Жаңалықтар

Депутаттар су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлеуді бақылауда ұстайды

Депутаттар су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлеуді бақылауда ұстайды
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі 10.04.2024 21:05 453

Мәжіліс депутаттары су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы жұмысын жалғастыруда. Соның ішінде жағдайы күрделі өңірлерге ерекше назар аударылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжілістің баспасөз қызметінің мәліметінше, кейбір елді мекендерде су тартыла бастағанымен тұруға жарамсыз. Сондықтан тұрғындар үйлеріне қайта алмай отыр. Олармен кездесуде депутаттар тасқын салдарынан болған шығындарға берілетін өтемақы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Депутаттар Еркебұлан Мәмбетов, Дмитрий Колода және Бақытжан Базарбек Солтүстік Қазақстан облысындағы бірнеше елді мекендіаралап, су тасқынымен күрес жұмысыныңбарысымен танысып қайтты.

Бүгінде Есіл ауданы Покровка ауылындағы су деңгейі 1,5 метрден асып, қауіп төндіріп отыр. Жағдай Есіл өзеніндегі мұздың жылжуына байланысты қиындады. Өзеннің көтерілуінен 24 үйді су астында қалып, тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Депутаттар олармен кездесіп, шығындарды өтеуге қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Өтемақы Үкіметтің тиісті қаулысына сәйкес беріледі. Төтенше жағдай басталғаннан бастап 30 күн ішінде жергілікті мемлекеттік органдарға өтемақы туралы өтініш беру қажет, 10 жұмыс күні ішінде залалдың мөлшері айқындалады. Өтемақы төлеуге арналған қаражат жергілікті атқарушы органдардың резервтерінде бар. Егер қосымша қаржыландыру қажет болса, ол мемлекеттік резервтен беріледі. Мемлекет көмек көрсетеді, ешкім назардан тыс қалмайды, – деді Дмитрий Колода.

Депутаттар көршілес Николаевка ауылындағы қалпына келтіру жұмыстарымен де танысты. Мұнда да 20-дан астам үйді су шайып, барлық тұрғын жергілікті эвакуациялау пунктіне жіберілді. Техникалар жұмылдырылып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұдан соң депутаттар Қызылжар және Шал ақын аудандарына барып, Новоникольское, Қаратал ауылдары мен Сергеевка қаласындағы су электр кешенінің жағдайымен танысты. Бүгінде су қоймасындағы су деңгейі 4,2 метрден асады. Болжам бойынша 1-2 тәулік ішінде көп мөлшердегі су Петропавлға жетеді.

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров су астында қалған құлсарылықтардың жағдайымен танысты. Ол сапар барысында мүлкінен айырылған халықпен кездесіп, мәселелерін талқылады.Депутаттың айтуынша, бүгінде қаланың 40 пайызын су шайып кеткен.

Депутат қазіргі уақытта қалада түрлі ауру тарау қаупі барын айтты. Осы бағытта жергілікті эпидемиологиялық орталық тиісті шаралар атқаруға тиіс. Құлсарыдағы су деңгейі соңғы екі күнде төмендеген. Енді билік тарапынан шығынға ұшыраған халықтың өтемақысының дұрыс берілуіқадағаланады.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында болып, осы өңірді паналауға мәжбүр болған құлсарылықтармен кездесті. Жергілікті мектепке көшірілген тұрғындардың хал-жағдайын білді. Мектеп ғимаратындағы эвакуациялық пунктті 700-ге жуық адам паналаған. Мектеп әкімшілігі оларға барлық жағдай жасалғанын, оқушылар үшін сабақ онлайн форматқа көшірілгенін айтты.

Ал депутат Вера Ким қазір Павлодар облысында жүр. Ол Ақтоғай, Успен, Ертіс және Железин аудандарындағы су тасқынына қарсы іс-шаралар атқарып жатқан қызметкерлермен кездесті. Бұл әкімдіктер, төтенше жағдайлар қызметі, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары, білім, денсаулық сақтау, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет және басқа да мекемелер. Кездесу барысында жұмыстарды үйлестіруге, соның ішінде өңірлер арасындағы техниканы тасымалдауға баса назар аударылды.

Депутат халықпен бірқатар жиын өткізіп, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің алгоритмін түсіндірді. Облыста барлығы 125 отбасы су тасқынынан зардап шеккен. Алдын ала есептеулер бойынша келтірілген шығын көлемі 207,9 млн теңге. Бүгінгі таңда 71 отбасы тұрғын үйді жөндеу және қалпына келтіру үшін 38,3 млн теңге төлем алды. Су тасқынынан әлеуметтік нысандар зардап шеккен жоқ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға