Жаңалықтар

Депутаттардың бастамасымен 27 заң жобасы әзірленді

Бұл туралы бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов айтты
Депутаттардың бастамасымен 27 заң жобасы әзірленді
Фото: egemen.kz 30.06.2022 12:52 1464

Сессия барысында Парламент 27 халықаралық шарт пен мемлекетаралық келісімді ратификациялады. Бұл туралы бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов айтты, – деп хабарлайды El.kz порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

– Сессия барысында депутаттардың бастамасымен 27 заң жобасы әзірленді. Олардың 19-ы қазіргі уақытта қабылданды және 8 заң жобасымен жұмыс жалғасып жатыр. Депутаттар бастамашы болған заңдардың бірқатары Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға бағытталған, – деді Е. Қошанов жетінші сайланған Парламенттің екінші сессиясының жұмысын қорытындылау кезінде.

Осы орайда ол мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері жөнінде де заң қабылданғанын еске салды. Соның нәтижесінде 13 мыңға жуық ата-ана балаларының оңалтудан өтуі кезінде бірге тұру мен тамақтануға жұмсалатын шығыстардың 70 пайызына өтемақы алады.

– Қорытындыланып отырған сессия барысында Парламент елдің сыртқы саясаттағы басым міндеттерін іске асыруды бекітетін, шет елдермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған 27 халықаралық шарт пен мемлекетаралық келісімді ратификациялады. Олардың ішінен медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық татуласу келісімдері туралы конвенцияны, толық емес жұмыс уақыты жағдайларындағы жұмыс туралы конвенцияны, Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға хаттамаларды ерекше атап өткім келеді, – деді Мәжіліс төрағасы.

Оның айтуынша, өткен сессияда депутаттық сауалдармен де көптеген мәселе көтерілді. Парламент депутаттары Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдардың атына 494 депутаттық сауал жолдады.

– Депутаттар 49 рет өткізілген «дөңгелек үстелде» көптеген мәселелерді қарап-зерттеді. Олардың арасында ауылдық елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету, мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету, Омбудсменнің құқықтық мәртебесі, қылмыстық қудалау және жазаны орындау саласында адам құқықтарын сақтау, кәсіпкерлікке мемлекеттің қатысуын азайту және басқа да мәселелер бар, – деді ол.

Ерлан Қошанов өткен сессияда депутаттық корпустың қызметі Үкіметпен тығыз байланыста жүзеге асырылғанын айтты.

– Бірлескен жұмыстың тиімділігін арттыру үшін сессия барысында бірнеше министрлік пен ведомство басшылары депутаттардың алдында бағдарламалық құжаттардың іске асырылуы туралы баяндама жасады. Мәселен, сессия барысында 14 үкімет сағаты өткізілді. Атқарылған іс-шаралардың нақты нәтижесі – парламентарийлердің ұлттық жобаларды жүзеге асыру тиімділігін арттыруға және халықтың өткір проблемаларын шешу тетіктерін әзірлеуге бағытталған кешенді ұсыныстарынан тұрады, – деді Мәжіліс төрағасы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент депутаттары каникулға кетті. Е. Қошанов екінші сессияның заңнамалық күн тәртібі айтарлықтай мазмұнды болғанын айтты.

– Мәселен, Праламент палаталарының 4-ші бірлескен отырысы өтті. Мәжілістің 42 жалпы отырысы өтіп, онда 271 мәселе қаралды. Сенаттың 42 жалпы отырысы өтіп, онда 148 мәселе қаралды. Осы сессия кезінде қос палатаның жұмысында 127 заң жобасы болды, оның 78-і қабылданды, – деді Мәжіліс төрағасы.

Сонымен қатар Ерлан Қошанов заң шығару процесіндегі кемшіліктерді атады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға