Жаңалықтар

Деспина Касапиди: Бұқар жыраудың шығармалары Қазақстанды мекендейтін ұлт тілдерінде оқылуда

28.08.2018 08:35 4245

2017 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген отырысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова 2018 жылға жоспарланған мәдени іс-шаралардың тізбесімен таныстырған болатын.

Шаралар жоспарына Қарағанды облысында Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдық мерейтойын атап өту енгізілді. Соған орай мерейтой қарсаңында облыс көлемінде бірқатар шаралар жыл бойы ұйымдастырылып өткізіліп келді.

Сол шаралардың басы-қасында Қарағанды облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы біраз іс тындырғаны анық.

Халыққа маңызы, тағылымдық мәні бар Бұқар жыраудың өмір шежіресі қандай деңгейде көрсетілді? Көпшілік өзіне шаралар арқылы қандай ілім алды? Осы жайында толығырақ ақпаратты Қарағанды облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Деспина Касапиди сұхбатта әңгімелеп берді.

– 18 тамызда Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдық мерейтойы бүкіл ел болып аталып өтті. Деспина Ивановна, сұхбатымызда осы атқарылған шаралардың өту барысымен таныстырып өтсеңіз?

Өзіңіз айтқандай, Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдық мерейтойы Қарағанды облысында аталып өтеді деген соң, облыс деңгейінде аясы кең шаралар жоспарын құрдық. Бұл жерде Қарағанды облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының үлесі зор болды.

Ұйымдастыру алқасы алдымен жыраудың мерейтойы өтетін орынды белгіледі. Мерейтой Бұқар жырау ауданына қарасты Ботақара кентінен 55 шақырым жерде орналасқан Керней ауылында атап өту туралы шешім қабылданды.

Бұқар жырау қазақтың ұлысы, заманында хан Абылайдың кеңесшісі болған ғой. Жыраудың артынан қалған жырлары күні бүгінге дейін ерекше аталып өтетін пәлсапалық сарынға толы. Әр жырында көрегендігі, рухы биіктігі, жаужүректігі байқалады. Менің ойымша қазіргі жастарға, тіпті барша адамзат оқыса, тұнып тұрған үлкен тағылым жатыр. Шешен де өткір сөздері терең ойға шолиды.

Ең алдымен біз шараның тұсаукесері ретінде ағымдағы жылдың 12-ші сәуірінде Жезқазған қаласында «Бұқар жырау және ұлттық идея» деген тақырыпта ғылыми-тәжірибелік конференция өткіздік.

Конференцияға Жезқазған, Сәтпаев қаласының және Ұлытау ауданының этномәдени орталықтарының өкілдері қатысты. Аймақтардағы ЖОО-ның профессорлары мен оқытушылары және «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының мамандары өз еңбектерімен бөлісті.

Конференцияның Жезқазған, Ұлытау жерінде өткені де бекер емес. Киелі жерде хан ордасы қазығын қағып, Абылай хан өз заманында хандық құрып, үш жүздің басын қосқан жер. Бұқар жырау ханның қасында ақылын айтып, ел билеген.

Тағылымды ғылыми-тәжірибелік шараға жастар да қатысты. Екі жас студентке үздік зерттеу жұмыстары үшін арнайы сыйақы табысталды.

Сонымен бірге қатысушыларға «Тұлғатану» орталығынан жарық көрген «Бұқар жырау тағылымы» деп аталатын ғылыми зерттеу жұмыстарының жинағы таратылды.

– Білуімше, бұл конференция Қарағанды қаласында жалғасын тапты?

Иә, мамыр айында Қарағанды техникалық университеті «Ұлы Дала жырауы» семинар-конференциясын ұйымдастырып, шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы белсенді мүшелері, Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық топ мүшелері, ҚарМТУ-дың профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.

Конференцияда оқылған баяндамалар саны 100 материал болып, жинаққа енгізілді. Астана, Семей, Арқалық, Жезқазған, Қарағанды қалаларының жоғары және орта білім беретін оқу орындарынан келіп түскен материалдармен жинақта танысуға болады. Бұл да бір оқулық іспеттес.

– Деспина Ивановна, ғылыми-тәжірибелік конференциялардың, семинарлардың нәтижесінде қандай ұсыныстар жасалды?

Бүгінгі тәуелсіз елде тұрып жатқанымыз, осы абыздардың, батырлардың, данышпан көсемдердің арқасында, дала пәлсапасының тереңдігінен бастау алып, бостандыққа, еркіндікке жол сілтегенін ұмытпауымыз керек.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ұлы Дала киелі мұралары» жобасының аясында бұқаралық жұмыстар жүргізіліп жатқанын айта кетейін. Жоба аясында еліміздегі киелі орындарға экспедициялық саяхат ұйымдастырылып, оған қатысып жүрген көзі ашық адамдардың өз ортасында айтары бар болуы керек. Сол жерде қаншама жастар жүр. Қайтсе де олардың жүрегінде тарих сақталып, тарихи тұлғалардың есімі жатталып, санасына сіңеді ғой. Олар өмірлері дастан болған жандардың қайсарлығынан, қайырымдылығынан, өмірінен сабақ алып, түйсігіне түйері анық. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» деген нақыл сөз бар ғой, сондықтан жастарды осындай шараларға тарту керек. Солар білсін, солар көрсін, солар түйсін. Кейінгі ұрпаққа жеткізсін деген ниет қазіргі атқарылып жатқан игі істер.

Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы өз кезегінде аталған жобаны өміршең қылып, бабалар ізін суытпас.

– Жырау мерейтойына арналып ұйымдастырылған шара жалғыз осылар ғана болмаған шығар?

Маусым айында, дәлірек айтсақ, 29-ы күні Қарағанды қаласындағы достық үйінде «Бұқарнаме» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Мұнда да ҚХА-ның облыстағы белсенді мүшелері, ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері, өңірдегі ЖОО-ның профессорлары, оқытушылары қатысты. Алдыңғы шаралардан бір ерекшелігі – Бұқар жыраудың ұрпағы – Д. Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының халықаралық конституциялық құқық және кеден ісі кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Қабдулсамих Айтхожин қатысты. Ол кісі өзі модератордың рөлін атқарды.

Шара барысында Бұқар жыраудың шығармалары қазақ, орыс, армян, украин және басқа да облыстағы этномәдени орталықтар өкілдерінің тілінде оқылды.

– Суретшілер мен қолөнершілер өнер мен мәдениеттің, тарих пен әдебиеттің тұғырынан түспейтін өнер иелері ғой. Облыстың өнер майталмандары атсалықсан көрменің жайы туралы тарқата кетсеңіз?

Тамыз айының бас кезінде Достық үйінде Бұқар жыраудың 350 жылдығына орай сурет өнері мен қолданбалы қолөнер шығармашылығына телінген облыстық көрменің ашылу салтанаты болды.

Көрмеге облыстың танымал суретшілерінің 20 жұмысы қойылып, қазылар алқасына 50-ден астам суреттер ұсынылды.

Жалпы көрме тамыз айының 9-ы мен 15-і күндері аралығында Достық үйінің Атриум залында келушілердің назарына ұсынылды. 

Тақырыпқа сай Қарағанды облысының суретшілер Одағының мүшелері М. Қалмаханов, Қ. Балабеков, Д. Ізбасарұлы, Ю. Ку, Ж. Балкенов, сонымен қатар жас буын суретшілер өкілдері Бұқар жырау Қалқаманұлының асыл мұрасын насихаттау аясында, XVII-XVIII ғасырды қамтитын туған жерге сүйіспеншілік тақырыбын өрбіте білді.

Жүлдегерлерге ақшалай сертификаттар беріліп, көрме жұмысының ұйымдастырылуына атсалысқандарға алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.

Сондай-ақ Достық үйінің кітапханасы мен Бұқар жырау аудандық өлкетану мұражайының ұйымдастыруымен «Қызыққа тоймас адамзат» ақпараттық кітап көрмесі таныстырылды. 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы деп жатырмыз ғой, міне, осы шаралар жандүниемізді рухани жаңғыртты.

– Жыраудың мерейтойы қандай деңгейде аталып өтті?

Жыраудың өткен тойына келер болсақ, бұл есте қалар өте маңызды, әрі мәнді шара болды. Жоғары деңгейде өтті. Жиналған жұрт ризашылықтарын білдіріп кетті.

Біріншіден, қазақ халқының өз тарихын ұмытпай, оны әркез өскелең ұрпаққа дәріптеп, насихаттай жүріп, біздердей өзге ұлт өкілдеріне таныстыру. Себебі, біз ҚХА өкілдері қазақ халқының салт-дәстүріне, тарихына, мәдениетіне құрметпен қараймыз.

Екіншіден, «әруақ разы болмай, тірі байымайды» деген қағиданы ұстанған қазақ халқының жалғыз Қазақстандағы ұлттарға ғана емес, әлем халқына көрсетер мұрасы көп. Жалғыз жыраудың мерейтойының өзінде қазақ халқының салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі көрініс тапты. Ұлттық ат ойындары ойнатылды. Нақтырақ тоқталып кетсем: аударыспақ, қыз қуу, теңге алу, топ бәйгі, аламан бәйгі, көкпар ойындары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Палуандар күш сынасты. Асық ату ойыны да ұмыт қалмады. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды. Керемет дүние.

Тойға келген зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, бұқартанушылар, ақындар, қоғам қайраткерлері, арнайы Елбасының үлкен құттықтауы мен сәлемін ала келген Мемлекеттік хатшы Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықова халықты дүбірлі тоймен құттықтады.

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы да бұл тойда атсалысып, ұлттық ойындарға қатысып, жұлдыздар мен өңірлік әншілеріміздің өнерін тамашалады.

Мерейтойға 100 киіз үй тігілді. Әр аудан өздерінің шаңырақтарын көтеріп келді. Жиылған жұртшылыққа арнайы 50 сауда шатырлары қойылды.

Қарағанды облысының Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының әртістері театрландырылған қойылым көрсетті. Сахна төрінде көрсетілген Бұқар жыраудың өмірінен алынған «Күміс көмей әулие» деп аталған көрініс көпшіліктің көңілінен шықты.

Мерекелік мерейтойда танымал әншілер Р. Рымбаева, А. Жорабаева, Ж. Баспақова ән шырқады. Тәжікстаннан «Хайрулло Дадобоев» фольклорлық ансамблі келді. Сонымен қатар Тәттімбет атындағы қазақ халық аспаптарының Академиялық оркестрі, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің солистері де өнерлерін ортаға салды.

– Деспина Ивановна, өзіңіз Бұқар жырау шығармашылығы мен шаралардың басы-қасында жүргеніңізден түйгеніңіз бар шығар?

Иә, Бұқар жыраудың 350 жылдық мерейтойын атап өту – Қазақстан тарихында ұмытылмас парақ болып қалмақ.

Қазақтың көсемі, жырауы Бұқар өзінен кейін мазмұны мен мәні бай ақындық, пәлсапалық және рухани мұра қалдырған екен.

Жыраудың негізгі тақырыбы да халқына, Отанына деген ыстық сүйіспеншілік. Нағыз отаншыл жан ретінде халқын ұлттық ауызбіршілікке шақырған шығармалары таңдай қақтырады.

Оның шығармаларының ұраны – халық күші бірлікте, мәңгілік ынтымақтықта және достықта.

Тарихқа сүйенсек, Бұқар жырау тоғыз ханмен замандас болған. Көп жылдар бойы Абылай ханның бас кеңесшісі қызметін атқарған. Тәуке ханның «Жеті жарғысын» құру барысына қатысқан.

Мен осындай кемеңгер тұлғаға тәнті болдым.

Әңгімеңізге рақмет, абыройлы еңбектеріңіз жалғасын таба берсін!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға