Жаңалықтар

Депутаттар тұрғындардың өтінішінен кейін Шахтинсктегі ЖЭО-ға барды

Депутаттар тұрғындардың өтінішінен кейін Шахтинсктегі ЖЭО-ға барды
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі 14.08.2024 17:36 510

Шахтинск қаласында жаңа жылу маусымына дайындық жүріп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжіліс депутаттары, «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшелері Үнзила Шапақ, Тілектес Адамбеков пен Никита Шаталов жергілікті жылу электр орталығын қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты.

Қарағанды ​​облысы Шахтинск қаласының тұрғындары өткен қыста үйлерінің суық екенін айтып, бірнеше рет шағымданған. Мәжіліс депутаттарына және «AMANAT» партиясына бірнеше өтініш түсті. Пәтерлерде және әлеуметтік нысандарда ауа температурасы +12-15℃ дейін төмендеген.

Депутаттар жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелерін станция басшылығымен, мердігерлермен және қалалық, облыстық әкімдік өкілдерімен талқылады.

Егер барлық жұмысты уақытында аяқтамасақ, қаладағы 40 мыңға жуық тұрғын жылусыз қалуы мүмкін. Тозығы жеткен коммуналдық желілердің санын азайту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету – «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарының бірі. Биыл қыста адамдар электр қуатын артық жұмсап, жылытқыштарды қосуға мәжбүр болды, терезелерге мұз қатты. Сазға ұқсаған көмірдің сапасы да сын көтермеді. Депутаттар ЖЭО мәселесін ерекше бақылауда ұстайтын болады, – деді мәжілісмен Никита Шаталов.

«Шахтинсктеплоэнерго» ЖШС өкілдерінің хабарлауынша, қазіргі уақытта үш қазандық қондырғысында монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Ал екі турбинада ағынды бөлімнің жұмыстары аяқталды. Негізгі және қосалқы жабдықтарды дайындау да жалғасуда. Тұрғындардың үйін жылыту үшін осы жазда Шахтинск қаласында 3,7 шақырым жылу желісін ауыстыру жоспарланған. Сондай-ақ 2 шақырымдық құбырдың жылу оқшаулауы қалпына келтірілмек. Жөндеу жұмыстарына барлығы 150-ге жуық адам жұмылдырылған.

Мердігер ұйымдар №1, №3 және №4 қазандықтарында жұмыс істеп жатыр. №1 қазандықтың жөндеу жұмысы аяқталды, №3 қазандықта монтаждау және демонтаж жұмысы жүргізілуде, ол жылыту маусымы басталғанға дейін аяқталады. №4 қазандықты жөндеу 15 қыркүйекке дейін аяқталады. Бұған қоса, екі турбогенератордың жөндеу жұмыстары 100 пайыз орындалған. Қазандықтар мен бу қазандарын тазалау және монтаждау жұмыстары жүргізілуде, – деді «Шахтинсктеплоэнерго» ЖШС техникалық директоры Абылай Сейдуәлі.

Сонымен қатар қоршаған ортаның ластануының алдын алу үшін көмірдің орнына табиғи газбен жылыту мәселесі қарастырылуда. Қала шекарасына жоғары қысымды газ құбыры тартылды, ал биыл автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысын аяқтау жоспарланды.

Еске сала кетейік, бұған дейін «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшелері Шахтинск қаласындағы жылу мәселесін көтеріп, Үкіметке депутаттық сауал жолдаған болатын. Осыған байланысты Қарағанды ​​облысы бойынша Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті Шахтинск ЖЭО-на жоспардан тыс тексеру жүргізіп, температуралық кестені сақтамағаны үшін айыппұл салды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға