©El.kz/Артем Чурсинов

Депутат МӘСҚ қаражатын дәрі-дәрмекке пайдалануды ұсынды

Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов қазақстандықтарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘСҚ) жүйесіндегі игерілмеген жарналарды, соның ішінде инвестициялық табысты да қоса отырып, дәрі-дәрмек сатып алуға пайдалану мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл туралы ол 2025 жылғы 17 желтоқсанда мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Депутаттың айтуынша, МӘСҚ жүйесіндегі ең өзекті әрі ауыр мәселелердің бірі – қаржылық ашықтықтың жеткіліксіздігі.

Азаматтар ай сайын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна аударады, алайда өз қаражатының нақты қайда және қандай көлемде жұмсалғанын көре алмайды, – деді мәжілісмен.

Магеррамов қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өз активтерін басқарып, инвестициялық қызметпен айналысатынын еске салды. Алайда жүйеге қаржы құйып отырған азаматтар бұл инвестициялық табыстан тікелей пайда көрмейді.

Бұл жерде әлеуметтік әділетсіздік бар, – деп есептейді депутат.

Оның айтуынша, зейнетақы жүйесінде цифрлық бақылау тетігі әлдеқашан іске қосылған: әрбір қазақстандық өз жинақтарын және қаржысын кез келген уақытта тексере алады. Ал МӘСҚ жүйесінде мұндай ашық әрі қолжетімді механизм әлі күнге дейін жоқ, дегенмен оны жүзеге асыруға қажетті технологиялар бар.

Сондай-ақ депутат дәрі-дәрмекке жұмсалатын шығындарға ерекше назар аударды. Оның сөзінше, фармацевтикалық өнімдерге кететін қаржы көптеген отбасы үшін елеулі салмаққа айналған. Бір ғана вирустық аурулар маусымының өзі бір адамға ондаған мың теңгеге түсуі мүмкін.

Осыған байланысты Қазақстан халық партиясы фракциясы азаматтарға МӘСҚ жүйесінде игерілмей қалған қаражатты, оның ішінде инвестициялық табысты ескере отырып, дәрі-дәрмек сатып алуға пайдалану мүмкіндігін беруді ұсынды. Депутаттардың пікірінше, бұл қадам денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімді арттырып, отбасыларға нақты қаржылық қолдау болар еді.

Қазіргі уақытта бастама ұсыныс деңгейінде ғана тұр. Дегенмен ол қазақстандықтардың жеке қаражатына және күнделікті ем-дом шығындарына тікелей қатысты болғандықтан, қоғамда қызу талқылау туғызды.