Жаңалықтар

Депутат прокуратура органдарының бейқамдығын сынады

Депутат прокуратура органдарының бейқамдығын сынады
Фото: parlam.kz 21.06.2023 13:58 1334

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутат Прокуратура адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың мүдделерін қорғауы тиіс екенін айтты.

Алайда аймақтардағы прокуратура органдарының бейқамдығын түсіп жатқан шағымдардан байқауға болатынын да атап өтті.

Мысалы, Жамбыл облысы Байзақ ауданы тұрғыны Әбдіраман Тұрсынбаев мемлекеттен 5 жылға жалға алған 12 гектар жер учаскесін кәсіп ұйымдастырып, игерудің орнына жерді рәсімдеу барысында әкімдіктің жіберген өрескел қателігі үшін сот процесстерінен бас көтере алмай, бар уақытын соған жұмсап, өз міндеттемелерін орындау кезеңін өткізіп алды. Ақыр аяғы жерінен айырылып, салған инвестициясын қайтара алмай, үлкен көлемде шығынға батты. Әкімдік болса өзінің кінәсін мойындап, әділдікті орнатудың орнына жергілікті халықты Тұрсынбаевқа қарсы қойып, жайылымды желеу қылып, бассыздық көрсетіп отыр, - дейді депутат.

Тағы бір мысал ретінде Алматыда жақында ғана ашылған БАКАД тас жолының кесірінен бұғаттауда қалған фермерді айтты.

Алматы облысы Іле ауданындағы «Казцик» елдімекені маңындағы «Жаңару» шаруа қожалығының ауыл шаруашылығы жері мен өндірістік орны магистральдің салыну барысында мердігермен де әкімдікпен де ескерілмеген. Олар аудандық прокуратураға, Іле ауданының әкімдігіне, Алматы облысы әкімдігінің автомобиль жолдары басқармасына және ҚР индустрия министрлігінің автомобиль жолдары Комитетіне жүгініп, бірнеше шағым жазса да, мәселе өз шешімін таппаған. Бүгін бұл шаруа қожалығы БАКАД тас жолының қоршауында қалып, банкрот болуға жақын тұр, - дейді Мәжіліс депутаты.

Бұдан бөлек Алматы қаласында «Нуртау Темір» серіктестігінің заңды құқықтары бұзылған.

Бұл мекеме 2013 жылы бетон зауытын салуға жер алып, қажетті инфрақұрылымын жүргізіп, 10 миллиардтан астам инвестиция құйды. 300 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп келе жатқан «Нуртау Темір» серіктестігі ашылғалы бері бюджетке 2 млрд. теңгеден астам салық төлеген. Зауыт экологиялық талаптардың барлығына сай деп танылған. Алайда 2021 жылы Алматы қалалық экология департаменті өзінің үш жыл бұрын берген мемлекеттік экологиялық сараптамасы мен эмиссиялық рұқсаттамасын жоққа шығарып, бетон зауытының жұмысын тоқтатуға кіріскен. Содан бері серіктестік экология департаментімен соттасып, арпалысып жатыр.

Өз құжатына өзі қарсы келген экология департаментінің бұл әрекетін қалай түсінуге болады? Мұның астарында қандай пиғыл жатыр? Заңды тұлғалар құқықтарының өрескел бұзылып, әбден тапталып жатқаны үйреншікті жағдайға айналуда.

2010 жылдан бері шет елдік нарықта Қазақстанның атағын шығарып, ауыл шаруашылығы өнімін терең өңдеп, жергілікті бюджетке жыл сайын 2 млрд теңге салық төлеп, Орал қаласының 800-ге жуық адамына жұмыс беріп отырған «Кублей» консерві зауытының тағдыры соның айқын дәлелі. Индустриялық аймаққа деп арнайы бөлінген жерге тұрғын үй кешенін салдыртқан қала әкімдігімен бірнеше рет соттасып, өзінің құқығын дәлелдеп, ақыры жеңіп шыққан отандық мекеменің ісі қайта сот қарауына жіберілгенін әлі күнге дейін түсіне алмай отырмыз, - деді Анас Баққожаев.

Оның атап өтуінше, «Кублей» зауытының қараптан қарап жәбірленіп отырғанын көптеген мемлекеттік органдар жақсы біледі. Алайда, дәл қазір бәрі шарасыз отыр.

Осыған байланысты жоғарыда көрсетілген фактілер бойынша Бас Прокуратура тарапынан тексеріс ұйымдастырылуы қажет деп санаймыз. Себебі бұлай жалғаса берсе, халықтың әділдікке деген сенімі мүлде жоғалады, - деді депутат.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға