Жаңалықтар

Депутат Сәтбаев атындағы каналға дербес заңды тұлға мәртебесін беруді сұрады

Депутат Сәтбаев атындағы каналға дербес заңды тұлға мәртебесін беруді сұрады
Фото: parlam.kz 24.05.2023 12:44 629

Қаныш Сәтбаев атындағы каналда қалыптасқан жағдай алаңдатады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

60 жыл бұрын қолданысқа берілген бұл канал – бүгінгі таңда 458 шақырымды құрап, Астана қаласы, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау облыстарының тұрғындарын, сондай-ақ осы өңірлердегі өнеркәсіп, энергетика және ауыл шаруашылығы объектілерін сумен қамтамасыз етудің негізгі және баламасыз көзі. Одан қалды Қорғалжын көліне, Шідерті экологиялық аймағына су жіберу, сондай-ақ лимандық және тұрақты суармалауды жүзеге асыру осы канал арқылы жүргізіледі.

Дегенмен каналдың бүгінгі техникалық жағдайы көңіл көншітерлік емес. Мұны Мәжіліс депутаттары да тілге тиек етті. Депутат Еділ Жаңбыршин бұған 2011 жылы каналдың республикалық мемлекеттік кәсіпорын мәртебесінен айырылып, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының филиалы болып қайта құрылуы себеп дейді. Бұл жайт каналдың техникалық жағдайына, кадрлық және әлеуметтік саясатына әсер еткенін алға тартты.  

 «Қазсушар» 2015-2018 жылдары каналдың пайдасынан өз қажеттіктеріне 2,8 миллиард теңгені алып қойған. Сондай-ақ каналдың қаражаты есебінен «Апан» экологиялық полигоны, «Жәйрем-Қаражал», «Ескулинский», «Үйтас-Айдос» топтық сутартқыштары ұсталып отыр. Сонымен қатар жыл сайын каналдың бюджетінен 250 миллион теңгеден астам қаражат «Молодежный» және «Шідерті» жұмысшы кенттерін жылумен және сумен қамтамасыз етуге бөлінеді, ал бұл объектілер жергілікті атқарушы органдардың балансында болуы тиіс, - дейді мәжілісмен.

Жаңбыршиннің сөзіне қарағанда, дербес заңды мәртебесі болмағандықтан, канал мамандарды даярлау мен қайта даярлау жұмысын жүргізу, өз қызметкерлерінің жалақы деңгейін реттеу және олардың әлеуметтік мәселелерін шешу мүмкіндігінен айырылып отыр.

Бұл ретте осындай бірегей құрылысты пайдалану электротехникалық, гидромеханикалық және гидротехникалық жабдықтарды жөндеу мен сақтау жөніндегі жүйелі тәсілді талап етеді.

Құқықтық және қаржылық дербестіктің болмауы канал басшылығының оны реконструкциялау мен жаңғырту бойынша тиісті іс-шараларды атқаруға мүмкіндік бермей отыр, - дейді Жаңбыршин.

Қ.Сәтбаев атындағы каналдың бүгінгі жай-күйіне Президент те назар аударып, Үкіметке оны зерделеуді тапсырған.

Осы орайда мәжілісмен Сәтбаев атындағы стратегиялық маңызы бар каналға дербес заңды тұлға мәртебесін беру керектігін алға тартты:

Каналдың бірегей инфрақұрылымы мен қаржылық тәуелсіздігін сақтау үшін оған дербес заңды тұлға мәртебесін беру қажет. Бұл өз кезегінде соңғы жылдары осы кәсіпорында қордаланған көптеген мәселенің шешілуіне мүмкіндік береді және канал Астана қаласы мен Орталық Қазақстанды сенімді су ресурстарымен қамтамасыз етеді. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға