Жаңалықтар

Депутат апатты үйлерді кәсіпкерлердің есебінен жаңартуды ұсынды

Депутат апатты үйлерді кәсіпкерлердің есебінен жаңартуды ұсынды
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 22.11.2023 12:03 685

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин апатты үйлерді мемлекеттік бюджеттен емес, жеке кәсіпкерлердің қалтасынан жаңалауды ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың сөзінше, мемлекеттің ақшасын реновацияға жұмсау қиын.

Мәжіліс бір емес, бірнеше рет апатты үйлердің жағдайын көтерді. Дегенмен Үкімет бұл мәселені шешу жөнінде ешқандай тиянақты механизмді айтпады. Қазірдің өзінде 3402 адам апатты және ескі үйлерде тұрып жатыр. Апатты үйде тұрып жатқан адамның өміріне сағат сайын, минут сайын үлкен қауіп төніп тұрады. Сондықтан мұны шешуіміз керек, - деді ол.

Еділ Жаңбыршин Ақтау қаласындағы апатты үйлердің мәселесін қалай шешкенін айтып берді.

Ақтауда 15 үй апатты жағдайда болды. Оны қалай шештік? Оны кейс есебінде айтып отырмын. Бұл жұмысқа біз бизнесті тартуымыз керек. Себебі, мемлекеттің ақшасын реновацияға жұмсау қиын. Ол жерге бизнес тартуға қандай мүмкіндік бар десек, бұл үйлердің барлығы жақсы жерлерде орналасқан. Қаланың ортасында, инфрақұрылымы жақсы орындарда. Сондықтан біз бұл мәселені жасаған кезде инфрақұрылымды күшейтіп бердік. Ал қалған барлығын кәсіпкерлер жасады. Яғни мемлекеттік және жеке кәсіпкерлердің серіктестігінің арқасында іске асты. Төрт жылдың ішінде Ақтаудағы 15 үйді жоқ қылдық. Сондықтан бұл механизмде тек бюджеттің ақшасын жұмсаймыз дегенді қойып, механизмдерді іске асыру керек, - деп түсіндірді Жаңбыршин.

Айтуынша, бұл норма биыл енгізіліп отыр. Сондай-ақ заңда авариялық үйде тұрған адамдарға мемлекеттің қорынан берілетін үйді жекешелендіруге мүмкіндік болмады.

Депутаттың сөзінше, бизнеспен жұмыс істеген кезде кәсіпкер өзі үйді салады, жоспарлайды және тұрғындарға санитарлық нормасы жоғары үйді береді.

Осылайша, мемлекет өз мойнынан үлкен мәселені алып тастады. 2014 жылдың бағасымен есептегенде 12 млрд теңге бюджеттен үнемдедік. Бар болғаны қаланың бюджетінен 50 млн жұмсадық. Ол тек инфрақұрылымды күшейтуге кетті. Осындай механизмдерді министрлік кәсіпкерлермен жүзеге асыруы керек. Қазір Ақтау қаласындағы үшінші шағын ауданға барып көруге болады, - деді мәжілісмен.

Бұған дейін депутат Ирина Смирнова 63 мыңға жуық ата-анасының қамқорлығынсыз өскен азамат баспана ала алмай отырғанын айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға