздің ауыл шаруашылығына үлес қосып жүрген ұжым материалдық өндірістің ең маңызды түрлерімен айналысып, егін жән мал шаруашылығы саласына өзіндік үлестерін қосып келеді.
– Біздің шаруашылықтағы негізгі егетін егіндеріміз бидай және арпа дақылдары. Төрт қожалықтың барлығында қара мал мен жылқы ұстаймыз. Ірі қара малдың саны – 1300 бас. Сонымен бірге 70-80 бас жылқымыз бар. Сауынды сиырдың саны – 400 бас. Сиырлардың сүтін Шортанды сүт өндіру зауытына тапсырамыз. Қалған малды бордақылап, ет компаниясына тапсырамыз, – деді Балтабек Нұрғалиұлы.
Шаруа қожалығы басшысының айтуынша, биылғы жылдың ауа райының ыңғайына қарай, егін салу науқанын біраз ертерек басталыпты. Шаруашылық өкілдері атаулы науқанға алдың ала дайындықтыңбарлығын уақытында қамтамасыз еткен. Академик А. И. Бараев атындағы Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандарымен ақылдаса отырып, егінді егу науқанын жаппай 12 мамырдан бастап, 31 мамырда аяқтауды жоспарлап отыр екен.
Шортанды ауданына қарасты шаруашылық ұжымының құрамына кіретін мекемелердің бірінің бас агрономы Өнер Есемберді бүгінгі күнгі жұмыс барысы жөнінде айта кетті.
– Біздің шаруа қожалығы 13 мамырдан бастап бидайдың сынама үлгісін егіп бастады. Қазіргі кезде егіс алқабында жұмыс істеп жатырмыз. Астық егуге арналған егін тұқымдарының саны жеткілікті. Көктемгі егінге арналған тұқым сорттарының барлығы тексерістен өткен және өңделген. Біз негізінен бидай мен арпа сұрыптарын егумен айналысамыз. Бидайдың «Шортандының 95 жақсартылыған» деген жаздық сұрпы егіледі. Бұл бидай біздің еліміздің ауылшаруашылық өнімінде шаруашылық-бағалылық кешеніне ие болған. Ал арпаның қажетті талаптарына сай келетін «Қарабалық-150» деген сортымен бірге мал шаруашылығына арнап, малазықтық біржылдық өсімдіктерді де егеміз. Енді көктемгі егіс жұмыстарын 30 мамырға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді шаруа иелігінің бас агрономы Өнер Есемберді.
Балтабек Нұрғалиұлы басшылық ететін шаруа қожалығына қарайтын жер көлемі 123,0 мың гектарды құрайды. Оның егін егуге арналған жері 98,0 мың гектарды алып жатыр. Ал мал бағып, шөп оруға 25,0 мың гектар көлеміндегі жер бөлінген.
– Ылғал сақтау тәсілдерін 40 мың гектар жерде жасадық. Және де 10 мың гектарда арам шөппен күресу амалдарын қолдандық. Аммофос атаулы тыңайтқыштарды 10 мың гектарға өндірдік. Жалпы биылғы жылы егін егетін жердің көлемі –70,5 мың гектарды құрап отыр. Ал қалған 26,0 мың гектар жер демалысқа қалады. Ол жерлерді біз ендігі жылға дайындық амалдарына қолданатын боламыз. Бұл амалды ауыл шаруашылығында «ПАР» деп атайды. Оған қосымша биылғы жазда тың игеру жұмыстары жүргізіледі. Жердің 3200 гектарын дайындау әдісіне пайдаланамыз – деді мекеме директоры.
Бүгінде компанияда 79 – «К-701» тракторы бар. Одан бөлек егін егетін 317 тұқым себетін мәшине, 6 кешен, 20 топырақ қопсытатын құрал мен 27 тырмамен қамтылған. Сонымен бірге гербицид шашатын 14 егін сепкіш, 40 «МТЗ» атаулы жеңіл трактор, 20 «ДжонДир» және 5 «НьюХолланд» комбайындары бар. Ал шаруашылықтағы «Вектор» комбайынының саны – 32 болса, 24 «Камаз» автокөлігі мен 20 автопойыз атаулы жүк таситын техникамен жабдықталған. Шаруа иелігінде одан да басқа қолданатын әр түрлі құралдардың саны жеткілікті.
Ал шаруашылық механизаторы Арман Серекпаев бізді ауыл шаруашылығындағы бір күндік жұмыс кестесімен таныстырып өтті. Таңғы сегізде астық егетін алаңда болатын шаруа өздеріне күнделікті жүктелеген жұмысын атқаратынын айта кетті.
– Мен «К-701» тракторында жұмыс істеймін. Жаңа тұқым себетін машина биылғы жылы сатып алынды. Қазіргі кезде астық алаңында бидай егіп жатырмыз. Жөндеу жұмыстары өз кезеңімен сапалы түрде жүргізілді. Сондықтан да, техниканың ешқандай ақаулықтары мен олқылықтары жоқ. Егіс алқабына егетін тұқым уақытылы жеткізіліп отырады. Ал табиғи отынмен ешқандай мәселе жоқ, – деді шаруашылық механизаторы Арман Серекпаев.
Былтырғы жылы шаруа қожалығы үкіметтің субсидия көмегінің арқасында 20 шетелдік комбайын алыпты. Осы жылы да 200 жаңа тұқым себетін машина, 3 жиынтық және қосымша 4 топырақ қопсытатын құрал және 6 тырма сатып алынған. Егіс орағы басталғанша компания тағы 10 шетелдің комбайндарын сатып алуды жоспарлап отыр. Шаруа қожалығының директоры әр жылы үкіметтің көмегінің арқасында субсидия алатындықтарын айтып өтті.
– Жыл сайын бидай, арпа тұқымдарын жаңартып отырамыз. Осы жылы 400 тонна тұқымды Ресейден алып егіп жатырмыз. Өзіміздің тұқым тексеретін зертханамыз бар. Соны қолдана отырып, егіс тұқымын бақылып аламыз. Әрбір шаруашылығымызда тұқым сақтайтын қоймаларымыз да баршылық, – деді шаруашылық басшысы.
Бүгінде ауыл шаруашылығымен айналысатын мекемеде 720 адам жұмыс істейді. Ал науқан кезеңінде жұмысшылардың саны 800-ге дейін жетеді екен. Қызу науқан кезінде жұмысшыларға тәулігіне 3 рет ыстық тамақ беріледі. Шаруашылықпен айналысатын адамдардың жалақылары уақытында төленіп отырады. Ауыл шаруашылығындағы бұл ұжымға жыл сайын үкімет тарпынан 2000 тонна арзан жанар-жағармай беріліп отырады.
– Астық егуге жеріміз заманауи технологиямен дайындалады. Жылдың әр кезеңінде мәселен қыста қар бөгеу науқаны 25-30 мың гектарда өтеді. Күзде жер жыртуды қолданамыз. Ол процесс 15-20 гектар жер көлемінде жасалады. Ал көктемде арамшөппен күрес жүргіземіз. Жерге гербицид қолданып, тыңайтқыш енгіземіз. Аталған іс-шаралар жыл сайын уақытында жүргізіледі. Мал өсіру саласында да көп жұмыс істелініп жатыр. Жыл сайын 1300 қарамал басын өсіріп отырамыз. Шортанды ауданында біздің мекемеміз ең үлкен мекеме болып саналады, – деді компания директоры.
Жалпы егін шаруашылығында ауыл шаруашылық дақылдарының өсіп-өнуіне қолайлы жағдай жасау үшін топырақты өңдеудің қопсыту, үгіту, аудару мен тығыздау және тағы да басқа тәсілдері қолданылады. Топырақты өңдеуге қатысты Балтабек Нұрғалиұлы:
– Тұтастай алғанда, біз егіс алқаптарын ұлғайту есебінен өндірісті кеңейтуге ұмтылмаймыз. Ал егіншілік жүйесін жетілдіру, өсімдік шаруашылығы саласында соңғы ғылыми әзірлемелерді қолданып, өсімдіктерді қорғау мен тыңайтқыштардың прогрессивті интеграцияланған жүйесін енгізу есебінен жалпы табыс пен пайданы ұлғайтуды алға қоямыз. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ішкі түгендеу және реттеу, өндірісті цифрландыруға көшу жөніндегі жұмыстарды да жүргізіп отырамыз. Себебі бізде бұл жағдайға барлық алғышарттар бар, – деді компания директоры.
Компанияның Жерге орналастыру және жер қатынастарын реттеу қызметінің басшысы Гүлнар Қабденова өзі жұмыс істеп жатқан мекемені еліміздегі ауыл шаруашлығымен айналысатын жас шаруа қожалықтарының қатарына жатқызды.
– Біздің мекеме жер көлемі жағынан үлкен аумақты алып отырған шаруашылықтардың бірі. Біз ең алғаш жұмысты бастағанда шаруашылық орналасқан жердің шекарасын анықтадық. Оның сызбасын жасап, учаскелерге бөліп, егіс айналымын реттедік. Ал 2019 жылы субсидия бойынша мемлекеттік органдар көмегіне жүгініп, тыңайтқыштар мен арам шөптерге қарсы қолданылатын химиялық қоспалардың төмендетілген бағада алу мүмкіндігіне ие болдық. Ол үшін онлайн режімде «QOLDAU» платформасына өтініш жіберуге болады. Бұл жүйе өте ыңғайлы әрі жылдам. Және де аграрлық сала қызметкерлеріне үлкен көмек болып табылады. Біздің шаруа иелігінің алдағы уақыттағы мақсаттарының бірі – техниканы жаңарту болып табылады. Және сонымен бірге жұмысшылар жалақысының жоғарылауы, диқандар мен шаруалардың сапалы еңбек нәтижесіне алып келеді. Жақын күндері басталаған егін науқанының аграрлық сала қызметкерлеріне сәтті өтуін тілеймін, – деді Гүлнар Қабденова.
Бүгінде агроөнеркәсіп саласына қойылатын талап көп. Әсіресе ауыл шаруашылығы оның ішінде егін егу саласы мен мал шаруашылығы өндірісін тұрақты дамыту ел экономикасының негізгі күші болып табылады. Мемлекеттің экономикасының өрлеуіне үлес қоса отырып, еліміздің барлық аймақтарында егін салып, еңбек етіп жатқан диқандар мен шаруашылық иелерінің істеріне береке тілейміз.
(Суреттер: Шаруа қожалығының жеке мұрағатынан және yandex.kz сайтынан алынды) Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға