Депутат оң рөлді көліктермен жолаушы тасымалдауға тыйым салуды ұсынды
Мәжілістің бүгінгі жалпы отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев трассаларда оң рөлді минивэндер қатысатын жол апаттары жиілегенін айтып, бұл мәселеге қатаң бақылау енгізуді ұсынды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Депутаттың мәліметінше, биылғы он айдың қорытындысында мұндай апаттар саны 27 пайызға артқан. Оң рөлді көліктердің такси қызметінде қолданылуы заң бойынша рұқсат етілмегеніне қарамастан, олардың жолаушы тасымалдап жүргені анықталып отыр. Бейсенбаевтың айтуынша, агрегатор компаниялары бұл талаптың сақталуын толық қадағаламайды.
Халық қалаулысы соңғы жылдары Toyota Alphard пен Estima маркалы көліктер жиі апатқа ұшырап, жағымсыз пікір қалыптастырғанын атап өтті. Ол биыл шілде айында Жамбыл және Алматы облыстарында екі күннің ішінде «альфард» қатысқан екі ірі жол-көлік оқиғасы салдарынан 10 адам көз жұмып, 4 адамның жараланғанын еске салды.
Осыған байланысты депутат Қазақстанда оң рөлді машиналарды коммерциялық мақсатта пайдалануға және қалааралық жолаушы тасымалдауға толық тыйым салуды ұсынады. Оның пікірінше, мұндай шектеу жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.

