Демалыстан соң тез қалыпқа келуге арналған кеңестер
Демалыстан кейінгі акклиматизация кезеңін жеңілдетуге дұрыс әрі теңгерімді тамақтану көмектеседі. Бұл туралы «Роскачество» функционалды тамақтану құзыреттер орталығының жетекшісі Марьям Давлекамова мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Оның айтуынша, күркетауық еті, тауық еті, ірімшік, сүзбе, жаңғақтар мен бұршақ дақылдары ағзаның жаңа режимге бейімделуіне және ұйқыны қалыпқа келтіруге көмектеседі.
Маманның сөзінше, демалыстан оралған алғашқы күндердегі басты міндет – ағзаны жаңа режимге бейімдеу. Ол үшін ұйқыны реттейтін тағамдарға басымдық берген жөн. Кешкі асқа күркетауық, тауық еті, сүзбе, ірімшік, жаңғақ немесе бұршақ өнімдерін тұтыну биологиялық ырғақты қалыпқа келтіруге ықпал етеді. Бұған қоса, наны бар мәзірді ұмытпаған абзал. Әсіресе құрамында дәрумендер мен пайдалы заттары мол функционалды нан аса пайдалы.
Сондай-ақ Давлекамова сұйықтық режимін сақтау маңызды екенін атап өтті. Себебі ұшақтағы ұзақ жол мен ыстық климат ағзаны сусыздандырады, бұл өз кезегінде шаршауды күшейтеді. Маманның пікірінше, ағзадағы тепе-теңдікті қалпына келтіруге су ғана емес, В дәруменіне бай лимонадтар да көмектеседі.
Демалыс кезінде тамақ пен судың өзгеруінен ас қорыту жүйесі жиі зардап шегеді. Сондықтан оны қалпына келтіруге көмектесетін өнімдерге ерекше назар аудару керек. Мысалы, айран, қоспасыз табиғи йогурт пен қышқыл қырыққабат пайдалы болады. Ал ауыр әрі майлы тағамнан, тәттінің көптігінен және алкогольден алғашқы аптада бас тартқан жөн.
Демалыс аяқталмай тұрып-ақ бір-екі күн бұрын әдеттегі ұйқы мен тамақтану режиміне біртіндеп орала бастаңыз. Ал үйге оралған алғашқы күндері өзіңізге демалуға уақыт беріңіз, - деп түйіндеді Давлекамова.

