Жаңалықтар

Депутат Наурыз мейрамын кеңінен мерекелеуді ұсынды

Депутат Наурыз мейрамын кеңінен мерекелеуді ұсынды
Фото: © El.kz 18.01.2024 17:20 1067

Сенатор Әли Бектаев Наурызды кеңінен мерекелеу керегін және салт-дәстүрді нығайту үшін идеологиялық негіз қалыптастыру мен ілгерілетуді ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутат 3 мың жылдық тарихы бар Наурызды БҰҰ Бас Ассамблеясы мойындағанын және адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енгізгенін атап өтті. Қазақстан үшін бұл мереке ерекше маңызға ие.

Халқымызда Наурыз – Ұлыстың ұлы күні, жыл басы, күн мен түннің теңелген күні деп айтылады. Дәл осы күндері бітелген бұлақтардың көзін ашып, жерге тал отырғызып, әркім өз ауласы мен үй-жайын тазалаған. Егіске шығып егін егіп, малмен айналысатындар төл алуға кірісіп жыл басы қайнаған еңбекке ұласқан. Яғни, Наурыз халқымыздың нағыз рухани және еңбек мерекесі. Сондықтан Наурыз біздің ұлттық идеологиямыздың негізі болуы керек, – деді Әли Бектаев.

Оқи отырыңыз:

Наурыз мейрамы ынтымақтың, жаңару мен жаңғырудың символына айналуы үшін сенатор осы мерекені дәріптеуге және оны тойлау дәстүрін ілгерілетуге ықпал ететін жалпы ұлттық тұжырымдама қабылдауды ұсынды. Депутат Наурыз қарсаңында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсет, еңбек адамдарын марапаттау, олардың жетістіктерін насихаттау да маңызды екенін атап өтті.

Сонымен қатар сенатордың ұсыныстарының ішінде бұл күндері соғыстан зардап шеккен елдерге гуманитарлық көмек көрсету де бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға