©El.kz

Декреттен кейінгі демалыс: кім және қашан ала алады

20.10.2025 20:09

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазақстандық әйелдерге бала күтіміне байланысты демалыстан кейін ақылы еңбек демалысын қашан алуға болатынын түсіндірді. Сарапшының айтуынша, жүктілік пен босану кезеңі еңбек өтіліне есептеледі, ал ақысыз демалыс оған кірмейді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Көптеген әйелдер бала күтіміне байланысты демалыстан кейін жұмысқа оралғанда «бірден жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына шығуға бола ма, және бұл заңды ма?» деген сұрақ қояды. Бұл мәселеге министрлік нақты жауап берді.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің бас сарапшысы Жеңіс Рүстемовтің айтуынша, бала күтімі бойынша демалыстан шыққан әйелдер де басқа қызметкерлер секілді жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына құқылы.

Заң не дейді

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, ақылы еңбек демалысына шығу құқығы еңбек өтілі болған жағдайда беріледі. Еңбек өтіліне тек жұмыс істеген уақыт қана емес, сонымен қатар жүктілік пен босану демалысында болған кезең де қосылады.

Қызметкердің жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына шығуға құқығы бар, ал жұмыс беруші оны қамтамасыз етуге міндетті. Бұл құқық еңбек өтілі болған жағдайда туындайды, – деді сарапшы.

Еңбек өтіліне мына кезеңдер кіреді:

  • нақты жұмыс істеген уақыт;
  • қызметкердің жалақысы мен лауазымы (толық немесе жартылай) сақталған уақыт;
  • жүктілік пен босану кезеңі;
  • жұмысқа қайта орналасуға дейінгі уақыт.