Жаңалықтар

Денсаулық сақтау министрлігінің алқа мәжілісінің кеңейтілген отырысы өтті

Денсаулық сақтау министрлігінің алқа мәжілісінің кеңейтілген отырысы өтті
Фото: primeminister.kz 12.01.2023 19:01 1485

Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің қатысуымен өткен Денсаулық сақтау министрлігінің алқа мәжілісінің кеңейтілген отырысында 2022 жылғы отандық медицина саласындағы жұмыстың қорытындылары және алдағы жылға арналған міндеттер талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният еліміздің денсаулық сақтау саласындағы негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштердің оң динамикасын атап өтті. 2022 жылы халық арасында жалпы өлім-жітім көрсеткіші 2021 жылмен салыстырғанда 29,3%-ға төмендеді.

«Оның ішінде қанайналым жүйесі ауруларынан – шамамен 32,2%, обырдан – 9%-ға, тыныс алу ағзалары ауруларынан болатын өлім-жітім – 1,8 есеге, туберкулезден болатын өлім-жітімнің 12,5%-ға төмендеген. Сондай-ақ ана өлімі 3,2 есеге азайды», — деді Ажар Ғиният.

Денсаулық сақтау жүйесін жақсарту және сапалы көмек алуға жағдай жасау үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы әзірленді. 2023-2025 жылдар аралығында ел өңірлерінде және шалғай ауылдарда 650-ден астам Медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) нысандары салынады.

Денсаулық сақтау министрлігінің алқа мәжілісінің кеңейтілген отырысы өтті

Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов биыл өңірлерде 300-ден астам медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанының құрылысы басталатынын атап өтті. Сондай-ақ 32 ауданаралық орталық аудандық ауруханаларда күрделі жөндеу және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру «алтын сағат» қағидаты бойынша жергілікті жерлерде медициналық көмек алуға мүмкіндік береді.

«Биыл өңірлерде 8 денсаулық сақтау нысанының құрылысы басталады, Астанада инфекциялық аурулардың Ұлттық ғылыми орталығы пайдалануға беріледі, Көкшетауда 630 төсек-орындық көпбейінді аурухана құрылысы басталады және т.б. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы жылы онкологиялық қызметті кешенді жаңғырту қолға алынбақ. Оған мыналар кіреді: заманауи онкологиялық орталықтар құру, аз инвазивті хирургия мен интервенциялық емдеу әдістерін дамыту, ісікке қарсы дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыру, диагностикалық жабдықтарды жаңғырту», — деп атап өтті Алтай Көлгінов.

Денсаулық сақтау министрлігінің алқа мәжілісінің кеңейтілген отырысы өтті

Вице-премьер Алтай Көлгінов Денсаулық сақтау министрлігі мен өңірлердің әкімдіктеріне медициналық мекемелерді жаңғырту және реконструкциялау, медициналық ұйымдардың инфрақұрылымын кеңейту, медициналық жабдықтармен жарақтандыру, медициналық кадрлар тапшылығын қысқарту, медициналық персоналдың біліктілігін арттыру бойынша сапалы жұмыс жүргізуді тапсырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға