Жаңалықтар

Депутат Абзал Құспан "ТеңізШеврОйл" компаниясын тексеруді талап етті

Депутат Абзал Құспан "ТеңізШеврОйл" компаниясын тексеруді талап етті
Фото: t.me/mazhilis_kz 31.05.2023 12:18 2005

Парламентте заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтаруға бағытталған, халық үшін аса маңызды заң жобасы қаралып жатыр. Осы заң бойынша Қазақстан нарығында 30 жыл бойы жұмыс істеген "ТеңізШеврОйл" компаниясына тексеру жүргізу керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Бас прокурор Берік Асыловқа сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Заң арқылы біз отыз жыл бойы мемлекет қазынасын тонаған, еліміздің, халқымыздың болашағын ұрлаған жемқорларды жауапкершілікке тартып, олардың жасырған, шетел асырған дүниелерін мемлекетке қайтаруды мақсат тұтып отырмыз. Менің бүгінгі көтергелі отырған мәселемде осымен үндес, Қазақстан азаматтарына қатысты ауқымды әлеуметтік маңызы бар, - деп атап өтті Абзал Құспан.

Мәжілісменнің мәліметінше, Қазақстан бойынша бюджетке ең көп қаржы аударатын өңірлерден Атырау облысы донор есебінде бірінші орында тұр. Қазақстанда қызмет етіп жатқан шетелдік үлесі бар компаниялар ішінен ең көп салық төлеуші ретінде ТШО, яғни "ТеңізШеврОйл" компаниясы танылған.

Жақында ғана компания өзінің Қазақстан нарығындағы қызметінің отыз жылдығын атап өтті, осы уақыт ішінде ол Қазақстан қазынасына 176 млрд доллар қаржы құйған. Яғни шетел асқан Қазақстан қазынасын іздестіреміз десек негізгі назарымызды осы өңірге және әлемдегі ең ірі 5 мұнай кен орындарының бірі – Теңіз айлағына аударуымыз керек, - деп нақтылады ол.

Депутат отыз жыл бойы осындай ірі, алпауыт компаниялар айналасында репутациясы күмән тудыратын әртүрлі деңгейдегі Қазақстандық және шетелдік фирмалар қаптап кеткенін айтып, өкінішін білдірді.

Кейбір деректер бойынша ондай фирмалардың саны мыңдап саналады. Олардың міндетіне қызмет көрсету, жұмыс істеу емес, ТШО сияқты алпауыт компаниялардан ірі тапсырыстар алып, оның аз бөлігін Қазақстандық компанияларға бөліп, қалған ірі бөлігін шетелге заңсыз шығару кіреді, - деп түсіндірді Абзал Құспан.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға