Ақорда

Defect AI: Қазақстандықтар ойлап тапқан жасанды интеллект медицинаға тың жаңалық әкелді

07.10.2025 16:42

Медицина мен жасанды интеллект түйіскен сәтте қазақстандық стартап тың серпін әкелді. Digital Bridge 2025 форумында Мемлекет басшысына таныстырылған  Nazarbayev University жобасы Defect AI платформасы - дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, құжаттағы қателіктерді жасанды интеллект арқылы табатын бірегей жоба. Стартап авторы Қуаныш Идрисовтың айтуынша, жүйе бар болғаны 5-10 секундта медициналық құжаттарды талдап, кеңес ұсына алады. Бұл - уақыт үнемдеу мен пациент қауіпсіздігін арттыру бағытындағы маңызды қадам.

El.kz: Қуаныш мырза, Defect AI жобасы қалай пайда болды? Бұл идея денсаулық сақтау жүйесіндегі нақты мәселені шешуге бағытталған ба, әлде жасанды интеллектті әлеуметтік маңызды салаға енгізу мақсаты ма еді?

Қуаныш Идрисов: Мен Сингапурда орналасқан, Азия мен Африканың 50-ден астам елінде жұмыс істейтін медициналық стартаптың даму бөліміне жетекшілік еттім. Кейін мені бірнеше клиникадағы жобаларға кеңесші ретінде шақырды. Сол кезде дәрігерлермен бірге талдау жүргізіп, зерттеу нәтижесінде мынадай маңызды мәселені анықтадық: медицина қызметкерлерінің көп уақыты қайталанатын әкімшілік және техникалық жұмыстарға кетеді. Бұл өз кезегінде олардың кәсіби күйзеліске ұшырауына әкеліп соғады.

Сол сәтте біз осы проблеманы шешудің жолы ретінде жасанды интеллектке негізделген шешім әзірлеу идеясын ұсындық. Nazarbayev University жобасы Defect AI дәл осы қажеттіліктен туындады. Дәрігерлердің уақытын үнемдеп, олардың негізгі миссиясы – науқастарға көмектесуге көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік беру.

El.kz: Сіздің медициналық аудитті жасанды интеллект арқылы дамытуға бет бұруыңызға не түрткі болды? 

Қуаныш Идрисов: Соңғы үш жылда мен халықаралық медициналық жобаларда жұмыс істеп келемін және бұл саладағы цифрландыру деңгейін жақсы білемін. Осы уақыт ішінде мен дәрігерлердің күнделікті қандай қиындықтарға тап болатынын өз көзіммен көрдім. Әсіресе әкемнің емделу процесі кезінде медицина қызметкерлерінің жүктемесін, олардың артық қағазбастылық пен жүйелік қиындықтардан шаршағанын айқын сезіндім.

Сонымен қатар менің туған әпкем - ЛОР-дәрігер. Ол да күн сайынғы жұмыс барысында кездесетін әкімшілік және эмоционалдық ауыртпалықтарды жиі айтып отырады. Осы бақылаулар мен жеке тәжірибелер мені осы бағытқа алып келді. Осылайша дәрігерлердің артық стресін азайтып, олардың негізгі міндетіне, яғни пациентке сапалы көмек көрсетуге көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік бергім келді.

El.kz: Сіздің жобаңыздың басты философиясы неде? Бұл дәрігерлерге арналған құрал ма, цифрлық реформаның бастауы ма, әлде медицина қауіпсіздігін арттыруға бағытталған қадам ба?

Қуаныш Идрисов: Біздің команда бұл жобаны үлкен өзгерістердің бастамасы деп санайды. Біз бүкіл жүйені бір сәтте өзгерту мүмкін емес екенін білеміз. Бірақ нақты мәселелерді шешіп, жүйедегі «ауыр тұстарға» бағытталған кішігірім, бірақ дәл қадамдар жасау арқылы денсаулық сақтау саласын біртіндеп жақсартуға болады.

Defect AI - бұл дәрігерлерге көмек көрсететін құрал ғана емес, сонымен қатар медициналық процестердің тиімділігін арттыруға және медицинадағы адами қателіктерді азайтуға бағытталған сандық эволюцияның бөлігі.

Фото: Қуаныш Идрисовтің жеке мұрағаты

El.kz: Неліктен жобаңыз “Defect AI” деп аталады? Бұл атау қателіктерді анықтау идеясын білдіре ме, әлде тереңірек символикалық мәні бар ма?

Қуаныш Идрисов: Біз жобаны осылай атадық, себебі бұл атау біздің мақсатымызды дәрігерлер мен медициналық ұйымдардың әкімшілігіне бірден түсінікті етеді. “Defect AI” - атаудың өзінен-ақ біздің миссиямыз айқын көрінеді: біз жасанды интеллект көмегімен медициналық құжаттар мен процестердегі кемшіліктерді, қателіктер мен сәйкессіздіктерді анықтаймыз. Яғни, бұл тек “қате іздеу” емес - медицина сапасын арттыру, жүйелік дәлдік пен сенімділікті қамтамасыз ету жолындағы құрал.

El.kz: Defect AI жүйесі нақты қалай жұмыс істейді? Процесті толығырақ сипаттап өтсеңіз...

Қуаныш Идрисов: Біздің команда ең заманауи технологияларды қолдану арқылы жасанды интеллектті медицина саласына қауіпсіз әрі тиімді енгізуге баса назар аударады. Біз жобаға Stanford, Microsoft, Meta (Facebook), Google секілді Big Tech компанияларында тәжірибе жинаған қазақстандық мамандарды біріктіре алғанымызды мақтан тұтамыз.

Defect AI жұмысының негізгі кезеңдері төмендегідей:

  • Деректерді қорғау және деперсонализация: барлық медициналық жазбалар клиент жағында шифрланып, анонимделеді. Яғни біз ешқашан жеке немесе құпия деректерді қабылдамаймыз және өңдемейміз. Бұл - жүйенің басты қағидаты.
  • Жасанды интеллект арқылы талдау: ЖИ модельдері құжаттар мен медициналық есептерді автоматты түрде сараптап, құрылымдық және мазмұндық сәйкессіздіктерді анықтайды - яғни, қателер мен “дефектілерді” табады.
  • Интерактивті интерфейс: дәрігерлер мен әкімшілік қызметкерлер үшін ыңғайлы, түсінікті платформа жасалған. Онда ЖИ талдау нәтижелері мен ұсыныстар автоматты түрде есеп түрінде көрсетіледі, бұл мамандарға түзетулер енгізуді жеңілдетеді.

Осылайша Defect AI - медициналық құжат айналымындағы сапаны арттырып, дәрігерлердің уақытын үнемдеуге және адами фактордан туындайтын қателіктерді азайтуға бағытталған интеллектуалды экожүйе.

El.kz: Бұл жүйе қандай медициналық деректермен жұмыс істейді және пациенттердің құпия ақпараттарының қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі?

Қуаныш Идрисов: Біздің платформа клиникалардағы көрсетілген медициналық қызметтер туралы есептермен жұмыс істейді және дәрігер-сарапшыларға арналған интеллектуалды көмекші ретінде қызмет атқарады. Яғни, Defect AI дәрігерлердің шешім қабылдау процесін жеңілдетіп, медициналық құжаттамадағы сәйкессіздіктерді анықтауға бағытталған.

Құпиялылық мәселесіне біз ерекше мән береміз. Деректердің деперсонализация және шифрлау модулін біздің техникалық директорымыз - Жарасхан әзірледі. Ол бұған дейін Meta (Facebook) компаниясында жұмыс істеп, дәл сол жерде қолданылған ең жоғары деңгейдегі шифрлау әдістерін осы жобаға бейімдеді.

Жүйе былай жұмыс істейді:

  • Барлық деректер клиент жағында шифрланады, яғни бізге жеткенге дейін-ақ қорғалады.
  • Әр қолданушыға жеке бірегей шифрлау кілті беріледі. Бұл кілт тек сол қолданушыда ғана сақталады және ол арқылы деректерді шешуге тек сол адам ғана құқылы.
  • Платформаға деректер келген сәтте олар біздің тарапымыздан оқылмайтын күйде болады - бізде пациенттердің жеке ақпараттарына қол жеткізу мүмкіндігі жоқ.
  • Қолданушы дайын нәтижені алған кезде, жүйе автоматты түрде дешифрлауды тек сол қолданушының кілті мен сессиясы аясында жүзеге асырады.

Осы тәсіл арқылы ақпараттың толық құпиялығы мен деректердің қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта Defect AI халықаралық ISO 27001 ақпараттық қауіпсіздік стандарты бойынша аудиттен өтуде. Бұл сертификат біздің жүйенің еуропалық деңгейдегі деректерді қорғау талаптарына сай екенін растайды және алдағы уақытта шетелдік медициналық ұйымдармен серіктестік орнатуға мүмкіндік береді.

El.kz: Defect AI жүйесі диагноздар мен тағайындауларды Денсаулық сақтау министрлігінің клиникалық хаттамаларымен салыстырады. Ал хаттамалар мен нормативтердің ескіріп қалуы немесе сәйкес келмеуі мәселесін қалай шешесіздер?

Қуаныш Идрисов: Бұл - медициналық цифрландыру саласындағы ең маңызды және күрделі міндеттердің бірі. Біз өз жүйемізді үнемі өзекті ұстау үшін екі бағытта жұмыс істейміз:

Біріншіден, арнайы агенттік модульдеріміз бар - олар нормативтік-құқықтық актілер мен клиникалық хаттамалардағы кез келген жаңартуларды автоматты түрде бақылап, деректер базасын үнемі жаңартып отырады.

Екіншіден, біздің командада тәжірибелі дәрігер-сарапшылар бар. Олар ресми құжаттардағы өзгерістерді кәсіби тұрғыда талдап, жүйеге енгізілетін түзетулер бойынша нақты ұсынымдар береді.

Сонымен қатар, біз өз пайдаланушыларымызбен - яғни дәрігерлер мен клиникалармен - ашық және сенімді қарым-қатынас орнатқанбыз. Олар жүйенің жұмысын жақсартуға белсенді атсалысып, қателіктер мен сәйкессіздіктер туралы нақты кері байланыс береді. Осы ынтымақтастықтың арқасында біз Defect AI-дың дәлдігін және нормативтік сәйкестігін үнемі арттырып келеміз.

Біздің басты қағидатымыз - тыңдау және есту. Біз тек технология жасап жатқан жоқпыз, біз оны шынайы медицина мамандарының тәжірибесіне сүйене отырып жетілдіреміз.

Фото: Қуаныш Идрисовтің жеке мұрағаты

El.kz: Бүгінде алгоритмнің дәлдігі қандай деңгейде және оны қаншалықты жиі қайта оқыту қажет? Сіздерде жеке деректер базасы бар ма, әлде жүйе тікелей госпитальдық платформалармен біріктіріле ме?

Қуаныш Идрисов: Біз өз технологиямыздың мүмкіндігін асыра бағаламаймыз және қолданушыларға 100 пайыздық дәлдік уәде етпейміз. Дегенмен, Defect AI шешімін іске қоспай тұрып, біз бірнеше клиникада ұзақ мерзімді сынақтар өткіздік. Сол кезеңде алгоритмді үздіксіз жетілдіріп, нақты медициналық жағдайлармен жұмыс істей отырып, нәтижесінде қателіктер деңгейін 80–90 пайызға дейін азайта алдық. Бұл көрсеткіштер біз үшін маңызды межеге айналды - сол сәттен бастап жобаны басқа медициналық ұйымдарға да ұсынуға мүмкіндік туды.

Біздің жүйе толықтай интеграциялануға икемді: ол клиникалардың қолданыстағы ақпараттық платформаларымен API арқылы байланыса алады және деректерді нақты уақыт режимінде талдайды.

Сондай-ақ бізде жеке тесттік және оқу деректер базасы бар, онда алгоритм үнемі жетілдіріліп, жаңа үлгілермен оқытылып отырады. Ал ЖИ-ді қайта оқыту жиілігі - клиникалық хаттамалар мен медициналық стандарттардың жаңару жылдамдығына байланысты. Яғни Defect AI - бұл бір рет жасалып, тоқтап қалатын жүйе емес, үздіксіз дамып, тәжірибеден үйренетін тірі интеллектуалды механизм.

El.kz: Defect AI қателіктерді анықтап қана қоймай, дәрігерге шешім қабылдауға, дұрыс ем тәсілін таңдауға көмектесе ала ма?

Қуаныш Идрисов: Біздің жүйе емдеу немесе диагноз қою құралы емес. Мұндай функциялар мүлде басқа санатқа жатады және медициналық сертификаттаудың арнайы деңгейін талап етеді.

Defect AI - бұл ең алдымен көрсетілген медициналық қызметтердің сапасын бақылауға арналған интеллектуалды мониторинг жүйесі. Ол дәрігердің қабылдаған шешімін талдамайды, бірақ құжаттардағы сәйкессіздіктерді, логикалық немесе рәсімдік қателіктерді анықтап, медициналық процестің сапасын жақсартуға көмектеседі. Яғни, біз диагноз қоймаймыз, біз дәрігердің шешімін неғұрлым сенімді және дәл құжаттауға мүмкіндік береміз.

El.kz: Қазіргі таңда Defect AI Алматы мен Астанадағы сегіз клиникада қолданылады. Осы уақыт ішінде жүйе қандай нақты нәтижелер көрсетті?

Қуаныш Идрисов: Бүгінде біз халықаралық 500 Global акселераторына қатысып жатырмыз және АҚШ-тағы Нью-Йорк пен Сан-Франциско қалаларындағы клиникалармен пилоттық жобаларды бастау туралы келіссөздер жүргізудеміз. Осы халықаралық әріптестіктерге дайындық барысында біз Қазақстандағы клиникаларда жинақталған тәжірибемізді талдап, нақты нәтижелерді бағаладық.

Сол талдаулар көрсеткендей, Defect AI енгізілген клиникаларда құжаттамадағы қателіктер саны орта есеппен алты есеге азайған. Бұған қоса, дәрігерлер мен сарапшылардың құжаттардағы сәйкессіздіктерді анықтауға жұмсайтын уақыты 6–8 сағаттан небәрі 5–10 минутқа дейін қысқарды.

Бұл көрсеткіштер біздің басты мақсатымызды айқын дәлелдейді - дәрігерлердің уақытын үнемдеу, қателіктерді азайту және медициналық сапаны арттыру. Осы табысты нәтижелердің арқасында біз қазақстандық тәжірибені енді халықаралық деңгейде көрсетуге дайынбыз.

El.kz: Сіз жүйе енгізілгеннен кейін айыппұлдар саны алты есеге азайғанын айттыңыз. Нақты мысалдар келтіре аласыз ба - Defect AI көбіне қандай қателіктердің алдын алады?

Қуаныш Идрисов: Біздің жүйе ең алдымен клиникалардағы қызмет сапасына жауапты мамандарға дәрігерлер тарапынан құжат толтыру кезінде кеткен қателіктерді нақты көрсетіп береді. Бұл дәрігерлерге де, әкімшілікке де өз жұмысын түзетуге мүмкіндік береді.

Ең жиі кездесетін қателіктердің бірі - қызмет кодтарын дұрыс енгізбеу. Мысалы, дәрігер пациенттің қабылдау себебіне сәйкес келмейтін кодты таңдап қояды немесе кейде мүлде енгізуді ұмытып кетеді. Бұл ұсақ көрінгенімен, есеп пен сақтандыру жүйелерінде үлкен сәйкессіздік тудырып, клиниканың айыппұл алуына немесе төлем кешігуіне себеп болады.

Defect AI осындай ұсақ, бірақ маңызды техникалық қателіктерді автоматты түрде анықтап, маманға нақты ескерту жібереді. Соның арқасында клиникалар артық шығыннан және тексеріс кезінде болатын әкімшілік айыптардан құтылып отыр.

Фото: Қуаныш Идрисовтің жеке мұрағаты

El.kz: Дәрігерлер жасанды интеллект негізіндегі аудит жүйесін қалай қабылдады? Бастапқыда сенімсіздік немесе «машина тексереді» деген қорқыныш болды ма, әлде керісінше - қызығушылық пен қолдау білдірді ме?

Қуаныш Идрисов: Біздің тәжірибеміз көрсеткендей, дәрігерлер Defect AI жүйесін өте жақсы қабылдады. Көпшілігі IT мамандардың жұмысын түсініп, технологияның шын мәнінде олардың өмірін жеңілдете алатынын сезінеді.

Бастапқыда аздаған күмән болғанымен, алғашқы нәтижелерден кейін көзқарас түбегейлі өзгерді - жүйе олардың жұмысын бақылау үшін емес, керісінше, артық бюрократия мен техникалық қателіктерден қорғау үшін енгізілгенін түсінді.

Қазір дәрігерлер Defect AI-ды өздерінің көмекшісі ретінде қабылдайды. Олар жүйеге сеніммен қарап, бізге жиі кері байланыс береді, жаңа идеялар ұсынады. Бұл өзара ынтымақтастықтың арқасында біз шешімді шынайы медицина тәжірибесіне барынша бейімдеп келеміз.

El.kz: Жүйе пациент немесе клиника үшін ауыр зардаптардың алдын алған нақты жағдайлар болды ма?

Қуаныш Идрисов: Иә, мұндай мысалдар бар - және олар біздің шешімнің нақты құндылығын айқын көрсетеді. Медициналық құжаттамада уақытында анықталмаған қателіктер клиникалар үшін қаржылық айыппұлдарға, сақтандыру төлемдерінің кешігуіне немесе ең бастысы - медициналық көмектің сапасына әсер ететін салдарға алып келуі мүмкін.

Defect AI осындай жағдайлардың алдын алуға көмектеседі. Біз ұсынған әрбір ескерту немесе табылған сәйкессіздік - бұл болашақтағы ықтимал қатердің алдын алу. Кейбір клиникаларда біздің жүйе арқылы анықталған ұсақ сәйкессіздіктер кейін үлкен заңды немесе қаржылық проблемаларға айналуы мүмкін еді, бірақ уақытылы түзетудің арқасында ол қауіптер болдырылмады.

Біз әр табылған қатені тек “қателік” деп емес, үйрену мүмкіндігі деп қабылдаймыз. Мақсатымыз - клиникалар мен дәрігерлердің тәжірибесін жетілдіріп, мұндай жағдайлардың қайталанбауына көмектесу.

El.kz: Digital Bridge 2025 форумында Defect AI жобасы Президенттің цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асырудың жарқын үлгісінің бірі ретінде аталды. Сіздің ойыңызша, қазақстандық денсаулық сақтау саласы мұндай деңгейдегі технологияларды енгізуге қаншалықты дайын?

Қуаныш Идрисов: Біз қазір АҚШ-тағы ең дамыған нарықтарда - Нью-Йорк пен Сан-Францискода - пилоттық жобаларды іске қосу үстіндеміз. Бұл елдерде медициналық технологиялар мен жасанды интеллект ең жоғары деңгейде қолданылады, сондықтан біз озық тәжірибелерді өз көзімізбен көріп, үйреніп жатырмыз.

Осы салыстыру арқылы байқаймыз: Қазақстанда үлкен әлеует бар, бірақ әлі де жүйелік тұрғыдан инфрақұрылымдық және нормативтік дайындық қажет. Дегенмен, ең бастысы - бізде жас, креативті және технологияны қабылдауға дайын мамандар бар.

Сондықтан біз өзіміздің миссиямызды қарапайым көреміз: Defect AI - АҚШ-тағы үздік тәжірибелер мен Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін жалғайтын көпір. Біз әлемдік деңгейдегі технологияларды жергілікті контекске бейімдеп, отандық медицинаның сапасын жаңа деңгейге көтергіміз келеді.

El.kz: Сіздің ойыңызша, қазір медицинаны цифрландырудағы негізгі қиындық неде? Бұл - техникалық база ма, мамандар даярлығы ма, әлде заңнамалық реттеу ме?

Қуаныш Идрисов: Менің ойымша, бұл салада нақты бір аясы тар мәселе жоқ. Қазір Қазақстанда шынымен де көптеген жақсы бастамалар мен инновациялық жобалар қолға алынып жатыр. Бірақ медицина - ерекше бағыт. Мұнда технологияны енгізу стартаптардағыдай жылдам әрі еркін жүруі мүмкін емес, себебі бұл жерде ең бастысы - адамның денсаулығы мен өмірі.

Сондықтан біз асығыстыққа жол бермей, әрбір шешімді мұқият сынап, кәсіби жауапкершілікпен енгізуіміз керек.

Defect AI өз миссиясын жүйені түбегейлі өзгертетін құрал ретінде емес, медицинаны қауіпсіз әрі сапалы цифрландыруға қолдау көрсететін серіктес ретінде көреді. Біздің мақсат - технологияны адамдарға қызмет ететін, сенімді және жауапты деңгейде дамыту.

El.kz: Defect AI жүйесін аймақтық ауруханалар мен емханаларға, әсіресе ауылдық жерлерге кеңейтуді жоспарлап отырсыздар ма? Бұл бағытта қандай кедергілер бар?

Қуаныш Идрисов: Шын мәнінде, айтарлықтай кедергілер жоқ. Қазірдің өзінде біздің жүйені бірқатар өңірлік ауруханалар мен емханалар қолданып отыр. Яғни Defect AI тек ірі қалалармен шектелмей, аймақтардағы медициналық мекемелерге де бейімделе алады.

Біз үнемі инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді ескереміз, өйткені тұрақты интернет - мұндай технологиялардың негізгі шарты. Сондықтан Қазақстанда Starlink жүйесінің іске қосылуы ауылдық және аудандық ауруханалар үшін үлкен мүмкіндік болады деп сенемін. Бұл жағдай Defect AI сияқты жасанды интеллект шешімдерін шалғай өңірлерге де толыққанды енгізуге жол ашады.

Біздің мақсат - технологиялық теңсіздікті азайту, яғни инновация тек мегаполистердің артықшылығы емес, елдің кез келген түкпіріндегі дәрігерлер мен пациенттер үшін де қолжетімді болуы керек.

El.kz: Сіздің жобаңыз медицинада жаңа жауапкершілік мәдениетін қалыптастырып жатыр деуге бола ма - яғни дәрігер мен жасанды интеллект пациент игілігі үшін бірлесе жұмыс істейтін кезең басталды ма?

Қуаныш Идрисов: Иә, біз дәл солай боларына сенеміз. Defect AI жобаcының басты мақсаты - дәрігерді алмастыру емес, керісінше оның жұмысын жеңілдетіп, тиімділігін арттыру. Біз жасанды интеллектті дәрігердің сенімді көмекшісі ретінде қарастырамыз.

Жасанды интеллект деректерді талдап, қателіктерді көрсетеді, процестерді жылдамдатады. Алайда соңғы шешім мен толық жауапкершілік әрқашан дәрігердің мойнында қалады.

Біз бұл серіктестікті адам мен технология арасындағы бәсеке емес, ынтымақтастық пен өзара толықтыру деп түсінеміз. Өйткені медицинада ең басты құндылық - пациенттің өмірі мен денсаулығы. Ал жасанды интеллект - осы жауапкершілікті сапалы атқаруға көмектесетін сенімді серіктес.

El.kz: Алдағы жылдары Defect AI жүйесіне қандай жаңа мүмкіндіктер қосуды жоспарлап отырсыздар? Мысалы, кескіндерді тану, рентген суреттерін талдау немесе ауруларды алдын ала болжау сияқты бағыттар бар ма?

Қуаныш Идрисов: Біз мұндай идеяларды қолдаймыз, бірақ әр салада терең мамандану мен сапа бірінші орында тұруы керек деп санаймыз. Қазір әлемде ауруларды анықтау мен бейнелерді (рентген, МРТ, КТ) талдауға бағытталған өте мықты стартаптар бар. Егер олардың шешімдері клиникалық тұрғыдан дәлелденіп, тиісті сертификаттарға ие болса, біз олармен интеграция және серіктестік орнату жолын таңдар едік.

Өйткені медицинада бәрін бір жүйеге сыйдыру - тиімді жол емес. Әр бағыттың өз ерекшелігі мен жауапкершілік деңгейі бар. Сондықтан біз өзіміздің фокусымызды нақты ұстаймыз - Defect AI медициналық құжаттардың сапасын, сәйкестігін және қауіпсіздігін қамтамасыз ететін интеллектуалды аудит жүйесі ретінде өз саласында ең жоғары нәтижеге жетуді мақсат етеді.

El.kz: Defect AI командасы қалай қалыптасты? Бұл жобаның артында кімдер тұр - әзірлеушілер ме, дәрігерлер ме, әлде талдаушылар мен инженерлер ме?

Қуаныш Идрисов: Біздің команда - түрлі саланың үздік мамандарынан құралған халықаралық деңгейдегі топ. Негізгі құрамына Microsoft, Meta, Google, Wolt сияқты жетекші технологиялық компанияларда жұмыс істеген тәжірибелі әзірлеушілер кіреді.

Сонымен қатар бізбен бірге АҚШ пен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде тәжірибе жинаған жоғары білікті дәрігер-сарапшылар жұмыс істейді. Олар медициналық стандарттар мен клиникалық хаттамаларды халықаралық деңгейде жетік біледі және жүйенің дәлдігі мен сенімділігін қамтамасыз етеді.

Қазіргі уақытта біз Stanford Medicine - АҚШ-тағы ең беделді академиялық медициналық орталықтардың бірімен серіктестік орнатып, сол жерден профессорды сарапшы ретінде тарту үстіндеміз.

Осылайша Defect AI - тек технологиялық өнім емес, ол инженерлердің, дәрігерлердің және ғалымдардың бірлескен еңбегі, яғни жасанды интеллект пен медициналық тәжірибенің тоғысқан нүктесі.

El.kz: Жобаны жүзеге асыру барысында қандай қиындықтар кездесті? Мысалы, жүйелік қарсылық, бюрократия немесе инвесторлардың сенімсіздігі болды ма?

Қуаныш Идрисов: Иә, мұндай сәттер болды. Әсіресе бастапқы кезеңде кейбір ұйымдар мен мамандар деректердің құпиялығы мен қауіпсіздігіне алаңдады, бұл - медициналық салада өте түсінікті және заңды реакция. Сондай-ақ жаңа технологияларға қатысты табиғи сақтық пен сенімсіздік те байқалды.

Бірақ біз мұны кедергі емес, даму жолындағы міндетті кезең деп қабылдадық. Себебі біз - дәрігерлердің күнделікті жұмысына жасанды интеллектті енгізіп жатқан алғашқы командалардың біріміз.

Сондықтан біз ашық коммуникацияны таңдадық: вебинарлар өткіземіз, оқыту бағдарламаларын ұйымдастырамыз, нақты клиникалардың тәжірибесін көрсетеміз. Сол арқылы әріптестеріміз Defect AI жүйесінің қалай жұмыс істейтінін, деректердің қалай қорғалатынын және қандай нақты нәтиже беретінін өз көздерімен көреді.

Уақыт өте келе сенім қалыптасып, қазір көптеген клиникалар біздің шешімімізді сенімді және қауіпсіз құрал ретінде қабылдай бастады.

El.kz: Defect AI өз тиімділігін дәлелдеді. Ал жобаны Қазақстаннан тыс, мысалы, Орталық Азия немесе Таяу Шығыс нарығына шығару жоспары бар ма?

Қуаныш Идрисов: Иә, қазіргі таңда біздің басты бағыттарымыздың бірі - АҚШ нарығына шығу. Қазір біз бірнеше клиникамен пилоттық жобалар жүргізуге дайындық үстіндеміз. Бұл үшін HIPAA және SOC-2 сияқты халықаралық деңгейдегі деректер қауіпсіздігі мен сәйкестік стандарттары бойынша сертификаттау және комплаенс процесі жүріп жатыр.

Бұдан бөлек, біз Stanford Medicine медициналық орталығынан профессорларды кеңесші және ментор ретінде тартудамыз. Бұл әріптестік бізге АҚШ-тағы ең жоғары стандарттарға сай болуға және әлемдік тәжірибені өз жүйемізге енгізуге мүмкіндік береді.

Болашақта Defect AI тек Қазақстанмен шектелмей, Орталық Азия және Таяу Шығыс өңірлеріне шығуды да жоспарлап отыр. Себебі медициналық аудит пен сапаны бақылау мәселесі - жаһандық өзектілікке ие, ал біздің технология бұл бағытта нақты шешім ұсына алады.

El.kz: Егер қысқаша айтсақ: сіз үшін Defect AI нені білдіреді? Бұл жай ғана стартап па, әлеуметтік миссия ма, әлде тұтас медицинаны қайта ойлаудың жолы ма?

Қуаныш Идрисов: Мен үшін Defect AI - осының бәрі бір жерде тоғысқан жоба. Бұл - әрі технологиялық стартап, әрі әлеуметтік маңызы зор бастама, әрі медицинаның болашағына жаңа көзқарас қалыптастыратын қадам.

Біз үшін жобаның табысы - тек бизнес көрсеткіші емес. Ол дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, олардың өмір сапасын арттырып, пациенттерге көрсетілетін қызметтің сапасын жақсартумен өлшенеді.

Қазақстандағы медицинада әлі де қолдау қажет тұстар көп, ал біз сол саланың ішінде нақты көмек көрсете алатынымызды білеміз. Сондықтан біздің миссиямыз - елдің денсаулық сақтау жүйесіне озық және дәлелденген технологияларды енгізіп, Қазақстанды медициналық инновациялар бойынша аймақтық үлгіге айналдыру.

Болашақта біз шетелден мамандарды немесе емделушілерді іздемей, керісінше басқа елдердің азаматтары Қазақстанға медициналық көмек пен тәжірибе алу үшін келетін деңгейге жетуді қалаймыз. Осы мақсат - Defect AI-дың шынайы мәні.

El.kz: Сіздің ойыңызша, Defect AI сияқты шешімдердің арқасында Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі 5–10 жылдан кейін қандай болмақ?

Қуаныш Идрисов: Менің үмітім - алдағы 5–10 жылда Қазақстанның денсаулық сақтау саласы нақты, тиімді және технологиялық тұрғыдан дамыған жүйеге айналады. Онда дәрігерлер өз уақытын қағазбастылық пен әкімшілік жұмыстарға емес, нақты емдеу процесіне және пациентке назар аударуға жұмсайды.

Ал жасанды интеллект пен цифрлық құралдар олардың сенімді серіктесіне айналып, барлық рутиналық және бюрократиялық міндеттерді автоматты түрде орындайтын деңгейге жетеді. Сол кезде медицина шын мәнінде адамға бағытталған, деректерге негізделген және тұрақты дамитын салаға айналады. Менің ойымша, дәл осындай жүйе - Қазақстанның болашақ медицинасының бейнесі.