Депутат Еділ Жаңбыршин Ұлттық құрылтайдың тарихи маңызын атап өтті
Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың III отырысында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин сөз сөйлеп, маңызды мәселелерді көтерді, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.
Алдымен мәжілісмен әйгілі Алтын Орданың астанасы Сарайшық қаласы орналасқан Атырау өңірінде бас қосудың тарихи маңызы зор екенін айтты. Сонымен қатар депутат қатыгез жауды қайтару үшін қасық қаны қалғанша соғысқандардың жауректігі бағалаусыз қалмауы қажет екенін тілге тиек етті.
Бірақ бүгінгі қоғамда соғыспақ түгілі отан үшін шайқастың терең тарихымен таныспаған, санасы уланған бәзбіреулер қаһарман майдангерлердің нағыз ерлігін жоққа шығарғысы келеді. Қазіргі неміс халқымен неміс фашистері тең ұғым емес. Егер жаңсақ пікірлерге жол берсек, бұл тарихымызға жасалған қиянат, батырлардлың рухына деген құрметсіздік болады. Фашистерді жоюға жан тәнімен арпалысқан Төлеген Тоқтаровтың, батыр қыздарымыз Мәншүк пен Әлияның, Нұркен Әбдіровтың, бір ұрыста жүздеген басқыншыларды жойған Исатай Сүйінбаевтың, Мәскеуді қорғау үшін танкіні тас-талқан шығарған панфиловшылардың ерлігі қайда қалды? Бұл отанды қорғау жолында жанын пида еткен адал азаматтардың нағыз қаһармандығы және асқан ерлігі, – деді Еділ Жаңбыршин.
Депутаттың айтуынша, қанды соғыс еліміздің әрбір отбасына қасірет пен қайғы әкелді.
Біздің әулетімізде де алты адам осы сұрапыл соғысқа қатысып, әкеміздің екі ағасы хабарсыз кеткен, олардың сүйегінің қайда қалғанын білмейміз. Қасым-Жомарт Кемелұлы сіздің де әкеңіздің атасы Қасым атамыз шайқаста ерлікпен қаза тапқанын ел жақсы біледі. Бұл – өшпес тарих, өлмес өнеге. Адамзат өркениетінде зардабы жөнінен бұрын-соңды болмаған миллиондаған адамдардың өмірін жалмаған, тағдырын талқан еткен Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына келесі жылы 80 жыл толады. Бұл маңызды датаның бізге де қатысы бар, – дейді мәжілісмен.
Еділ Жаңбыршин майдангерлерге қатысты негізгі құжаттар мен деректер Ресейдің мұрағаттарында екенін Ресей өз майдангерлерінің мәліметтерін цифрландыруды бастап кеткенін жеткізді.
Бүгінгі таңда соғысқа қатысты мұрағаттардағы құжаттарда әбден тозған. Ал біз бұл жұмыстарды мемлекеттік деңгейде жүйелі түрде әлі қолға алған жоқпыз. Салдарынан бұл жұмыстармен тек үкіметтік емес ұйымдар мен жекелеген отаншыл азаматтар ғана айналысып жүр. Осы сұрапыл соғыста 7 млн Кеңес әскерінің жауынгерлері тұтқынға түскен. Ал оның ішінде қаншасы қазақстандықтар екені әлі нақтыланбаған. Бұл бағытта ҚР Президентінің архиві зерттеу жұмыстарын бастаған болатын. Нәтижелері бар, бірақ әлі де жеткіліксіз, – деп депутат бұл мәселенің маңызды екенін айтты.