Жаңалықтар

Депутат әлеуметтік желідегі «байерлерге» тұсау салу керектігін айтты

Депутат әлеуметтік желідегі «байерлерге» тұсау салу керектігін айтты
Фото: instagram/daulet_mukayev 08.11.2023 14:55 1345

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев елімізде интернет алаяқтықпен айналысатындар саны артып жатқанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өткен жылдың өзінде 20444 дерек тіркеліп, 16,5 млрд теңгеге залал келген. Ал биыл жыл аяқталмаса да, 15 мыңға жуық дерек тіркеліп, зардап көлемі 11 млрд теңгеден асты. Олардың құрбаны әдетте үйде отырған аналар мен қыз-келіншектер. Интернет алаяқтықтың түр-түрі бар. Соңғы уақытта кеңінен етек жайып келе жатқан әлеуметтік желі арқылы «байер» деген атаумен Қытай, Түркия, АҚШ-тан арзан тауар жеткізушілер көбейген. Бірі елімізде тіркеліп, заңды жұмыс істесе, енді бірі халықты толығымен алдап жүр. Қазір байытамын дейтін «байерге» барын берген қара халықтың базынасын да жиі естіп жүр, - деді депутат.

Мұқаев халықты алдап соққан адамдардың бірін мысалға келтірді.

Солардың бірі Айс Мұратова деген лақап атпен танымал. Шын аты – Арайлым. Ол соңғы екі жылда халықтың сеніміне кіріп, сауда жасап, өзін жақсы жағынан жарнамалаған. Оның ішінде Қытайдан арзан тауарлар, ыдыс-аяқтар жіберемін деп, әлеуметтік желі арқылы өзін ірі кәсіпкер ретінде көрсетіп, «қол астымда заңды жұмысшыларым бар» деп елді сендіріп келген. Төлемдерді ешқандай келісімшартсыз, яғни карталық шотқа, аударма арқылы жіберуді сұраған. Басында аз-маз ақшаға қажетті тауарларды жіберіп, кейін ірі сомаға жеткенде, барлық салымшыны бір күнде алдап кеткен. Содан бері не тауар, не ақша қайтарылмаған. Желідегі ақпарат бойынша еліміздің әр өңіріндегі 5 мыңнан астам азаматтан жалпы сомасы шамамен 30 млрд теңге жинап алып, барлығын алдап кеткен. Енді сауда жасап, күн көрмекші болған азаматтар «арыз жазып шағымдансақ та, бірнеше айдан бері еш нәтиже шықпайды дейді», - деді Дәулет Мұқаев.

Мәжілісменнің айтуынша, бұл мәселе күннен-күнге ушығып жатыр. Ол бұл мәселеде тергеу жұмыстарының әділ жүргізілуін сұрап отыр.

Алданған отбасылардың жағдайы ауыр. Қаншама шаңырақ шайқалуға жақын. Бұл схема таза қаржылық пирамидаға ұқсайды. Мен әкелген мына папкада аударылған шоттар мен көшірмелер бар. Мұндай папкадан 3 пакет бар. Соның барлығын (шот пен көшірмелер – ред.) санаса, 30 млрд теңгеден асады. Бұл дегеніміз 10 шақты мектеп салатын ақша, - Дәулет Мұқаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға