Жаңалықтар

Десанттық шабуылдау әскерлерінің альпинистік роталары алғашқы далалық жаттығуларын аяқтады

Десанттық шабуылдау әскерлерінің альпинистік роталары алғашқы далалық жаттығуларын аяқтады
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі 10.03.2024 14:48 776

Бірнеше ай бұрын Десанттық-шабуылдау әскерлерінің құрамаларында тау бөлімшелері құрылған болатын. Оның қажеттілігі ел аумағының он пайызын "альпинистік" роталар жауынгерлік міндеттер орындайтын тау жоталары құрайтынынан болып отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

"Көктал" оқу полигонындағы далалық іс-шараларда тәжірибелі нұсқаушылар, оның ішінде белгілі альпинист халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бірнеше дүркін жүлдегер, ТМД және Қазақстан Республикасының жоғары сыныпты чемпионы Мақсұт Жұмаев жеке құрамды таулы жерде күрделі жағдайда тактикалық тәсілдер мен жауынгерлік іс-қимылды орындауға үйретті.

Мақсұт Жұмаев – Қазақстанның ең танымал альпинистерінің бірі. Ол 2011 жылы Василий Пивцовпен бірге "Әлемдегі ең биік 14 шың" бағдарламасын орындаған. Мұндай "Гималай тәжінің" иегерлері әлемде санаулы ғана.

Десантшылар, әсіресе альпинистер атақты нұсқаушының сабақтарын зейін қоя тыңдады.

Онкүндік жиын барысында тау дайындығы роталарының әскери қызметшілеріне теориялық және практикалық сабақтар өткізілді. Негізгі назар тау рельефінің формаларын, таудағы қауіпсіздік шараларын, тау дайындығында қолданылатын сақтық әдістерін және тау жағдайында өмір сүру сабақтарын зерделеуге аударылды. Алғашқы жәрдем көрсету, өзіне-өзі көмек көрсету және жаралыларды тасымалдау негіздеріне ерекше назар аударылды, - деді Десанттық-шабуылдау әскерлері штаб бастығының орынбасары полковник Ақзам Берденов.

Әскери қызметшілер таудағы әртүрлі кедергілерді еңсеру кезінде тораптарды тоқу, сақтандыру және өзін-өзі сақтандыруды ұйымдастыру, арқан бекіту және оны көтерілу мен түсу кезінде қолдану тәсілдерін игерді.

Альпинистерге жартасты рельефті еңсеру техникасы, кертпелер, террассалар, карниздер және жартас тақталары бойынша қозғалыс үйретілді. Сондай-ақ, жергілікті жерді бағдарлау, таудағы азимут бойынша қозғалыс және тау өзені арқылы өтуді ұйымдастыру жүзеге асты.

Курстың теориялық және практикалық пәндері бойынша сынақтарды сәтті тапсырған әскери қызметшілерге альпинизм және тау дайындығы бойынша базалық разряд беріледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға