Депутат "Масс-медиа туралы" заңға қатысты кейбір мәселеге қатысты пікір білдірді
Фото: facebook.com
Фото: facebook.com
15.07.2023 15:19
1068
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан "Масс-медиа туралы" заң жобасы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Депутат жаңа заңның жобасына қатысты сұрақтар аз емес екенін атады. Осы ретте ол өзін толғандырып жүрген бірқатар жайттарды ортаға салды.
"Масс-медиа туралы» заң жобасын Мәжіліс өткен сессия аяқталар тұста жұмысқа алғаны мәлім. 96 адамнан құралған жұмыс тобының жетекшісі болып бекітілгем. Үш жұмыс тобын өткіздікте өңірлерге кеттік, қоңыр күзде қызу жұмыс күтіп тұр. Заң жобасына қатысты сұрақ-сауалдар аз емес. Өзімді де ойландырып жүрген бірқатар мәселені сіздермен бөліскенді жөн көрдім. Ой қосыңыздар. Бірінші, рейтинг туралы. Отандық телеарналардағы рейтинг қандай талаптарға қарап өлшенетіні маған да маңызды және түсініксіз. Ашығын айтқанда, рейтинг - жекелеген компанияның құжатпен реттелген майшелпегі секілді әсер қалдырады… Осы әлуеметтік желіде арналардың рейтингін кейде телеарналардың қызметкерлері өздері жариялап жатады. Сонда алғашқы ондықтан негізінен коммерциялық арналар түспейді. Аракідік орындары ғана ауысып тұрады. Көшті "Еуразия" арнасы бастап, КТК, НТК, 31-арна және т.б. Мысалы, биылғы алғашқы жартыжылдықта "Еуразия" бірінші арнасы көш басында тұрса, әрі қарай КТК, НТК, 31-арна, Астана, Балапан, МИР, 7-арна деп келіп, ондықты «Хабар» телеарнасы түйіндепті (1-кестеге назар қойыңыз). Ал енді осы рейтингті есептегенде телеарналардағы отандық өнімнің үлесі, мемлекеттік тілді сақтау деген секілді критерийлер есепке алына ма? "Рейтингшілер" бұл сауалды айналып өтпей ме?, - деп жазды депутат.
Сондай-ақ, халық қалаулысы рейтингтегі арналардың эфирінен көрсетілетін өнімдердің сапасын, сондай-ақ, шетелдік сериалдармен жүріп жатқанын алға тартты.
Телеарналардың рейтингтерімен айналысатын «ТNS – Орталық Азия» компаниясының дерегіне сүйенсек, биылғы алғашқы жартыжылдықта жоғарыда аталған топ-10 арнаның көпшілігі "отандық өнім көлемі" деген критерийді күресінге жібергендей. Мәселен, көш басында тұрған "Еуразия" бірінші арнасы отандық өнім талабын – 48%, НТК – 46%, 7-арна – 38%, Астана – 31%, КТК – 30%, 31-арна – 29%, МИР – 1% ғана орындап отыр (2-кестені қараңыз). Басқа уақытта эфирден не өтіп жатыр? Яғни, эфирдің қалған уақытын түгелдей шетелдің сериалдарымен, киноларымен толтырып отыр деген сөз. Ал қолданыстағы «Телерадиохабар тарату туралы» Заңның 28-бабында, 2018 жылдың 1-қаңтарынан бері отандық өндіріс көлемі 50%-дан кем болмауы керек деп жазылған. Демек, жоғарыдағы деректер кейбір арналардың қолданыстағы Заңның талаптарын қолбала етіп отыр деген сөз. Енді екінші мәселе. Отандық телеарналардың бәріне (меншік құқығына қарамастан) мемлекеттік тілдегі хабарлары мен өзге тілдегі хабарлардың үлес мөлшерін реттеу міндеттелген, - деді Ж.Әшімжан.
Сонымен қатар,қайбір жылдары қазақ тіліндегі өнімдердің түн жарымында көрсетілетіндігін де атап, отандық арналардағы ана тілдің үлесін де атап көрсетті.
Естеріңізде болса, 2000-жылдары кейбір телерадио арналар мемлекеттік тілдегі міндеттелген хабарларды ел ұйқыға кеткенде, тауық шақыратын шақта эфирге беріп, көрерменді келемеждейтін. Осы олқылықты жою үшін сол кезде салалық министрлік Заңға арнайы баптар енгізіп, мемлекеттік тілдегі хабарларды реттеудің белгілі бір ережесін бекіткен. Сөйтіп, мемлекеттік тілдегі хабарлардың үлесі артты деп келдік. Ал, анығында солай ма?!. Арыға барып арандамай тап бүгінгі кезеңге көз тоқтатып қарайық. Мемлекеттік тілдегі хабар таратудың үлесі: КТК – 43%, 7-арна – 43%, НТК – 40%, "Еуразия" бірінші арнасы – 39%, 31-арна – 29%, МИР – 1%. Ал бұл мәселені реттейтін арнайы Заң да, қадағалауы тиіс арнайы салалық министрлік те бар бар емес пе? Әлде, бұлар мемлекеттің заңына да, органына да бағынбай ма? Мәжілісте қаралып жатқан "Масс-медиа туралы" Заң жобасында мемлекеттік тілдің, отандық өнімнің үлес салмағына байланысты, сондай-ақ эфирді екі иінінен демалдырып отырған рейтинг мәселесіне қатысты алғашқы жұмыс топтарында нақты нормалар ұсынылды. Жалпы, кез-келген қабылданған заңның әрбір нормасы қатаң жұмыс істеу керек емес пе? Ал, бізде монополияға айналып алған компаниялар барлық салада заңды белшесінен, жалғанды жалпағынан басып, қаулы-қарарды қалауынша бұрмалап, бұра тартып жүреді. Неге?, - деп жазды Жанарбек Әшімжан.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға