Депутат Смышляева: Сақтандыру жүйесі пациент пен дәрігерді қорғай алмай отыр
Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесінің тиімділігіне күмән келтірді. Оның айтуынша, бюджеттен қомақты қаржы бөлінгенімен, жүйе әлі де толыққанды қорғаныс тетігіне айнала алмай отыр.
Мәжіліс мінберінде депутат Екатерина Смышляева денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова атына өткір сауал жолдады. Смышляеваның сөзінше, пациенттер мен медицина қызметкерлерінің құқығын қорғауға бағытталған жүйе әзірге толыққанды жұмыс істемейді.
Сәуір айында медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандырудың құқықтық негізі қабылданғанына екі жыл толады. Бұл модель бір жарым жылдан бері қолданылып жүр. Алайда талдау жүйенің әзірге алға қойған мақсатына толық қол жеткізе алмағанын көрсетті. Мәселен, 1,5 жыл ішінде бюджеттен бөлінген сақтандыру сыйлықақылары 6 миллиард теңге жетсе, нақты төлемдер көлемі 230 миллион теңгеден сәл ғана асады, – деді Екатерина Смышляева.
Оның пікірінше, қазір бұл жүйе пациенттер мен дәрігерлерден гөрі, сақтандыру әкімшілерінің мүддесін көбірек қорғайды.
Биыл наурыздағы дерекке сәйкес, сақтандыру пулы 332 өтінімді тіркеген. Алайда олардың тек 52-сіне ғана төлем жасалған. 38 өтініш әлі қаралып жатса, 242-сі, яғни 72,9 пайызы бойынша бас тарту туралы шешім шығарылған. Негізгі өтініштер бес өңірге тиесілі. Олар – Астана, Алматы қаласы, сондай-ақ Қарағанды, Қостанай және Ақмола облысы. Барлық тіркелген өтінімнің 64 пайызы және төлемдердің 70,8 пайызы осы өңірлерде тіркелген. Соған қарамастан, өңірлерде сақтандыру жағдайын анықтау және реттеу тәжірибесі әркелкі.
Сонымен қатар, тәуелсіз сараптамалық комиссиялардың (НЭК) жұмысы да бірізді емес. Депутат зардап шеккендерді бір норма төңірегінде іріктеп, шешім шығаратынына налыды. Мысалы, белгілі біреудің денсаулығына зиян келді делік. Оған мүгедектік берілмесе, сақтандыру шығыны өтелуі неғайбіл. Сондықтан зиян келгенін дәлелдеген күнде оны қаржылай растау қиын. Смышляева медицина саласындағы сақтандырудың құқықтық негізде бірізді емесін нұсқады.
Депутат жүйедегі тағы бір маңызды олқылықты атап өтті. Заңда заңгерлік көмек шығындарын өтеу қарастырылғанымен, іс жүзінде бұл норма жұмыс істемейді.
Бір жарым жыл ішінде бірде-бір медицина қызметкеріне адвокат жалдау шығыны өтелмеген. Яғни бұл тетік іс жүзінде іске қосылмаған. Соған қарамастан, дәрігерлер адвокаттың көмегіне жиі жүгінеді, – деді ол.

