Жаңалықтар

Демографиялық көрсеткіш – дамудың деңгейін айқындайды

Демографиялық көрсеткіш – дамудың деңгейін айқындайды
Фото: arasha.kz 04.11.2022 20:58 5885

Әр елдің даму көрсеткішін – демографиялық өсіммен бағала жатады. Өйткені саяси тұрақтылық пен экономикалық өсім бар елде халық саны көбейеді. Сол секілді қай облыста табиғи өсім болса, сол өңірде ілгерушілікті көруге болады. Осына ескергендіктен болар, Өзбекстанда ажырасу мен бала туу көрсеткіші әкім жұмысын бағалайтын негізгі критерий ретінде саналады. Сондықтан бұл жолы халық өсімі жоғары өңірлер туралы арнайы тоқталуды жөн көрдік.

Өткен жылдың күзімен салыстырғанда 2022 жылдың қараша айында халық санағы бойынша ең жоғары көрсеткіш үш облыста анықталды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, демографиялық өсу Алматы қаласында 134 499-ға, Астана қаласында 177 409-ға және Түркістан облысында 43 935 адамға көбейді.

Демограф Аяулым Сағынбаеваның айтуынша, өңірлердегі халық санының өсуі табиғи өсім мен көші-қон сальдосына тікелей байланысты.

«Астана, Алматы, Шымкент қаласында өсім екі фактор есебінен жүріп жатыр. Маңғыстау облысындағы халықтың өсуінде байқалады: көші-қонның оң сальдосы және туудың жоғары деңгейі. Халық саны Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай, ШҚО, Қарағанды және Қостанай облысында жалғасуда. Мұнда, егер СҚО-да екі фактор болса, онда басқа аймақтарда көші-қонның теріс сальдосы жалпы өсімнің өзгеруіне әсер етеді. Дәл осы аймақтарда өлім-жітім деңгейі жоғары және туу деңгейі төмен. Халықтың кетуі жоғары, сондықтан туу халықтың көші-қоны есебінен санның өзгеруіне кедергі болмайды», – деді демограф.

Есілдің бойында елорданың еңсе тіктеуімен ішкі миграцияға қан жүгіріп, Астана қаласы миллион тұрғыны бар мегаполиске айналды.

Алайда Қазақстанда соңғы екі жылдар аралығында бала туу көрсеткіші төмендеді. 2021 жылғы қаңтар-сәуір айында 137,4 мың бала туса, 2022 жылы қаңтар-сәуір айында 127 мың сәби туды.

Демограф Аяулым Сағынбаеваның ойыңша, туудың төмендеуі немесе өсуі туралы туылған нәрестелер саны бойынша емес, туудың қарқындылығын көрсететін туудың жиынтық коэффициентінің көрсеткіші бойынша айту керек.

«Бізде туудың жиынтық коэффициенті жылдан жылға артып келеді, көрсеткіштің рекордтық мәні 2021 жылы болды. Бала туу үнемі өсе алмайды, өйткені жыныстық-жас құрылымы, репродуктивті мінез-құлық және әйелдердің репродуктивті көзқарасын есепке алу керек. Қазір Қазақстанда туу көрсеткішінің өсуі туу санының, яғни есеп бойынша үшінші, төртінші, бесінші балалардың кезектілігінің артуына байланысты. Туудың бұл санатын 35 жастан асқан халық береді, бұл 80-ші жылдардың ұрпағы», – түсіндірді Аяулым Сағынбаева.

Тағы бір мәселе, биыл туған сәбиге қарағанда, шетінегеннің саны 0,4 пайызға артты. Шет елдегідей бір-екі баламен шектелу жағдайы бізде де көбейді. Егер мұндай жағдай көбейе берсе, ертеңгі күні халық санының азаюына ықпалын тигізері сөзсіз.

«Бала тууды арттыру үшін халықтың ұрпақты болу жүйесі болуы керек. Біріншіден, бұл жастардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, тұрғын үй жағдайлары, табыстың жақсы деңгейі, қолайлы экологиялық жағдайлар және бала көтеру мүмкіндіктері. Сондай-ақ, балалар мен босанған әйелдерге медициналық көмек қол жетімді болуы керек», – деп пікірін білдірді демограф.

Бұл ойды демограф Шынар Пазылбекқызының мәліметтері жұбатады. 2019 жылы елдегі бір әйелге орташа есеппен алғанда 2,9 баладан келсе, 2020 жылы – 3,1 баладан, 2021 жылы – 3,3 баладан келді.

Қазақстанда соңғы бес жылда табиғи өсім қарқынды жүруде. Мәселен, табиғи өсім: 2017 жылы – 261262, 2018 жылы – 267399, 2019 жылы – 268910 , 2020 жылы – 264224, 2021 жылы – 263091 адамға жетті.

Журналист Нұрлат Байгенже «Санымыз өспей, өркендеу жоқ» атты мақаласында жазғанындай, саннан сапа шығады, ал, сапалы ұлт бәсекеге қабілетті болады.

«Статистикалық мәліметтерден 30 жылда Өзбекстан халқына 14 млн адам қосылса, Қазақстанда 2 млн адамға ғана көбейгеніне көз жеткізуге болады. Мәселен, Өзбекстанда әр 5 жыл сайын 2 миллион адамнан қосылды. Мәселен, 2000 жылы – 24 миллион 591 мың, 2005 жылы – 26 миллион 254 мың, 2010 жылы – 28 миллион 292 мың, 2015 жылы – 30 миллион 680 мың, 2020 жылы – 33 миллион 226 мың адамға жетті. Қазақстанда 2000 жылы – 14 миллион 900 мың, 2005 жылы – 15 миллион 75 мың, 2010 жылы – 16 миллион 204 мың, 2015 жылы – 17 миллион 417 мың, 2020 жылы – 18 миллион 632 мың адамға жетті», – дейді журналист Н.Байгенже.

Расында елдің әлеуметтік әлеуеті бала туу көрсеткішімен, яғни демографиялық өсімінен көрінеді. Ал біздің өңірлерде бұл көрсеткіш әртүрлі. Оңтүстікте бала туу жоғары болса, солтүстік және солтүстік-шығыс аймақтарда табиғи өсім тым төмен. Алайда елдің дамуына қажетті ірі-ірі өндірістер осы жақтарда орналасқан. Ал оларды игеруде білікті, білімді адамдар керек. Мұндай жұмыс күші халық саны көп жерден шығатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан ішкі миграцияны реттеу де аса маңызды іс саналады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға