Дэвис кубогы: капитан ауысты, құрама мақсатына жете ала ма?
Астанада Дэвис кубогының World Group I плей-офф кезеңіне арналған ресми жеребе тарту рәсімі өтті. Ал 6-7 ақпан күндері Қазақстан ерлер құрамасы өз алаңында Монако командасын қабылдайды. Бұл текетірес Астанадағы Beeline Arena (Ұлттық теннис орталығы) кешенінде өтеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл кезеңде жеңіске жеткен құрама әлемдік элитадағы орнын сақтап қана қоймай, 2026 жылдың қыркүйегінде өтетін іріктеу матчтарында 2027 жылғы Дэвис кубогының финалдық кезеңіне жолдама үшін күресуге мүмкіндік алады. Сондықтан алдағы кездесу Қазақстан құрамасы үшін стратегиялық тұрғыдан аса маңызды.
Оқи отырыңыз:
- Ақ Олимпиада: Қазақстанның шынайы мүмкіндігі қандай?
- Биыл Виктор Мозес келді, «Қайсар» алғашқы үштікте болады – Бақтияр Артаев
- Олимпиада-2026: антидопингтік тексерістер қалай өтеді
Қазақстан құрамасының құрамы
Алдағы ойындарға Қазақстан атынан мына теннисшілер тіркелді:
- Александр Бублик
- Александр Шевченко
- Тимофей Скатов
- Бейбіт Жұқаев
- Денис Евсеев
Турнир регламентіне сәйкес бес матч ойналады: төртеуі жекелей, біреуі жұптық кездесу.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ойын кестесі мен жұптар
6 ақпан (жекелей матчтар):
Александр Бублик – Юго Нис
Александр Шевченко – Валентино Вашеро
7 ақпан:
Жұптық матч: Бейбіт Жұқаев / Александр Бублик – Ромен Арнеодо / Юго Нис
Александр Бублик – Валентино Вашеро
Александр Шевченко – Юго Нис
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Айта кету керек, Қазақстан мен Монако құрамалары Дэвис кубогы аясында алғаш рет кездесіп отыр.
Құрама капитаны Диас Досқараев қарсыластардың әлеуеті жайлы былай дейді:
Монако – өте мықты, тәжірибелі команда. Құрамында жекелей рейтингте жоғары тұрған бірінші ракеткасы бар. Оның соңғы алты айдағы нәтижелері де ауыз толтырып айтарлық: Шанхайдағы «Мастерсте» Новак Джоковичпен ойнады, биыл Australian Open-да үшінші айналымға дейін жетті.
Сонымен қатар олардың қатарында рейтингте ТОП-50-ге кіретін, тәжірибесі мол ойыншылар бар. Юго Нис пен Ромен Арнеодо – бізге жақсы таныс қарсыластар. Біздің ойыншылар олармен бұрын бірнеше рет кездескен. Монаколықтар бұл матчқа өте тыңғылықты дайындалып келді: сегіз күн бұрын Астанаға жетіп, кортқа бейімделіп жатыр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Жаңа капитан, нақты мақсат
Дәл екі жыл бұрын, 2023 жылы Аргентинаның Росарио қаласында Қазақстан құрамасы Дэвис кубогының 2024 жылғы іріктеу кезеңінде алаң иелеріне жол берген еді. Екі күнге созылған текетірестің тағдыры бесінші матчтың тай-брейгінде шешілді.
Одан кейінгі кезең де оңай болмады: өз алаңындағы Даниямен сәтсіз матч, Пәкістанмен өткен кездесу және Оңтүстік Кореяның Чхунчхон қаласындағы көңіл құлазытқан нәтиже.
Енді, міне, Қазақстан құрамасы жаңа капитанмен Дэвис кубогының элиталық дивизионына қайта оралу жолындағы алғашқы нақты қадамын жасауға дайын.
Естеріңізде болса, 17 қаңтарда ерлер құрамасының капитаны ауысты. 46 жастағы Юрий Щукиннің орнына федерация вице-президенті, 41 жастағы Диас Досқараев тағайындалды.
Айта кетейік, Досқараев Қазақстан құрамасын 2012-2019 жылдары басқарған. Сол кезеңде ұлттық команда төрт рет (2013, 2014, 2015, 2018) Дэвис кубогының ширек финалына дейін жетіп, 2019 жылы турнир форматы өзгерген соң финалдық кезеңге жолдама алған еді. Сондықтан жанкүйерлер бұл ауыс-түйістен оң нәтиже күтеді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Досқараев өзі жігіттердің жеңіске жету туралы мақсат қойып отырғанын алға тартты.
Бүкіл ел күтіп отыр. Бұл – үлкен жауапкершілік. Біз әлемдік топқа қайта оралуымыз керек деген нақты мақсат қойдық, – деді ол.
World Group I плей-офф кезеңіндегі басқа жұптар да белгілі:
Қазақстан (№31) – Монако (№44),
Гонконг (№53) – Финляндия (№17),
Швейцария (№25) – Тунис (№51),
Қытай (№59) – Португалия (№27),
Қытай Тайбэйі (№28) – Ливан (№51),
Жаңа Зеландия (№48) – Босния және Герцеговина (№30),
Израиль (№32) – Литва (№45),
Словения (№64) – Түркия (№35),
Мысыр (№42) – Польша (№36),
Марокко (№46) – Колумбия (№38),
Грекия (№39) – Мексика (№47),
Парагвай (№65) – Румыния (№40),
Люксембург (№43) – Украина (№41).
Осы жұптардың арасынан 13 жеңімпаз қыркүйек айында (18-19 немесе 19-20 қыркүйек) Дэвис кубогы финалдық кезеңінің 2026 жылғы іріктеуінде сүрінген құрамалармен бірге 2027 жылы элиталық дивизионға қайта оралу үшін таласады.
Ал финалдық кезеңге үміткерлер қатарында Германия, Австралия, АҚШ, Франция, Канада, Сербия секілді алпауыттар бар.
Бұған дейін Досқараев отандық теннис феноменге айналғанын айтты.

