Жаңалықтар

Денсаулық пойызы Атырауға аялдайды

Денсаулық пойызы Атырауға аялдайды
Фото: © El.kz 04.09.2023 03:02 940

Шалғай жатқан елді мекендердегі тұрғындарға медициналық көмек көрсету үшін «Саламатты Қазақстан» пойызы 26 сәуірден 6 желтоқсанға дейін Қазақстанды аралайды. Кеше пойыз Құрманғазы ауданындағы Ақкөл стансасына барды, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Мұнда пойыз екі күн аялдайды. Дәрігерлік көмектен бөлек, жұртшылыққа заң тұрғысынан және құқықтық, психологиялық кеңес беріледі. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарына мемлекеттік әлеуметтік қолдау, зейнетке шығу, түрлі мемлекеттік төлемдер мен атаулы әлеуметтік көмек алу жөнінде кеңес алуға мүмкіндік қарастырылған. Бұл «Самұрық-Қазына» АҚ және «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның Әлеуметтік жобалар қоры ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен және ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен бірлесіп атқарып отырған әлеуметтік жоба.

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның өкілі Ермек Медеубаевтың айтуынша, пойыз 8 вагоннан тұрады. Мамандардың қатарында терапевт, кардиолог, ЛОР дәрігері, невролог, офтальмолог, гинеколог, хирург, уролог, стоматолог бар. Медициналық пойызда биохимиялық талдауларды, флюорографияны, ішкі ағзалар мен тамырлардың ультрадыбыстық зерттеуін, электрокардиограмманы және диагностикалық зерттеудің басқа түрлерін жүргізуге болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға