ДСМ

Денсаулық сақтау министрлігі дәрумендерге бақылауды күшейтеді

24.04.2025 17:19

Денсаулық сақтау министрлігі ел аумағындағы айналымдағы биологиялық белсенді қоспалардың (ББҚ) сапасы мен қауіпсіздігіне бақылауды күшейту туралы мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Қазақстанда ББҚ-ны сатуға өнімнің Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін растайтын мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін және Еуразиялық экономикалық одақ куәліктерінің бірыңғай тізіліміне енгізілгеннен кейін ғана жол беріледі.

Тіркеу рәсімін ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақ тағамтану академиясының және ЕАЭО елдерінің басқа да ғылыми-зерттеу институттарының сараптамалық қорытындыларының негізінде жүзеге асырады.

Сатуға рұқсат бермес бұрын барлық ББҚ-лар мыналарға сәйкестікке міндетті зертханалық зерттеулерден өтеді:

• микробиологиялық, токсикологиялық және физика-химиялық көрсетілімдер;
• дәрумендер мен биоактивті заттардың белгіленген нормалары;
• тыйым салынған компоненттердің — улы өсімдіктердің, жануарлардан алынатын өңделген өнімдердің, патогендік микроорганизмдер мен саңырауқұлақтардың болмауы жөніндегі талаптар.

Жаңа бақылау шаралары: 2024 жылдан бастап елімізде ақпараттың дұрыстығы мен мемлекеттік тіркеудің болуы тұрғысынан БАҚ пен әлеуметтік желілердегі ББҚ жарнамасына мониторинг енгізілді.

2025 жылдан бастап ББҚ-ны сәйкестендіру құралдарымен таңбалау бойынша пилоттық жоба іске асырылуда, ол мыналарды қамтамасыз етеді:

• бүкіл жеткізу тізбегінің ашықтығы,
• өнімнің соңғы тұтынушыға дейін бақылануы,
• халықтың сенімін арттыру.?

ББҚ-ларды сатуға тыйым салынады, егер:

• мемлекеттік тіркеу жоқ,
• жарамдылық мерзімі аяқталған,
• сақтау шарттары бұзылған,
• қаптамада құрамы, қарсы көрсетілімдері және өндірушісі туралы міндетті ақпарат жоқ болса.

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі тұтынушылардың назарын аударады: биологиялық белсенді қоспаларды қолданар алдында дәрігермен кеңесу керек.
ББҚ-ларды бақылаусыз қабылдау, әсіресе созылмалы аурулары бар адамдарда, жүкті әйелдер мен балаларда асқынуларға әкелуі мүмкін.

ББҚ-ларды сатып алғанда, міндетті түрде мыналарды тексеріңіз:

• Қазақстанда тіркеу куәлігінің болуы;
• өнімнің толық құрамы («табиғи компоненттер» сияқты түсініксіз тұжырымдарсыз);
• өндіруші және өндіретін ел;
• жарамдылық мерзімі және сақтау шарттары;
• дұрыс және толық таңбалау (қолдану тәсілі, қарсы көрсетілімдер, сақтық шаралары).

Денсаулық сақтау министрлігі азаматтардың денсаулығын сақтау мақсатында биологиялық белсенді қоспалар айналымы саласындағы ашықтық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастырады.