Жаңалықтар

Денсаулық сақтау министрі БҚО-да эвакуацияланған тұрғындармен кездесті

Денсаулық сақтау министрі БҚО-да эвакуацияланған тұрғындармен кездесті
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі 14.04.2024 18:07 616

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында еліміздің бас дәрігері су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ведомство басшысы Қаратөбе кентіндегі аудандық аурухана мен 77 адам орналасқан уақытша эвакуациялау пунктінде болды. Министрдің тапсырмасы бойынша әртүрлі созылмалы аурулары бар эвакуацияланған 11 адам стационар немесе санаторий жағдайында емделуге жіберіледі. 

Бұдан өзге министр Орал қаласында орналасқан 12 эвакуациялық пункттің біріне барды.

Айта кетейік, жалпы облыс бойынша су басқан аймақтардан барлығы 13068 адам эвакуацияланды, оның 19-ы мүмкіндігі шектеулі адамдар, 5472-сі балалар. Эвакуацияланғандардың арасында 719 бала, 11 жүкті әйел медициналық бақылауда.

Су тасқыны салдарын жою, сондай-ақ барлық зардап шеккен адамдарға көмек көрсету мәселелері Мемлекет басшысының бақылауында. Үкімет табиғи апаттардан зардап шеккен адамдарға жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастырады. Денсаулық сақтау нысандары сапалы медициналық көмек пен медициналық ресурстарға қол жеткізуді қажет ететіндердің барлығын қамтамасыз етеді. Бұл бәріміз үшін бір-бірімізбен бірігіп, қолдау арқылы жеңетін ортақ сынақ, - деді Ақмарал Әлназарова тұрғындармен кездесу кезінде.

Сапар барысында министр бірқатар медициналық нысандарды аралап, пациенттермен кездесті. Ақмарал Әлназарова медицина қызметкерлерінің жұмысын бағалап, пациенттерге сапалы медициналық көмек көрсетуді жалғастыру қажеттігін атап өтті. 

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, сондай-ақ сапар барысында министр қалалық кардиология орталығында болды. Ондағы пациенттер су тасқыны салдарынан уақытша басқа жерге көшірілді. Қазіргі уақытта олардың барлығы қалалық ауруханада қажетті ем мен бақылауды жалғастыруда.

«Батыс Су Арнасы» ЖШС-на барған кезде Ақмарал Әлназарова суды тазартудың технологиялық схемасымен және ауыз судың сапасын бақылау зертханасының жұмысымен танысты. Тазалаудың барлық кезеңдерінде су тек кәсіпорынның өндірістік зертханасы ғана емес, сонымен қатар облыстың санитариялық-эпидемиологиялық қызметі жүзеге асыратын қатаң зертханалық бақылаудан өтетінін атап өткен жөн.

Министр сондай-ақ Ұлттық сараптама орталығының Батыс Қазақстан облыстық филиалының ауыз су мен тамақ өнімдерінің сапасын бақылауда шешуші рөл атқаратын зертханаларының жұмысын бағалады. Мұнда күн сайын су мен азық-түлік үлгілері бойынша зерттеулер жүргізіледі.

Ағымдағы су тасқыны жағдайына байланысты Денсаулық сақтау министрі зертхана мамандарына ауыз судың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жедел зертханалық зерттеулер жүргізуді тапсырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға