Жаңалықтар

Депутат жол сапасы бойынша министр жұмысын сынға алды

Мәжілісте Қазақстандағы жол құрылысы мен жөндеу саласындағы өзекті мәселелер талқыланды
Депутат жол сапасы бойынша министр жұмысын сынға алды
Фото: С. Майлыбаев 17.10.2022 16:15 2129

Осы тақырыпта өткен Үкімет сағатына орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, «Атамекен» ҰКП өкілдері, «Қазақстан темір жолы», «ҚазАвтоЖол» ұлттық компанияларының басшылары, сондай-ақ Жол активтері сапасының ұлттық орталығының, Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты мен Қазақстан автожолшылар қауымдастығының өкілдері қатысты, деп хабарлайды El.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиынды ашқан Мәжіліс Төрағасының орынбасары Павел Казанцев Үкімет сағатында көтеріліп отырған тақырып – ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті.

«Жол сапасы еліміздің әр тұрғынын алаңдатады. Жолдар – экономиканың күре тамыры, өңірлерді дамытудың ең маңызды шарты және өмір сүру сапасына айтарлықтай әсер етеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға қарай жолдардың 95 пайызын жөндеп, ретке келтіру қажет», – деген вице-спикер жол сапасының төмен болуының объективті де, субъективті де себептері бар екенін атап өтті.

Депутаттарға Қазақстан жол саласының жай-күйі туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев баяндады.

Министрдің айтуынша, жыл соңына дейін шамамен 1000 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланған. Қалған 3 мың шақырым жолды 2023 жылы аяқтау көзделіп отыр.

Қайырбек Өскенбаев өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында министрлік жол саласын реформалау бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

«Болашақта автожол жобаларын іске асыру кезінде «Саннан сапаға» қағидаты қолданылатын болады. Автомобиль жолдарының сапасын арттыру мақсатында біз қолданыстағы заңнамаға бірнеше бағыт бойынша түзетулер пакетін дайындадық, – деді министр.

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Альберт Рау қосымша баяндамасында ведомствоның кейбір деректерімен келіспейтінін білдірді.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздегі республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың жай-күйі азаматтардың орынды шағымдарын туғызып отыр», – деп мәлімдеді депутат.

Альберт Рау республикалық маңызы бар жолдарды дамыту туралы айта келе, бүгінгі таңда республикалық маңызы бар жолдарды салуға, қайта жаңартуға және жөндеуге жалпы қажеттілік 12 мың шақырымды құрайтынын атап өтті.

«Бұл республикалық маңызы бар жолдардың шамамен 50 пайызын құрайды. Дегенмен министрліктің деректері бойынша, жолдардың 90 пайызы қазірдің өзінде нормаға сәйкес, яғни қанағаттанарлық жағдайда», – деді А.Рау.

Сондай-ақ «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасында 2025 жылдың соңына қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 100 пайызға дейін ұлғайтылатыны айтылған.

Алайда депутат бұл мақсаттарға жету сенімділігіне күмән келтіреді. Өйткені Ұлттық жобада қарастырылған 40 жобаның 18-ін (немесе 45 пайызын) жүзеге асыру тек 2025 жылдан бастап жоспарланған.

«2025 жылдың өзінде «Қызылорда – Павлодар – Успен – РФ» тас жолының 398 шақырымдық Қарағанды – Успен – РФ учаскесін жөндеу, «Шалқар – Бозой – Өзбекстан» 242 шақырым тасжолының құрылысы, еліміздің орталығы мен оңтүстігін байланыстыратын Жезқазған – Арқалық жолының кей жеріндегі грейдерлерді жөндеу секілді ірі жобаларды жүзеге асыру міндеті тұр, – деді А.Рау.

Депутаттың айтуынша, «Орталық-Батыс Астана – Қорғалжын – Торғай – Ырғыз» көлік дәлізін жасау әлі басталмаған, ал жобаға 3 миллиард теңге жұмсалған. Оның пікірінше, Ұлттық жобаның белгіленген параметрлері орындалмаған. Бұл іс-шараларды жүзеге асыру мерзімдерін немесе жоспарланған көрсеткіштің өзін қайта қарау қажет дегенді білдіреді.

Бұл ретте А.Рау құрылысқа халықаралық несиелердің ұзартылуын Есеп комитеті белгілейтінін еске салды. Бұл бағамдық айырмашылық пен пайыздық төлемдер есебінен жоба құнының артуына әкеледі. Мәселен, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы бойынша 2015-2024 жылдар аралығында несие 4 рет ұзартылған. Осыған орай депутаттар уәкілетті орган облыс әкімдіктерімен және «ҚазАвтоЖолмен» бірлесе отырып, жоспарланған жол жобаларын уақытылы пайдалануға беруді қамтамасыз етуі керек деп есептейді.

Альберт Рау өз сөзінде жергілікті жолдарды дамытуға қатысты түйткілді мәселелерге де тоқталды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, жергілікті жолдардың 80 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Алайда зерттеу нәтижесі көрсеткендей, жергілікті маңызы бар жолдардың 18 мың шақырымында немесе 26 пайызында ғана асфальт-бетон жабыны бар. Ал қалған 74 пайызы қиыршық тас, топырақпен жабылған. Сондықтан депутат министрліктің көрсеткішті қалай есептегініне қызығушылық білдірді.

«Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингі бойынша Қазақстан жол сапасы жөнінен 141 елдің ішінде 93 орында. Кения мен Танзания елдері бізден жоғары тұр», – деді А.Рау.

Ол мұндай жағдайлардың себептерінің бірі – битум жетіспеушілігі екенін де атап өтті.

«Жол битумының тапшылығы 2022 жылы 200 мың тоннаны құрайды. Ал бұл үлкен көлемде мұнай өндіретін ел үшін ұят. Президент өз Жолдауында Үкімет бұл мәселені түбегейлі шешуі керектігін айтқан болатын», – деп атап өтті депутат А.Рау.

Осыған байланысты мәжілісмендер жолдардың сапасын бағалау критерийлерін қиыршық тасты және топырақты жолдарды қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар қатарына жатқызбау бөлігінде қайта қарауды ұсынды.

Сондай-ақ депутат, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметтері бойынша, төмен көрсеткіш себептерінің бірі – жолдарды салу мен жөндеудің барлық кезеңіндегі сыбайлас жемқорлық әсері екеніне назар аударды.

«ҚазАвтоЖол» АҚ ұсынатын Автомобиль жолдары комитеті мен жол саласының бірыңғай операторы атқарылған жұмыстар мен пайдаланылған материалдардың сапасы бойынша жыл сайын көтерілетін мәселені шешетін кез жетті. Сондай-ақ Автомобиль жолдары комитеті мен «ҚазАвтоЖол» АҚ бірінші басшыларының орындалған жұмыс сапасындағы анықталған заңбұзушылықтары үшін жеке жауапкершілігін заңнамалық тұрғыдан бекіту керек», – деді А.Рау.

Отырыс барысында Мәжіліс депутаттары жол саласын дамытуға қатысты өз ұсыныстарын айтты.

Депутат Айбек Паяев автомобиль жолдарының ақылы учаскелерінен түскен алымдар 9,1 млрд теңгені құрағанын, оның 45 пайызы немесе 4,1 миллиард теңгесі ғана сол учаскелерді жөндеуге және күтіп ұстауға, 55 пайызы бағдарламалық-аппараттық кешенге қызмет көрсетуге және басқа да шығындарға бағытталғанына тоқталды.

«Министрлік осы пайдаланылып жатқан жолды жөндеу және күтіп ұстау үшін арнайы жолды пайдалану төлемін қайта инвестициялау мөлшерін арттыруды және басқа да қосымша шығындарды азайтуды жоспарлап отыр ма?» – деді ол.

Үкімет сағатының қорытындысы бойынша депутаттар тиісті министрлікке өз ұсыныстарын берді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға