Жаңалықтар

Десантшылар әскери қалашықтағы өртті дер кезінде сөндіріп үлгерді

Десантшылар әскери қалашықтағы өртті дер кезінде сөндіріп үлгерді
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі 23.07.2023 16:52 580

ҚР Қарулы Күштері Десанттық-шабуылдау әскерлері 16194 әскери бөлімінің өрт сөндіру есептобы шұғыл түрде Алматы облысында өртті ауыздықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өрт әскери қалашықтағы гараждарда болған. Қызыл жалынды патруль құрамында әскери бөлімнің аумағын айналып өткен ефрейтор Альтаир Мұхамедсалимов байқап, бірден кезекшіге баяндап, кейін оқиға орнына өрт сөндірушілер есептобы келіп жеткен.

Сержант Бақытжан Қалидолдаевтың басшылығымен құрамында 10 адамы бар өрт сөндірушілер тобы жарты сағат ішінде жалынды ауыздықтап үлгерді. Орын алған оқиғаны желдің екпіні қиындатты, соның салдарынан өрт көрші ғимараттарға да таралуы мүмкін болған.

Негізінен бұл гараждарды әскери қалашық тұрғындары қойма ретінде пайдаланады. Біз өрт тұрғын үйлерге немесе әскери бөлімге таралмас үшін тез әрекет еттік. Бақытымызға орай, ешкім зардап шеккен жоқ, - дейді сержант Бақытжан Қалидолдаев.

Өртті сөндіру кезінде есептоп әскери бөлімде үнемі өткізілетін сабақтарда алған барлық білім мен дағдыларын пайдаланды. Жедел және батыл әрекеттерінің арқасында оқиға нәтижелі аяқталып, жеке құрамға әскери қалашық тұрғындары алғыс білдірді. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға