Жаңалықтар

Депутат қаржы пирамидасының жандануына блогерлерді кінәлады

Депутат қаржы пирамидасының жандануына блогерлерді кінәлады
Фото: Жеке мұрағат 03.05.2023 11:33 1995

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев еліміздің заңнамасында блогер мәртебесін айқындау туралы бастама көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Осы арқылы ол жауапкершілікті сезінбей, ойына келгенді жасап жүргендерге тұсау боламыз деп отыр. Мәжілісменнің айтуынша, қазір өзін блогер санайтындардың кейбірі ақпаратты тексермей, өз пайдасына бұрмалап, тиісінше халықты да адастырып жүр. Ал басым көпшілігі тек хайп ұйымдастырып әлек.

Қазір өзін блогермін деп жүргендердің дені – ақпараттың рас-өтірігін тексермей, оңай жолмен баю мақсатында кез келген адамға жала жабудан тайынбайтын, бопсалап ақша табатын, атаққұмар, елдің берекесін бұзып, қауіпсіздігіне қатер төндіретін сауатсыз адамдар. Көпшілігі ел алдындағы беделін, атақ-дәрежесін пайдаланып, халыққа көмек жасап жатқандай сыңай танытып, әлеуметтік желілерде түрлі «хайп» ұйымдастырып әлек, - дейді Баққожаев.

Депутат қаржылық пирамиданың қанат жаюына да осы блогерлерді кінәлап отыр. Мұның соңы суицидке апаратынына олар мән де бермейтін көрінеді.

Дәл осы блогерлер талай жылдан бері ұмыт болған қаржылық пирамиданың жандануына да себеп болғанын бәріміз жақсы білеміз. Сол алаяқтарға сеніп қалған қаншама адам суицид жасады, қаншауы денсаулығынан айрылды, тағы қаншамасы үйсіз-күйсіз қалып, қаңғырып кетті?! Олардың обалы кімге? – деп шүйлікті ол.

Өкінішке қарай, бұл жайт талай қайталанса да, оған тоқтау салатын, алдын алатын ешкім табылмай тұр. Ал жалған ақпарат таратып жүргендер жазадан оңай құтылып кетіп жатады.

Қоғамда жастардың жұмысқа құлқының төмендеп кетуіне де, қыздарымыздың шетелде күңдікке түсуіне де осы блогерлердің үлесі зорын айтты депутат. Тіпті Қазақстан аз ғана уақыт ішінде сөзі мен ісіне жауап бере алмайтын блогерлердің отанына айналып кеткенін алға тартты.

Өмірге деген көзқарасы енді қалыптасып келе жатқан жастарымыз осы блогерлерге еліктеп, жатыпішерлікке әуестеніп барады, олар ұлтымызға жат мәдениет пен теріс идеологияны бойына сіңіріп жатыр. Сондай-ақ, осы блогерлердің сөзіне сеніп, шетелге күңдікке түскен қыздарымыз қаншама?! – деді мәжілісмен.

Қазір істің ақ-қарасын ашып жатпайтын блогерлердің кесірі журналистерге тиіп жүргені де жасырын емес. Ал тілшілердің құқығын нақтылайтын БАҚ туралы заң әлі де дайын емес.    

Кімнің болмасын алдында тікеңдеп, беттен алып, жеке басына тиіседі. Сөз бостандығы деген осы ма? Біз осылайша тұтастай бір мамандықты қор қылып отырмыз. Журналистердің көбі жұмыссыз! Олардың білімі де, талабы да бар. Олардың блогерлерден айырмашылығы – әдепті, сондықтан да жұмыссыз, - деді Мәжіліс депутаты.

Осы орайда мәжілісмен ақпарат саласындағы жауапкершілікті блогерлер журналистермен қатар сезінуі керектігін алға тартты.

Тез арада БАҚ туралы заңды пысықтап, Мәжілістің ашық талқылауына енгізу қажет. Ақпарат саласындағы жауапкершілікті тек журналистер емес, блогерлер де сезінетін уақыт жетті. Бұл мәселені аталған заң жобасының аясында дереу қарастыруымыз қажет. Себебі жауапкершілікті түсіне алмайтын блогерлердің саны уақыт өткен сайын артуда, - деді ол.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от EL.KZ (@el.kz)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға