Жаңалықтар

Декларация тапсыру қарқыны қалай жүріп жатыр?

Декларация тапсыру қарқыны қалай жүріп жатыр?
Фото: Коллаж El.kz 11.08.2024 10:00 897

2024 жылы декларацияны шамамен 2,4 млн жек тұлға тапсыруы тиіс. Олар заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, бүгінде Активтер мен міндеттемелер туралы декларациясын (250.00 нысаны) 2,4 млн тұлғаның 1,3 млн жеке тұлғасы немесе 55%-ы тапсырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сонымен қатар, жыл сайынғы тапсырылатын Кірістер мен мүлік туралы декларациясын (биылғы жылы 1-ші және 2-ші кезең декларанттары – жалпы саны 2,8 млн жеке тұлға ұсынуы тиіс)  2,3 млн жеке тұлға немесе 81%  ұсынды.

Декларацияның тапсыру мерзімі жеке тұлғаның тұрғылықты мекен жайы бойынша 2024 жылдың  15 қыркүйегіне дейін болып бекітілген.

Бүгінде Активтер мен міндеттемелер туралы декларациясы (250.00 нысанды) «кіру» ұсыну қарқыны – орташа. Ал Кірістер мен мүлік туралы декларациясын ұсыну қарқыны – жақсы деп бағалауға болады, - деп мәлімдеді Мемлекеттік кірістер комитеті.

Декларация

2021 жылы Декларацияның бірінші кезеңі бойынша 580 мыңға жуық мемлекеттік қызметкерлер және оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырды.

2023 жылы Декларацияның екінші кезеңінде мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың шамамен 2,1 млн қызметкері, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырды.

2024 жылы Декларацияның үшінші кезеңінде шамамен 2,4 млн жеке тұлға тапсыруы тиіс. Олар: бейрезиденттер, коммерциялық емес ұйымдардың құрылтайшыларын (қатысушыларын) қоспағанда,  заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары.

Декларацияның бесінші кезеңі 2025 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Онда азаматтардың қалған санаттары табыс етеді. Мәселен, жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және басқалары. 

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, жалпы 7,9 млн жеке тұлға қамтылады деп жоспарлануда. Жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне шамамен 13 млн адам енеді деп күтілуде.

 

Декларация тапсырмағандарға қандай шара қолданады?

ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне сәйкес Декларацияны уақытылы ұсынбағаны үшін:

Алғашқы рет - ескерту (ҚР ӘҚБтК 272-бабының 1-тармағы);

Бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін - 55 380 теңге (15 АЕК) мөлшерінде айыппұл (ҚР ӘҚБтК 272-бабының 2-тармағы).

Декларацияда толық емес, анық емес мәліметтерді ұсынғаны үшін:

Алғашқы рет - ескерту (ҚР ӘҚБтК 272-бабының 2-1-тармағы);

Бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін -11 076 теңге (3 АЕК) мөлшерінде айыппұл (ҚР ӘҚБтК 272-бабының 2-2-тармағы).

Декларацияны қалай тапсыруға болады?

Мемлекеттік кірістер комитеті El.kz  ақпарат агенттігінің «Декларация тапсыру барысында қандай да бір ақаулар болмады ма?» деген сауалына жауап берді.

Жеке тұлғалар электронды түрде декларация ұсыну барысында техникалық ақаулықтар орын алып жатқан жоқ. Бүгінгі таңда азаматтардың                       99 % - ы декларацияларды электронды түрде ұсынады. Декларация ұсыну кезінде азаматтардың негізгі сұрақтары декларацияны толтыру ерекшелігіне байланысты туындайды. Осыған орай, Салық органдары тарапынан декларациялау бойынша үздіксіз түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Декларацияны қалай толтыру керектігі жөнінде егжей-тегжейлі түсіндірілген видеонұсқаулықтар Комитеттің ресми сайтында сонымен қатар әлеуметтік желі парақшаларында орналастырылған, - деп жауап берді Мемлекеттік кірістер комитеті.

Декларацияны электронды түрде МКК-нің web-порталы салық төлеушінің кабинеті (cabinet.salyk.kz), веб-портал, «Электрондық үкімет» порталы (egov.kz)  Moldir.qoldau.kz, және -Salyq Azamat, eGov mobile, HALYK, ЦентрКредитБанк, Kaspi.kz мобильді қосымшалары арқылы табыстауға болады. Бұл ретте ЭЦҚ кілті қажеті жоқ, смс-код арқылы табыстауға болады.

Сондай-ақ азаматтар декларацияны келу тәртібімен және почта арқылы қағаз жеткізгіште табыстау алады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға