©Pixabay.com

Deezer: Жүктелген музыканың 28%-ы ЖИ көмегімен жасалған

Францияның Deezer деп аталатын музыкалық стримингтік сервисінің мәліметінше, бүгінде күніне платформаға жасанды интеллект көмегімен жасалған 30 мыңға жуық трек жүктелуде. Бұл – сәуір айымен салыстырғанда 10%-ға артық, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Компанияның мәліметінше, платформаның жалпы жүктемесінің 28%-ын толықтай жасанды интеллект дайындаған музыка құрап отыр. Бұл – күніне 30 мың AI-трек деген сөз.

Жаңа есепте Deezer жылдың басында арнайы құрал енгізгенін мәлімдеді. Ол жасанды интеллект қолданылған кез келген әнді белгілеп отырады. Маусым айынан бері бұл жүйе жұмыс істеп тұр. Құжатқа сәйкес, дәл осындай статистиканы жүргізетін жалғыз стримингтік платформа – Deezer.

Айта кетсек, ақпан айында сервиске тәулігіне 10 мыңға жуық AI-трек жүктелетіні айтылған еді. Ал соңғы деректерге сүйенсек, бұл көрсеткіш 18%-ға артқан.

Deezer-дің бас директоры Алексис Лантернье былай деді:

Жасанды интеллектпен жасалған музыка қазір музыкалық стримингке күн сайын жүктелетін тректердің елеулі бөлігін құрап отыр. Біз тыңдарманымызды алдағымыз келмейді. 

Оның айтуынша, компания толықтай AI арқылы жасалған контентті алгоритмдік ұсыныстардан және редакциялық плейлисттерден алып тастайды. Бұл роялти қорының әділ бөлінуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ пайдаланушы тәжірибесін ашық етуге бағытталған. Сонымен бірге Deezer жасанды интеллект көмегімен дайындалған жалған контент арқылы жасалатын алаяқтыққа қарсы күресті жалғастыруда.

Бұған дейін Spotify сияқты бәсекелестер жасанды интеллект туындыларын өз платформасында орналастырғаны үшін сынға қалып еді. Мысалы, AI-генерацияланған The Velvet Sundown тобы небәрі бір айдың ішінде Spotify-да 400 мыңнан астам айлық тыңдарман жинаған.

Сонымен бірге былтыр желтоқсанда жарияланған тағы бір зерттеу бойынша, егер мемлекет тарапынан бақылау болмаса, 2028 жылға қарай музыканттар табысының шамамен 25%-ын жоғалтуы мүмкін. Бұл сома 4 млрд еуроға дейін жетуі ықтимал. Мұндай болжамды Авторлар мен композиторлардың халықаралық конфедерациясы (CISAC) жүргізген жасанды интеллекттің адам шығармашылығына ықпалы туралы алғашқы жаһандық экономикалық зерттеу нәтижесінде жариялаған.