Жаңалықтар

«Денсаулығым сыр берді». Орал қаласының әкімі отставкаға кетті

«Денсаулығым сыр берді». Орал қаласының әкімі отставкаға кетті
Фото: instagram.com/uralskakimat 22.07.2024 15:07 566

Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов қызметінен кетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы әкімнің өзі әлеуметтік желідегі парақшасында айтты. 

Қымбатты оралдықтар, қадірлі жерлестер! Бүгін Орал қаласының әкімі қызметінен кеткенімді хабарлаймын. Мен үшін бұл қызметте екі жылдан астам оралдықтармен қоян-қолтық жұмыс істеу үлкен мәртебе болғанын айтқым келеді. Денсаулығым сыр беріп, қызметтен бұдан бұрын кетуді ойлап жүргенмін. Алайда көктемде қаламызда су тасқыны орын алып, мұндай қиын кезеңде жұмыстан шыға алмадым. 

Осылайша өз міндеттерімді әріптестеріммен бірге жалғастыра бердім. Біз барша оралдықтармен бірге үлкен жұмыс жасадық деп ойлаймын. Тек көктемгі су тасқынымен күресіп, оның салдарын жоюмен айналысқан кезде ғана емес, сонымен бірге екі жыл бойы сүйікті қаламызды одан әрі көркейтуге тырыстық. Бұл – туған жеріне жанашыр әр азаматтың өлшеусіз еңбегі. Қазір барлық салада жұмыс жолға қойылған. Жаңадан тағайындалатын қала әкімі қазіргі жағдайды жедел түсініп, жұмысты жүйелі жалғастыратынына, ал болашақта шаһарымыз үшін жаңа жобаларға бастамашы болатынына сенемін. Оның үстіне, менің қымбатты жерлестерім, оң бастамаларды әрдайым қолдауға дайынсыздар. Әріптестеріме және құрметті оралдықтарға сенім білдіргеніңіз үшін алғыс айтамын, - дейді ол.

Айта кетейік, 11 мамырда әкімдік өкілдері қала басшысы Миржан Сатқанов қызметінен өз еркімен кетеді деген қауесетті жоққа шығарған еді. Миржан Сатқанов Орал қаласының әкімі болып 2022 жылғы сәуірде тағайындалған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға