Жаңалықтар

Депутаттар Маңғыстаудың экологиялық, энергетикалық және сумен жабдықтау мәселелерін талқылады

Депутаттар Маңғыстаудың экологиялық, энергетикалық және сумен жабдықтау мәселелерін талқылады
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі 15.10.2024 18:38 359

Маңғыстау облысында Мәжілістің Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршиннің жетекшілігімен көшпелі отырыс өтті. Жиын Маңғыстау облысының экологиялық, энергетикалық проблемалары мен сумен жабдықтау мәселелері және оларды шешу жолдарына арналды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оған Мәжіліс депутаттары, Маңғыстау облысының әкімі мен орынбасарлары, орталық атқарушы органдардың басшылары, қала және аудан әкімдері, барлық деңгейдегі жергілікті мәслихат төрағалары мен өңірдегі ірі өндіріс мекемелерінің басшылары қатысты.

Отырыста облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов өңірдегі қоршаған ортаны қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

Маңғыстау өңіріндегі «Қошқар-Ата» қалдықтар қоймасын рекультивациялау жұмыстары 2007 жылы басталды. Жобаға сәйкес 4279 га жерді 30 см қалыңдықта топырақты тығыздау арқылы көму жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Бүгінгі күні жалпы ауданы 584,2 га радиациялық қауіпті жер қалпына келтірілді, – деді Ербол Ізбергенов.

Өз кезегінде Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Маңғыстау өңіріндегі энергетика мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта «Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты» – ЖЭО – 1 (тозу – 76 %), ЖЭО – 2 (тозу – 82%) және ЖЭС (тозу – 87%) тұратын бірыңғай энергия, жылу өндіруші кешен. Оның негізгі міндеті – электр, жылу энергиясымен және ыстық сумен қамтамасыз ету.

Отырыста Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев Маңғыстау облысындағы экологиялық жағдай туралы мәлімет беріп, Төтенше жағдайлар вице-министрі Серік Төленбергенов төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мәселелеріне тоқталды.

Су ресурстар және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов климаттық өзгерістер мен суға деген сұраныстың артуы жағдайында су ресурстарын тиімді басқарудың маңыздылығын, сондай-ақ 2025 жылы Ақтау қаласында Каспий зерттеу институты ашылатынын айтты.

Отырыс аясында комитет депутаттары Маңғыстау облысында қордаланған мәселелерге қатысты орталық және жергілікті органдардың басшыларына сұрақтарын қойды. Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай өз сөзінде өңірдегі экологиялық және энергетикалық мәселелерді шешу бағытында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Комитеттің көшпелі отырысын қорыта келе, Еділ Жаңбыршин өңірдегі энергетика, экология және ауыз су мәселелерін шешу үшін бірнеше бағытта жұмысты күшейту қажет екенін атап өтті.

Алдымен Қазақстан Республикасының заңдарының, оның ішінде «Жылуэнергетика», «Экологиялық Кодекс» және басқа да тақырыпқа қатысты заңнамалардың талаптары дер кезінде орындалуы керек. Мысалы, жаңа көтерілген лас шығындыларды автоматты түрде мониторинг жасау кейбір ірі кәсіпорындарда әлі күнге шейін іске аспаған. Заң бойынша олар 2023 жылдың 1 қаңтарында іске қосылуы керек еді. Сонымен қатар «Жылуэнергетика заңында» жергілікті биліктің жылумен қамтуда құзыреті мен міндеттері бекітілген. Оларды жүйелі түрде қолға алу қажет. Ауыз су бойынша жоспарланған жобаларды уақытылы қаржыландыру да өте маңызды, – деді Еділ Жаңбыршин.

Депутат атап өткендей, басшылыққа алынатын тағы бір маңызды құжат – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2022 жылғы 7 қарашада Маңғыстауға жұмыс сапары кезінде берілген 34 тапсырманы нақты орындау. Олардың 14-і, яғни 41 пайызы бүгін талқылап отырған тақырыпқа тікелей қатысты.

Үшінші бағыт – Маңғыстау облысының экологиялық мәселелерін кешен түрде шешу бойынша 2020 жылы бекітілген Жол картасындағы 36 позицияны орындау. Тіпті, қажет болса оған қосымша өзгертулер енгізу жайын қарастыру. Осы жерде көтерілген мәселелер мен ұсыныстарды Комитеттің көшпелі отырысының хаттамасына енгіземіз, ол Үкіметке жолданатын болады, – деді Еділ Жаңбыршин.

Комитеттің көшпелі отырысы аясында Мәжіліс депутаттары Маңғыстау облысындағы «Қошқар-Ата» қалдық қоймасы, «Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты», «ҚазАзот», «Каспий» су тұшыту зауыты, «Caspi Bitum», «Жетібаймұнайгаз» кәсіпорындарын, сондай-ақ басқа да өндірістік нысандар мен «Маңғыстау эксперименталды ботаникалық бағы», «Қызылсай», «Қаракөл» сияқты ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қызметімен танысты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға