Жаңалықтар

Депутаттар білім сапасы мен жастарды жұмысқа орналастыру мәселесін талқылады

Депутаттар білім сапасы мен жастарды жұмысқа орналастыру мәселесін талқылады
Фото: ҚР Сенатының баспасөз қызметі 25.05.2023 23:49 597

Кездесу барысында білім, ғылым және жоғары білім министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері баяндама жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сенатта «Мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігін арттыру, сапалы орта білім беруді қамтамасыз ету, жоғары және кәсіптік-техникалық білім берудің даму үрдістері» тақырыбында дөңгелек үстел болды. Шараға Сенат депутаттары, уәкілетті және мүдделі министрліктер, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстық мәслихаттардың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағалары, білім беру және қоғамдық ұйымдардың, педагогикалық қоғамдастықтың өкілдері қатысты.

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым жөніндегі комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп қазіргі жағдайда техникалық және кәсіптік жоғары білім беру жүйесі неғұрлым икемді әрі тиімді болуы, экономика үшін қажетті және керек кадрларды даярлауға тиіс екенін атап өтті.

Еліміздегі білім беру жүйесін сандық көрсеткіштер ғана емес, сапалық көрсеткіштерге орайластырып негіздеу – бүгінгі күннің басты талабы. Біздің комитет бүгінгі шараны ұйымдастыру жөніндегі жұмыс аясында бірнеше кездесу өткізді. Шаралар барысында білім беру, оқыту процестеріне заманауи әдістемелер мен технологияларды енгізуге, педагогтердің сапасы мен біліктілігін арттыруға, еңбек нарығындағы мамандықтар бәсекесін арттыруға және жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға қатысты бірқатар мәселелер көтерілді. Бұл бағыттарда ауқымды жұмыс күтіп тұр, - деді Нұртөре Жүсіп.

Кездесу барысында білім, ғылым және жоғары білім министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері баяндама жасады.

Депутаттар кездесуді қорытындылай келіп, дөңгелек үстел отырысының қорытындысы бойынша Үкіметке жіберілетін ұсынымдар әзірленетінін атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға