Жаңалықтар

Денсаулық сақтау саласындағы 2025 жылғы реформалар мен жаңа өзгерістер

Денсаулық сақтау саласындағы 2025 жылғы реформалар мен жаңа өзгерістер
Фото: primeminister.kz 03.01.2025 10:17 466

«Бір күндік клиника» жобасы пилоттық режимде жүзеге асырылған өңірлердің тәжірибесі бүкіл Қазақстанға таратылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Оны іске асыру жүкті әйелдерді пренатальды диагностикалаудың инновациялық әдістерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және денсаулығында туа бітті кінәраты мен хромосомалық патологиясы бар бала туу қаупін дер кезінде анықтауға мүмкіндік берді. Бір күн ішінде «бір терезе» қағидаты бойынша пренатальды диагностика және тексеру нәтижелерін алу қызметтері мен әдістерінің жоғары сапасы жүзеге асырылды. Бүгінге дейін бұл мүмкіндікті 35 мыңнан астам әйел пайдаланған. 

Сонымен қатар Қазақстанда алғаш рет «Ұрық медицинасы» жобасы іске асырылды. Бұл – отандық денсаулық сақтау жүйесіндегі жаңа бағыт. Ол аз инвазивті процедуралар арқылы ұрықтың ерте патологиялық жағдайларын емдеуге және түзетуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 20 жатырішілік ота жасалды. Аталған жоба 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап бүкіл республика бойынша жүзеге асырылады.

Санитарлық кітапшалар мен медициналық анықтамалар цифрлық форматқа көшеді

Жаңа жылдан бастап жеке медициналық кітапшалар беру, есепке алу және жүргізу электронды форматқа көшіріледі. Аталған тетікті енгізу азаматтарға құжатты бірден бірнеше ұйымға ұсынуға мүмкіндік береді, бұл олардың уақыты мен қаражатын үнемдейді. Бүгінде 1,6 млн-ға жуық қазақстандықтың санитарлық кітапшасы бар.

Өзгерістер басқа медициналық құжаттардың берілуіне де әсер етті. Сондай-ақ азаматтарға ыңғайлы болу үшін қағаз түрінен электронды форматқа көшіру жоспарланып отыр:

- Еңбекке жарамсыздық парағы;

- 075/у «Медициналық анықтама»;

- 026/у «ДКК қорытындысы»;

- 073/у «ТҚ басқаруға рұқсат беру туралы анықтама»;

- 069/у «Санаторий-курорттық карта»;

- 052-2/у «Бала денсаулығы паспорты»

- 076/у «Қаруға рұқсат алу»;

- 038/у «Еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтама». 

Қазіргі уақытта бұл мақсатқа жету үшін ақпараттық жүйелерді интеграциялау жұмыстары жүргізілуде. Құжаттар үшінші қолға азаматтардың келісімімен ғана «еDensaulyq» бөлімінде медициналық деректерге қол жеткізу мүмкіндігі бар «eGov mobile» қосымшасы арқылы беріледі.

Сонымен қатар жаңа жылдан бастап балаға екпе салуға рұқсат беру немесе бас тарту да электронды түрде тіркеледі. Егер екпе салынған пациент вакцинадан кейінгі асқынуларға шағымданған жағдайда ғана әрекет алгоритмі өзгереді. Медицина тілінде мұны иммунизациядан кейінгі жағымсыз әсерлер деп атайды. Дәрігер дереу көмек көрсетуге, электронды хабарлама ресімдеп, оны мемлекеттік органдарға тапсыруға міндетті болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға